Ташкенттен алған әсеріміз тарқамай тұрып саяхатымызды Самарқанда жалғастыруымыз керек болды.
Сол мақсатта ертемен қаладағы Солтүстік вокзалға келдік. Ташкентте Оңтүстік және Солтүстік деп аталатын екі вокзал қызмет етеді. Екіншісінде жолаушылар тасмалының үлесі көп. Сайлап мінер сәйгүлігіміз – жергілікті жүйрік пойыз «Афросиаб». Іші ұшақ сияқты жасақталған пойызда жолаушылар үшін барлық жағдай бар. Жолдағы үлкен қалалардың өзіне көп тоқтамайтын ол үш сағат дегенде күн шуағын шашқан Самарқан шаһарына жеткізе қойды. Самарқан – Өзбекстандағы халқы бойынша екінші және жер көлемі бойынша үшінші орын алатын қала. 2000 жылдан астам уақыт бойы Ұлы Жібек жолының негізігі тармағында орналасып, орта ғасырдағы Шығыс ғылымының негізгі орталықтарының бірі болған. XIV ғасырда Әмір Темір құрған Тимуридтер династиясының астанасы. Қаладағы архитектуралық шедеврлардың көбі сол кезде салынған. Бұл Самарқанның ең қатты дамыған кезі болатын.
Бізді қарсы алған Наргиза мен Анора өзбек және тәжік ұлтының қыздары. Жалпы, Самарқан мен Бұхара Өзбекстандағы тәжіктердің үлесі көп облыстар. Өзбектерінің өзі тәжікшеге судай. Екі ұлттың біте қайнасып кетуі осы өңірді тәжіктердің атасы болып саналатын Саманидтер билеген IX-X ғасырдан бастау алады. Самарқан десе Әмір Темір ойға келеді. Сондықтан біздің бұл қаладағы экскурсиямыз әлемді дүркіреткен қолбасшы өзінің ұстазы және кейбір отбасы мүшелерімен қоса жерленген Гүр Әмір мавзолейінен басталды. Таң қалғанымыз, отбасы мүшелерінің тізімінде Түркістанда кесенесі орналасқан Рәбия Сұлтан бегімнің аты да жазылып тұр. Кешен Темірдің бастамасымен 1404 жылы бой көтерген. Тәж –Махал кесенесінің өзі осы ғимартқа қарап салынған деседі. Өйткені оны тұрғызған Солтүстік Үндістанды билеген Темірдің ұрпақтары еді. Мавзолейдің салынып басталуына 1403 жылы Осман империясына жасалған жорық кезінде Әмір Темірдің заңды мұрагері Мұхаммед Сұлтанның мерт болуы негіз болған. Қолбасшының өзі Қытайға жорық кезінде Отырар маңында қаза тапса да мүрдесі Самарқанға жеткізіліп көмілді. Архитектуралық ансамблде жерленген танымал тұлғалардың қатарында ғалым Ұлықбек те бар, ол Ақсақ Темірдің немересі. Археологиялық ортада Ұлы Отан соғысының басталуы 1941 жылдың маусымында Әмір Темір моласын ашып, зерттеу жұмыстарының орын алғанына байланысты деген аңыз айтылады.
Біз кесенеге барғанда турист болып жүрген үндістердің бірқатарын көрдік. «Даламызда билік құрған Бабырдың атасын көруге келдік», - деді олар. Айта кететіні, бер жағына бәрі кіргенімен Әмір Темір моласының өзіне ер адамдарды ғана кіргізеді. Өзбекстанда Әмір Темірді республикалық деңгейде ұлықтайды екен. Мысалға, барлық үлкен қалаларының дерлік орталық көшелері Әмір Темірдің атында. Ташкент, Самарқан, Шахрисабаз қалаларында алып ескерткіштері және оның атындағы орден бар. Сонымен қатар Самарқан облысының елтаңбасында билеушінің бейнесі бейнеленген.
Келесі болып бағыт алған нысанымыз – Регистан алаңы. Бұл сөздің өзі парсы тілінен аударғанда «топырақпен көмерілген жер» деген мағына береді. Негізі Регистан деп Орталық Шығыстағы қаланың басты алаңдарын айтатын болған. Самарқандағы регистан ол жерде орналасқан архитектуралық ансамблдің арқасында ең танымалы. Үш медреседен тұратын ансамбль әртүрлі ғасырларда ислам архитектурасының озық үлгісі бойынша салынған. Ол үшеуі: Ұлықбек, Шердор және Тилля-Кари медреселері . Бұл ансамбль 2001 жылдан бері ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандарының тізіміне енгізілген. Орта ғасырларда бұл алаңда тірлік қайнап жататын болған. Қазір жергілікті тұрғындар мен туристердің серуендейтін орны. Медресенің ішінде негізінен қала қонақтары үшін сатылатын қолдан жасалған әр түрлі бұйымдар бар.
