Басты мақсат – жастардың шеберлігін шыңдау және шетел боксшыларымен тәжірбие алмасу.
Атырау қаласында 2005- 2006 жылғы ұлдар және 2004-2005 жылғы қыздар арасында КСРО спорт шебері Қамбар Андашевті еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті. Бес күнге созылған бокс бәсекесінде Кувейт, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 100-ге жуық спортшы бақ сынады. Облыстық бокс федерациясы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған турнир алғаш рет халықаралық деңгейде өткізілді.
– Бұл турнир жыл сайын республикалық деңгейде өткізіліп келсе, биыл халықаралық деңгейге көтерілді. Оған еліміздің ең мықты деген боксшылары қатысты. Үздік атанғандарды ұлттық құрама бапкері іріктейтін болады. Басты мақсат – жастардың шеберлігін шыңдау және шетел боксшыларымен тәжірбие алмасу,- деді облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Батырхан Калыков.
Қамбар Сағынұлы 1957 жылы Махамбет ауданында дүниеге келген. Бала күнінен спортқа жаны жақын болған ол Алматы мемлекеттік дене тәрбиесі және спорт институтына оқуға түсіп, 1979 жылы қызыл дипломмен бітіреді. Еңбек жолын Махамбет ауылындағы балалар-жасөспiрiмдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастаған. 1980-2000 жылдар аралығында жаттықтырушы, мектеп директорының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2000-2001 жылы аудандық туризм және спорт бөлімінің бастығы болып еңбек етті.
Өңірде 16-шы мәрте өткізіліп отырған турнирге қатысқан Махамбет ауданының үш өрені облыс құрамасымен бірге жарыс жолына шықты. Талай жылдан бері былғары қолғап шеберлерін дайындап келе жатқан Қалмұрат Торбаев, Жәнібек Қапуанов және Мейірлан Қайроштардың еңбегі ақталды. Атап айтқанда, 46 келі салмақ дәрежесінде Айдын Талғатов пен 90 келіден жоғары салмақта Мейіржан Ибатуллин финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, тек ақтық сында ғана қарсыластарына жол берді. Осылайша, қос боксшымыз күміспен күптелді. Ал алғашқы кездесуінде-ақ жарыс жолынан шығып қалған Альберт Гуртовой «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен марапатталды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