Ат спортының жанашыры қолдау күтеді

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз қажет» деген. Осы ретте, ұлттық ойындар да назардан тыс қалмай, өңірде ат спортына көңіл бөліне бастады.

Атырау қаласына қарасты 50 мектептен әлеуметтік жағдайы төмен 100 оқушының ат спорты және садақ ату үйірмесіне тегін қатысуына мүмкіндік беретін жаңа үйірме түрін ашуға бел буған жерлесіміз, ұлттық спорттың жанашыры, «Мирасқор» қоғамдық қорының жетекшісі Амандық Есқалимен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

- Амандық Бағытұлы, ат спорты клубын ашу идеясы ойыңызға қалай келді?

- 2010 жылы жұмыс барысымен Әбдікәрім Қошқаров деген құсбегі ағамызбен таныстым. Қыс айларында құсбегі ағаммен бірге атқа мініп, құс ұшырып қайтатынбыз. Содан бастап менің атқа, саятшылыққа деген махаббатым ояна бастады. Жылқыға деген махаббатымды оятып жіберген Әбдікәрім аға 2012 жылы Атыраудан Алматыға көшіп кетсе де, әр демалыс күндері атқа мінетін жерден табылатынмын. Кейін 2017 жылы Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицейіне жұмысқа орналастым. Түрлі ұлттық танымдық бағыттағы іс-шаралар легін лицей басшылығына ұсынып, ұйымдастыра бастадық. Сол ұсыныстарымның бірі лицей оқушыларының қатысуымен ат спорты клубын ашу болатын. Лицей әкімшілігі тарапынан қолдау табылған соң оқушылардың қатысуымен 2018 жылдың қазан айында Жаңаталап ауылындағы «Құлагер» шаруа қожалығының базасында ат спорты клубы үйірмесін аштық. Оқушылардың қызығушылығын оята алдыңыз ба? - Апта сайын лицейдің 22 шәкіртін шаруа қожалығына апарып жүрдім. Алғашқы сабақта аттан қорыққан оқушылар екі аптадан кейін атқа шабуды еркін меңгеріп алды. Ай сайын әр оқушы шаруа қожалығына 12 мың теңге төлеп, жаңа үйірмеге деген қызығушылықпен қатысатын. Бір жыл бойы ат спорты клубына қатысып шыққан оқушылардың мінез-құлқы, қабілеттері кәдімгідей өзгеріп шыға келді.

at250820-

- Өңіріміздегі атқа мінуді үйрететін орындардың бағасына деген көзқарасыңыз қандай?

- Қазір қаламызда ат ұстап жүрген жігіттер қатары көбейіп келеді. Кейбірі ауыл ішінде жалға ат беріп, кәсіп қылып жүр. Алайда, жалға беру бағалары қымбат. Бұрын біздің оқушылар айына 12 мың төлеп атқа мінсе, қазір «Құлагердегі» бағамен оқушылар айына 16 мың теңге төлеу керек болады. Ал Геологтағы атқа міну базасына айына төрт рет барсаңыз 20 мың теңгеңді беру қажет болады.

- Аттылы экспедициялар да ұйымдастырыпсыздар?

- Иә, 2019 жылдың қазан айында ат үстінде жүруді жақсы меңгерген оқушыларымды ертіп елімізде тұңғыш рет мектеп оқушыларының қатысумен «Бабалар ізімен» аттылы экспедициясын ұйымдастырдым. Батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлы жатқан Қараой жазығын экспедиция маршруты етіп, 42 шақырым жерді 7 сағатта бағындырдық. Кең даланың төсінде шауып бара жатқан оқушыларды көріп құдды бір үлкен армандарымның бірі орындалғандай күй кештім. Сол сәтте оқушылардың ат үйірмесіне қатысуына жағдай туғызу керекпіз деген ой келді. Сол ойдың жетегімен ат үйірмесіне қатыстыратын жеке орталық ашамын деп жүргенде бір жылдан аса уақыт өтіп кетіпті.

Жеке орталық ашуға не кедергі болған еді?

