Дзюдодан Атырау қаласы әкімінің кубогіне арналған 2006-2007 жылғы ұлдар арасындағы командалық турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Турнирге облыс палуандарымен қатар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының командалары да қатысты.
Жас палуандардың белдесуін тамашалауға Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев қатысты.
Жас өрендерге сәттілік тілеген Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев өңірде дзюдо күресі қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
" Облыста 20 мыңға тарта дзюдошы бар. Биыл Токио қаласында өткен паралимпиада ойындарында Әнуар Сариев, Дәулет Теміржан, Зарина Байбатина күміс медаль иеленіп, еліміздің, облыстың мерейін үстем етті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында осындай жарқын жетістіктерге жетіп жатқанымыз қуантады.
Халықтың әлеуетін көтеру бағытында да жасалып жатқан бірқатар істер жүзеге асуда. Қатысушыларға жетістік пен жеңіс тілеймін!” деді Қайрат Құлымұлы.
Турнир қорытындысы бойынша, ақтық сында Атырау қаласы №3 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы әкім кубогінің иегері атанды.