Біз үшін мақтануға тұрарлық жағдай,ол Шердор және Тилля-Кари медреселерін Кіші жүзден шыққан Жалаңтөс баһадүр салдырған. Қазіргі Өзбекстан жерінде дүниеге келген ол Самарқан мен Бұхара қалаларының әмірі болған. Сүйегі Самарқаннан 12 шақырым жердегі Дагбит қыстауындағы зиратқа қойылған. Сонымен қатар Жалаңтөс Баһадүрдің ткелей ұрпағы саналатын Әйтеке би де сол қалада алыс емес жерде жерленген. Өкінішке орай біздер қарсы алушы тарап алдын ала дайындап қойған бағдарламамен жүргесін даңқты бабаларымыздың басына жолымыз түскен жоқ.
Регистандағы қызық кеш бата басталады екен. Медреселердің жанынан әртүрлі түстегі жарықтар жанып, әуенді музыка қойылады. Сауда жасаймын, суретке түсемін тіпті, билеймін десеңіз де өзіңіз білесіз. Ашық аспан астындағы түнгі Регистанда пандемияға дейін әлемнің көптеген елдерінің өнерпаздары келіп бақ сынайтын фестиваль ұйымдастырылып тұратын болған. Қысқасы, Өзбекстанға барған туристер Самарқанға соғып кетуді мақсат қылса, Самарқанға барған адам Регистанға соғып кетуі тиіс.
Шаһардың негізгі архитектуралық ескерткіштерінің бірі – Бибі ханым мешіті. Ол 1399-1404 жылдары салынған. Кезінде мешіт ауласында 10 000 адамға дейін намаз оқи алатын болған. Халық аузындағы аңыз бойынша мешіт Әмір Темірдің сүйікті әйелінің құрметніе Бибі ханым аталып кеткен. Қолбасшы алыс жорықтан келгеннен кейін мешіттің биіктігі ұнамай құрылысты қадағалаған адамның басын кесуге бұйрық берген деседі. Мешітке қарсы Бибі ханымның өзі салдыртқан медресе тұр.
Самарқан қаласы Өзбекстан Республикасының алғашқы президенті Ислам Каримовтың туған жері. Ол 2016 жылдың 3 қыркүйегінде осы қаладағы Хазірет-Хызыр мешітінің аумағында жер қойнауына тапсырылған. 2018 жылы алғашқы президенттерінің 80 жылдығына орай ол жерде Ислам Каримов мавзолейі тұрғызылды. Мавзолейдің алғашқы қонағы Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзиёев болды. Самарқанның негізгі көшелерінің біріне Каримовтың аты беріліп, өскен үйіне жақын жерде қасқайған ескерткіші тұр.
Самарқанда Орта Азиядағы ең үлкен әрі ең көне Сиаб базары бар. Аумағы жеті гектардан асатын базар қаладағы туристердің ең көп жиналатын жердің бірі. «Сиаб» сөзінің өзі парсы мен тәжік тілдерінен тәржімалағанда қара су деген мағына. Базар «Ескі шахар» деп аталатын қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Жоғарыда аталып өткен Регистан алаңына, Бибі ханым және Хазірет-Хызыр мешіттеріне жақын.
Өзбек базарларында қазақтарды қуана қарсы алады. Алыстан ат арытып келгесін жақсылап сауда жасап кетеді ау деп ойлайтын болса керек. Жергіліктілердің ескертуінше шет елдіктерге тауардың бағасын қымбаттау қылып айтуы мүмкін. Тіпті, саудаласу кезінде бірден жарты бағасын түсіріп тастаңыз дейді. Шығыс базарыны сәні саудаласу екені белгілі. Бірақ өз басым зат, тамақтарының біздікінен едәуір арзан болғанын немесе кәдімгідей түсіріп беріп жатқанын байқағам жоқ.
Келесі күнгі қаламен таныстығымыз атақты Ұлықбек обсерваториясында жалғасты. Әмір Темір атасы өмірден өтерден 11 жыл бұрын дүниеге келген Ұлықбек 1409 жылы Самарқанның билеушісі болған. Ол жастайынан жазушы, философтардан тәлім алып, математикаға жақын болып өскен. Ұлықбек обсерваториясының биіктігі төбесіне дейін есептегенде 30-33 м, диаметрі 46 метрдей. Мұнда телескоп ойлап табылғанға дейінгі негізгі аспап-құралдар - радиусы 40,2 м мәрмәрдан жасалған секстант, Күн және астрономиялық сағаттар, әр түрлі бұрыш өлшегіш дәлдігі жоғары құралдар болған. Аспаптың градустарға бөлінген төменгі бөлігі ғана сақталған. Аспап ені 2 м, тереңдігі 11 м шамасындағы орға орнатылып, негізгі бөлігі жер бетіне шығып тұрған.
Обсерваторияға көтерілерде Ұлықбектің ескерктіші, ал оған қарсы 1964 жылы ашылған мұражайы бар. Мұражайдан тарихи, астрономиялық, математикалық заттар, тарихи кітаптар мен қолжазбалар, обсерватория орнынан табылған жәдігерлер және Өзбекстандағы архитектуралық ескерткіштердің кішірейтілген макеттерін көруге болады.
