Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына орай аудандағы мекемелердің жас мамандары арасында Qazaqsha Quiz интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылды.
Бұл шара жас қызметкерлердің күнделікті тіршіліктен демалып, қызықты ортада ой жарыстыруына мүмкіндік берді. «Qazaqsha Quiz» интеллектуалдық ойыны жас мамандардың көкжиегін кеңейтіп, зияткерлік қабілеттерін шыңдауға бағытталған.
Іс-шараның басты мақсаты жастар арасында мемлекеттік тілді дәріптеу, отаншылдық сезімін арттыру және жұмысшы мамандардың рөлін көтеру болатын. Ойында қатысушылардың тапқырлығы, жылдам ойлау қабілеті сыналып, өзара ынтымақтастық нығая түсті. Сондай-ақ ойыншылар тарих, әдебиет, мәдениет, салт-дәстүр, қазіргі қоғам және түрлі қызықты тақырыптарды қамтитын сұрақтарға жауап беріп, білім мен ой-өрістерін ортаға салды.
Ойын нәтижесі бойынша 1-орынды «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан келген «НГДУ» командасы, 2-орынды «Жылыойгаз» мекемесінің жастары, 3-орынды Құлсары желілік-өндірістік басқармасынан «ЛПУ» командасы иеленді. Ал қалған қатысушы командалар арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Жеңімпаздарды орталық басшысы Дана Баймағанбетова марапаттап, барлық қатысушыларға белсенділік танытқандары үшін алғысын білдірді.
Ә.ҚОЗЫБАЙ,
Жастар ресурстық орталығының маманы