Қазақстандықтар eGov.kz сайтында жоғалған немесе ұрланған автокөлік тіркеу нөмірін қалпына келтіре алады, деп хабарлады "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.
Ол үшін "Көлік құралдары үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің телнұсқасын беру" қызметін пайдалану керек.
"Біз пайдаланушы мемлекеттік нөмір белгісін жоғалтқан немесе ұрланған жағдайда телнұсқаны (дубликат) "Электронды үкімет" порталы арқылы өтінім беріп, сонда көрсетілген арнайы ХҚКО-дан алатындай етіп процесті барынша жеңілдетуге тырыстық", - деп атап өтті "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.
Қызметті онлайн алу үшін eGov.kz порталында тіркеліп, "Көлік және коммуникация" – "Автомобиль көлігі" қосымша бетіне өту қажет. Қызметтер тізімінен "Көлік құралдары үшін мемлекеттік тіркеу нөмір белгісінің телнұсқасын беру" дегенді таңдап, "Қызметке онлайн тапсырыс беру"батырмасын басасыз.
Ашылған бетте барлық міндетті алаңды толтырып, қызметті төлеу, ЭЦҚ немесе бір реттік парольмен қол қою қажет. Сұрау салу сәтті өңделген кезде Мемлекеттік органнан жеке кабинетке өтінімнің орындалғаны туралы хабарлама және шығыс құжаты келеді.
Жеке және заңды тұлғалар үшін қызмет қолжетімді. Мемлекеттік қызмет көрсетілгені үшін бір нөмірлік белгіге 1,4 АЕК (3 890 теңге), екі мемлекеттік нөмірге 2,8 АЕК (7 778 теңге) баж төленеді.
Бірнеше көлік құралы болған жағдайда қызметті бір рет пайдалануға болады.
Басқа автокөлікке нөмірлік белгілердің телнұсқасын алу үшін қызмет иесі – Қазақстан ішкі істер министрлігінің талаптарына сәйкес жаңа сұрату жіберу қажет.
Дереккөз:sputniknews.kz