Самарқан қонақтары баруға ұмтылатын жердің бірі – Қожа Данияр мавзолейі.
Әулие Данияр б.з.д. VII-VI ғасырларда өмір сүрген христиан мен мұсылмандардың пайғамбары. Әсіресе христиан дінінде оны ерекше ұлықтайды. Құранда айтылмаса да, діни әдебеиеттерде аты кездеседі. Ол ресми деректер бойынша Ирандағы Сузы қаласында жерленген делінгенімен, оның қабірі тағы жоқ дегенде 5 қалада көрсетілген. Жергілікті жұрттың айтуынша Даниярдың мүрдесін Самарқанға ап келген Әмір Темірдің өзі. Аңыз бойынша қазіргі мавзолейі Сузы қаласынан әулиенің қалдықтарын ап келе жатырған керуендегі жылқының тоқтаған жеріне салынған. Ал жылқының тепкісінен сол жерден қасиетті су ағатын бұлақ пайда болған. Қабірдің жанында 500 жылдан астам тарихы бар пісте ағашы өсіп тұр. Зиярат етушілерден тізілген ұзын-сонар кезекпен біз де қасиетті жерге кіріп дұға тілеп, киелі судан дәм таттық.
Қаладан 13 км жерде Конигил туристік ауылы бар. Бұл жер қолөнершілік дәстүрімен, әсем табиғатымен және ерекше ағаштарымен белгілі. Дейтұрғанмен, ең басты мақтаныштары - «Мерос» қағаз шығару фабрикасы. Тарихи деректерге сүйенсек, қағазды ойлап шығарған қытайлықтар оны жасау жолын VIII ғасырға дейін құпияда ұстаған. VIII ғасырда Самарқанға шабуылдаған қытайлықтар жеңіліс тауып, тұтқынға түскендер құпиямен бөлісуге мәжбүр болған. Сол кезден XVIII ғасырға дейін Самарқан Орта Азиядағы жібек қағаздарын дайындаудың орталығына айналған. Конигилдағы қағаз өнідірісінің ерекшелігі тұт ағашын және табиғи шикізатты пайдаланып заманауи технологияны қолданбай жасалуында. Химиялық қоспалармен тазартылмағандықтан біз жазып жүрген қағаздан сарғыштау болады. Есесіне ақ қағаздар 40 жыл сақталса, Самарқан қағазы 200 жыл сақталады.
Фабриканың қожайындары боп саналатын ағайынды қолөнерші Махмутовтар қағаз шығару процесін бүге-шігесіне дейін көрсетіп берді. Сонымен қатар ауыл аумағында қағаздан жасалған әмияндар, көйлектер және басқа да заттар сатылады. Наурыз туғанда жібитін Самарқанның көк тасын да осы жерден ап кете аласыз.
Самарқандағы тарихи құндылығы жоғары жер деп Шахи-Зинда мемориалды кешенін айтуға болады. Ол ортағасырлық архитектураның ескерткіші. Бізге жеткен кешен бірінен соң бірі салынған 11 мавзолейден тұрады. Шахи Зинда кесенелерінің ең көз тартатын қасиеті – күмбездерінің өте биік және қауын пішінді болуы. Екінші бір қасиеті - Әмір Темір заманының ең бай әшекейлерінің жиынтығынан құралғаны. Әшекейдің көп бөлігі фарфордан жасалған. Жазулары барынша әшекейленген кесенелер тек сыртқы көркемдігімен ғана емес, фарфор қаптамаларымен сәулетшілік өнерінің өзара үйлесуі жағынан да ерекше әдемі көрініске ие. Кешенге кіргеннен кейін жоғары көтерілетін баспалдақтың әрқайсысын бір аяқпен ғана баса санап, тілек айтып көтерілетін ырым бар.
Сапарымыз «Жібек жолы» Халықаралық туризм университетінде Өзбекстан Республикасының вице-премьері, туризм және спорт министрі әрі аталған оқу орнының ректоры Азиз Абдухакимовпен кездесумен аяқталды. Сыртқы келбетінің өзі көз тартатын университетте студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Қонақ үйлердегідей ресепшн, ас бөлмесі және жатын бөлмелері теория мен тәжірибені ұштастыруға керемет мүмкіндік береді. Дәрістер ағылшын тілінде жүреді. Біздің баруымыз оқу орнының алғашқы магистрант түлектеріне диплом табыстау сәтімен тұспа тұс келді. Азиз Абудхакимов университетте шет елдік абитуриенттерге де арнайы гранттар бөлінетінін айтып өтіп, Қазақстандықтарды оқуға шақырды. Түркітілдес журналистер қоры өз тарапынан вице-премьерге естелік сыйлық табыстады.
Самарқанның қызықтарын қимасақ та алда бізді Бұхара күтіп тұрды.
Асылбек Есжан
Атырау-Самарқан-Атырау Суреттер Талғат Мұратбаев