Небір алмағайып замандарды бастан өткеріп, аттың жалында, атанның қомында жүріп, көшпенді тірлік кешкен ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қазақтың ұлан-ғайыр даласын сыртқы жаулардан қорғап, кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырған.
Н.НАЗАРБАЕВ.
Өткенсіз бүгін жоқ Елбасы аталмыш мақаласында алдымен атқа міну мәдениетіне тоқталып: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты» дейді. Иә, осындайда іркес-тіркес бір-біріне жалғасып жатқан сағымды сары белдер, қырында құлан жортқан ұшы-қиырсыз қазақтың сайын даласы көзге елестейді. Сол бетегелі белдердің шаңын аспанға шығарып, ат ойнатып, қыннан қылыш суырған жауынгер халықтың екпініне жау шыдамай, алды артына қарамастан безіп кеткендері туралы жазылған тарихи туындыларды оқып, рухтанып өстік. Жалпы «ат-ер қанаты, азаматы аттан түспесін» деген сияқты жылқы малына қатысты мақал-мәтелдер текке айтылмаған. Қазақ жылқы мінезді десе, сүйегіне сөз сіңген суреткер Асқар Сүлейменов: «басқалар маймылдан туды ма, басқадан туды ма, шатағым жоқ, менің білетінім-қазақ жылқыдан жаратылған» деп шорт кесіп, әзіл-шынын араластырып, астарлы ой айтқан. Қалай болғанда да төрт түліктің ішінде жылқы жанымызға жақындау. Қазақ атқа мінсе болды, аруақтанып, арқаланып шыға келеді. Жалаулы найза қолға алып, жау тоқтатқан дауылпаз ақын Махамбеттің өзі: «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде, жер қайысқан қол едік» демей ме?
Атқа міну мәдениеті мақұрым қалып барады Халық ауыз әдебиетінде ерлерге серік болған тұлпарлар туралы аз айтылмайды. Жұтқа ұшыраған ауылды аң аулап асыраған Керқұла атты Кендебай ертегісі де есте. Ал Қобыланды батыр жырындағы Тайбурылды баптайтын Құртқа ару батырға әлі де тұлпардың бабына келуіне 41 күндік кемдігі барын айтып, жорыққа шығуды кейінге қалдыру туралы өтініш айтпаушы ма еді. Ертөстік ертегісіндегі Шалқұйрық та халық қиялындағы жылқыға деген асқан құрметтің белгісіндей әсер қалдырады. Сол қанатты тұлпарлардың тұяғы, тұқымы құрып кеткен жоқ, әлі бар. Алайда, баяғы шын жүйрікті топ ішінен жазбай танитын Толыбай, Күреңбай сыншылар қайда жүр?
МАҚАЛАНЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫ ГАЗЕТІМІЗДІҢ №11 14 НАУРЫЗДАҒЫ САНЫНДА