«Нұр-Сұлтан қаласында параспортшылар арасында өтіп жатқан Қазақстан спартакиадасында атыраулық спортшылар жоғары дәрежеде өнер көрсетуде» деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Паракаратэден Атырау спортшылары командалық есепте 2 орынға табан тіреп, 2 алтын, 1 қола иемденді. Паратаеквондодан 3 алтын, 2 күміс иемденген Атырау спортшылары командалық есепте 1 орынға табан тіреді. Дзюдодан қанжығамызда 2 алтын, 2 күміс медаль бар. Осылайша, атыраулық парадзюдошылар командалық есепте 3 орын иемденді.
«Жеңіл атлетикадан атыраулық спортшылар 7 алтын, 14 күміс, 3 қола, паражүзуден 5 алтын, 1 күміс, 2 қола иемденді. Шахматтан 1 күміс медаль Атырау спортшысының қанжығасында. Қазіргі уақытта, параволейбол, паратеннис, параголбол түрлерінен жарыс жалғасуда. Және алдағы күндері атыраулық спортшылар пауэрлифтингтен де бақ сынасады. Қазақстан спартакиадасынан үздік шыққан спортшылар әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады» делінген Атырау облысы спорт басқармасы таратқан мәліметте.
Еске сала кетелік, 21 қыркүйекте басталған параспортшылар арасындағы Қазақстан спартакиадасы 5 қазанда аяқталады. Қазақстан спартакиадасына Атыраудан 79 параспортшы қатысуда.