Туған топырағының намысын қорғаған белгілі спортшылар және осы өңірде спорт түрлерінің тәй-тәй басып, қалыптасуына еңбек сіңірген азаматтар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – еркін күрестен КСРО спорт шебері Мұрат Ибрашев. Жуырда спорт майталманының құрметіне волейболдан ардагерлер арасындағы аудандық ашық турнирдің шымылдығы түрілді.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрғали Аруев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев, спорт саласының ардагерлері Ержігіт Андашев, Мұрат Ибрашев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Турнирге Индер, Исатай және Махамбет аудандарынан барлығы 9 команда қатысты.
Жарыс қорытындысымен Исатай ауданының командасы жеңімпазы атанды. Екінші орын Индер ауданы командасына бұйырса, Махамбет ауданының «Алға» командасы үшінші орынды місе тұтты. Исатайлық Жанар Исмуханова «Үздік қорғаушы», индерлік Бекболат Байтілеуова «Үздік байланыстырушы», алғалық Далабай Оңдағани «Үздік шабуылшы», бақсайлық Ақмарал Нығметова «Үздік ойыншы» аталымдарымен марапатталды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