Құрманғазы ауданының Ғизат Әліпов ауылында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің авторларының бірі, көрнекті ақын және жазушы Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған еске алу шарасы өтті. Іс-шара ақын білім алған мектепте ұйымдастырылып, оның шығармашылық мұрасын дәріптеуге бағытталды.

Жиынға Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты. Іс-шараның маңызды бөлігі – Жұмекен Нәжімеденовке арналған жаңа мұражайдың ашылуы болды. Мұражайда ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды деректер, сирек материалдар, қолжазбалар мен мұрағаттық құжаттар қойылған.

Қатысушылар сондай-ақ Ұлттық музей мен облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің экспозицияларының виртуалды нұсқаларын тамашалап, ақынның рухани мұрасына жаңа қырынан көз жүгіртті.

Еске алу шарасы концерттік бағдарламаға ұласып, Жұмекеннің әндері шырқалды, өлеңдері мен арнаулар оқылды. Қонақтар оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі орнының ерекше екенін атап өтті.

Жиын соңында ас беріліп, жиналғандар ақын аруағына құрмет көрсетіп, тағзым етті.
Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған бұл жиын – қазақ руханиятының биік тұлғасына көрсетілген зор құрметтің көрінісі болды.




