Жолдау жүктеген міндет – ауыл игілігіне

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің даму бағытына тың серпін беретін бастамаларды ортаға қойды. Әсіресе ауылдық жерлердің өркендеуі мен әлеуметтік жағдайының жақсаруы – құжаттың негізгі арқауының бірі болды. Бұл ауылда еңбек етіп жүрген әрбір тұрғын үшін үлкен үміт пен сенім ұялатады.
Президент көтерген бастамалардың әрқайсысы ауыл өміріне тікелей әсер ететіндігі қуантады. Қай саланы алып қарасақ та, тұрғындардың күнделікті өміріне жақын әрі өзекті мәселелер қамтылған.
Әсіресе, жасанды интеллектті дамытуға баса назар аударылуы – ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені бұл технология тек ірі қалаларда ғана емес, ауыл шаруашылығында да тиімді қолданылмақ. Егістік өнімділігін арттыру, мал шаруашылығында жаңа әдістер енгізу, жер мен суды үнемдеп пайдалану – ауыл еңбегінің нәтижесін еселей түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар білім беру жүйесіне енгізілетін цифрлық құралдар балаларымыздың заманауи білімге қолжетімділігін арттырады.
Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – ауыл инфрақұрылымын жақсарту. Жолдардың сапасын арттыру, ауыз су мен газ тарту жұмыстары, әлеуметтік нысандарды көбейту – ауыл халқының тұрмысын жеңілдететін шешімдер. Әсіресе жастарға арналған кәсіпкерлікті қолдау, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жалғасы – ауылдық жерде жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс көзін молайтуға зор мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау саласына қатысты бастамалар да көңілге қуаныш ұялатады. Жаңа медициналық пункттер мен амбулаториялардың ашылуы, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі – ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау. Сондай-ақ спорт пен мәдениет саласына жасалатын жағдай жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашады.
Президент Жолдауы – ауылды түлетуге, халықтың тұрмысын жақсартуға арналған нақты жоспарлар жиынтығы. Бейбарыс округінің тұрғындары да осы бастамалардың жемісін көреді деп сенемін. Ең бастысы – әрқайсымыз еңбек етіп, ел игілігі үшін қолдау көрсетсек, ауылымыздың болашағы жарқын болмақ.

Т.Сагындыков,
Бейбарыс ауылдық округінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT