Жылыой ауданында дәстүрлі садақ атудан республикалық ашық турнир өтіп жатыр. Тартысты додаға еліміздің 12 облысынан, сондай-ақ Ресей мен Өзбекстаннан келген 100-ден астам мерген қатысуда, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ауқымды жарыс Жылыой аудандық әкімдігінің қолдауымен және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен алғаш рет өткізіліп отыр. Сайысқа қатысушылар өз шеберліктерін үш түрлі нысана бойынша — Пута, Қалқан және Жамбы ату түрлерінен сынауда.
Іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, турнирдің маңыздылығын атап өтті.
– Ұлттық спорт жарысына еліміздің өзге өңірлерінен бөлек, көршілес мемлекеттердің де спортшылары қатысуда. Мұндай ауқымды дода ауданда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл — Жылыойдың абыройын арттырып, ұлттық спорттың халықаралық деңгейде танылуына жол ашады, – деді әкім.
Турнир екі күнге жалғасады. Қатысушылардың мергендігімен қатар, олардың шапшаңдығы, ептілігі және рухани төзімділігі сынға түседі.
Жылыой ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров жарыстың басты мақсатына тоқталды:
– Бұл турнир ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге, ата-баба дәстүрін ұлықтауға және жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 4 миллион 200 мың теңге. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады, – деді ол.
Айта кетейік, турнир барысын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен талаптарға сай кемінде 10 кәсіби төреші қадағалап отыр.