Өркениет өріне құлаш ұрып отырған елімізде салауаттылық өмір салтын қалыптастыру - басты мәселе.
Ал, салауатты өмірдің спорттан бастау алатыны баршаға мәлім.Спорттың қоғамымызда алар орны ерекше.
Жуырда Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абат Қабенов аудандық спорт мектебінің тәрбиеленушілерін қол жеткен жетістіктерімен құттықтады.
Футболдан Махамбет ауданы құрама командасының мүшелері, Семей, Ақтау қалаларында өткен республикалық жарыстардың 2 орын иегерлері, облыстық жарыстардың чемпиондары, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің футбол бөлімшесінің 2020 жылғы түлектерін және сонымен қатар Махамбет құрама командасы мүшелері, түрлі республикалық, облыстық сайыстарда намысты қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көріне білген спорт мектебінің тоғызқұмалақ бөлімшесінің 2020 жылғы түлектерін де марапаттады.
Оның ішінде «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер» спорттық атағы берілген спортшыларымыз Аяна Ержан, Ерболат Бауыржанұлы, Айдина Есенжан «Алғыс хатпен» ұлығыланды.
- Аудандық спорт мектебінде жалпы саны 56 бала тәрбиеленуде. Жарыстарда жақсы нәтижелерін де көрсетіп жүр. Жас спортшыларға табыстар мен жаңа жетістіктер тілеймін. Жалпы тоғызқұмалаққа әлі де көңіл бөлініп, қолдау жасалса, алға қарай спорттық шыңдардың биігін бағындырып, мықтылар қатарынан көрінетініне сенімім мол, - дейді тоғызқұмалақ бөлімінің жаттықтырушысы Гүлжан Маженова.
К.САПАР