- Ат спорты клубының жобасын қағазға түсіріп, түрлі-түсті етіп сәндеп енді әкімшілікке ұсынамын дегенде мына індет келіп, елде карантин бас- талып кетті. Тек маусым айының басында ғана қала әкімінің атына хат жолдадым. Хатта жобамды таныстырып, жүз оқушыны тегін қатыстыратын, оқушылардың келіп кетуіне ыңғайлы болу үшін қала аумағынан, өзен жағалауындағы жерді ат спорты клубының жұмысын ұйымдастыру үшін сұраған болатынмын. Біраз уақыт өткеннен кейін әкімнің орынбасары хабарласып, жерді уақытша пайдалануға ала алмайтындығымды, тек қала сыртынан аукцион арқылы ғана беруге болатындығын айтты. Қала әкімінің орынбасары менің хатымды қалалық архитектураға, білім және спорт бөлімдеріне жіберген екен. Спорт бөлімі де, білім бөлімі де жобаның өте қажет екендігін, біздер тек «иә, қолдаймыз» деп кері жауап хат жіберетіндігін айтты. Келесі күні архитектура бөлімі басшысының орынбасарымен сөйлестім. Қазір жер алу қиынның қиыны екенін, тек аукцион арқылы, оның да бір жылға созылатын процестері бар екендігін айтты. Мен сұраған жер аукционда бастапқы құны 35 млн-ға шығатын аумақ боп шықты. Одан шығып, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөліміне бардым. Басшысына жолығып, сізге дейін осындай мекемелерге бардым, хатты әкімге жібердім, мен сұрап тұрған жердің жайын білейін деп сіздерге келіп тұрмын деп жобамды таныстырдым. Сөйтсек, мен сұраған жер ешбір мекеменің балансында жоқ екен. Бос жатқан жер. Алайда ол жерден де тек әкімнің рұқсатымен ғана ол жерді алу жүзеге асатындығын біліп шықтым. - Сіз бармаған жер, баспаған тау қалмаған екен.

Бастаған істі аяқсыз қалдырмаудың басқа қандай амалдарын зерттедіңіз?

- Содан желіден Ерлан Күмісқалиев есімді азаматты кездестіріп, иттермен және жылқылармен сырқат балаларды емдейтін орталығына жерді қалайша алғандығын білейінші деп хабарластым. Ерлан аға өзінің облыс әкімі алдында жобасын қорғап, содан кейін барып, қалалық әкімшілік арқылы 5 гектар жерді өз атына 5 жылға жалға алғандығын айтып берді. Сонда мен де облыс басшысына жобамды таныстырсам, қолдау тапсам, жерді аукцион арқылы емес, солай жалға алу арқылы ала алам ғой деп сөніп бара жатқан үміт отын қайта жағып алдым. Алайда елде карантин болған соң, облыс әкіміне немесе оның орынбасарларына жолығуды кейінге қоя тұрайын деп шештім.

- Жер алу мүмкін болмаса, орталықты ашудың ретін қалай таптыңыз?

- «Іздеген мұратына жетер» дегендей, қала іргесінен үйірмені ашуға, он-он екі ат ұстайтын қора салуға ыңғайлы жерді тапқандай болдым. Жердің иесімен хабарласып, кездесіп, ойымды, жобамды айттым. Ол кісілер үлкен аумақты жерін пайдалануға беріп отыр. Сол аумақта, күзде карантин толық аяқталғанда, оқушылар мектепке барған соң, ат спорты клубы өз жұмысын бастамақ. Атырау қаласына қарасты 50 мектептен әлеуметтік жағдайы төмен деген барлығы 100 оқушының тегін, қалған оқушылардың қолжетімді бағада «Күлтегін» ат спорты клубына қатысуларына мүмкіндік беретін жаңа үйірмені ашамыз деп жоспарлап отырмын.

- Ашық әңгімеңізге көп рахмет. Ісіңізге сәттілік!

Мектеп оқушыларына арналған алғашқы ат спорты клубы ашылғанымен, ол жерді қажетті жабдықтармен жасақтауға, мініс аттарымен қамтуға демеушілердің көмегі керек-ақ. Облыстағы жылқы бағып, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруашылық иелері, өзге де кәсіпкерлер келмеске кете жаздаған ұлттық спортымыздың қайта жандануына үлес қосып, келешек ұрпақтың денсаулығы үшін аянып қалмайды деп сенеміз. Қамбар ата түлігін ерекше қастерлеп, жылқы мінезді халық атанған қазақтың «қазақтығы» жоғалмасын, ағайын!

Сұхбаттасқан: Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT