Ауылдың ертеңін айқындайтын күш – оның жастары. Соңғы жылдары «Ауыл» партиясы осы ойды нақты іске айналдырып, ауылдық аймақтардағы жас буынның әлеуетін көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстарды қолға алды. Қоғамдағы белсенділікті арттыру, жаңа бастамаларды қолдау, шығармашыл әрі көшбасшы буынды өсіру – партияның негізгі бағытына айналған. Сол мақсаттың айқын көрінісі – Атырауда өткен «Auyl Jastary» облыстық форумы.
Атырау қаласында ұйымдастырылған екі күндік басқосу – шалғай ауылдардан келген талантты, ізденімпаз жастардың басын қосқан ерекше алаң болды. Абай атындағы қалалық оқушылар орталығында өткен форумға өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған жүзге жуық жас қатысып, өзара ой бөлісіп, жаңа идеяға қанат қақтырды.
Бұл форумның жәй ғана жиын емес, ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан маңызды платформа болғаны анық. Негізгі мақсаты – азаматтық белсенділігі жоғары, қоғам өміріне бейжай қарамайтын көшбасшы буынды қалыптастыру. Осы бағытта қатысушыларға түрлі форматтағы кездесулер мен сессиялар, мотивациялық дәрістер, тәжірибелік ойындар ұсынылды. Алғашқы күндері жастар ұйымдарының көрмесі өтіп, әр өңірдің жас белсенділері өз жұмыстарын таныстырды.

Ашылу салтанатында «Ауыл» партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы мен арнайы шақырылған қонақтар жастарға қолдау сөздерін айтып, белсенді студенттік жасақ мүшелерін марапаттады. Сонымен бірге бірнеше мекеме арасында әріптестік жөніндегі меморандумдарға қол қойылып, ауыл жастарының жобаларын жүзеге асыруға бағытталған жаңа серіктестіктердің негізі қаланды.
Форум күндері мазмұнға толы болды: спикерлер мотивациялық тақырыптар туралы тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды алға жетелейтін ойларымен шабыттандырды. «Show to Day» тимбилдингі мен «Quiz» интеллектуалды ойыны да ерекше әсер қалдырды – біреуі командалық рухты нығайтса, екіншісі логикалық ойлау мен білімді сынады. Қорытынды бөлімде ең белсенді қатысушыларға алғыс хаттар табыс етіліп, «Quiz» ойынының жеңімпаздары марапатталды. Форумға қатысқан жастардың жүзіндегі қуаныш пен мотивация – шараның басты нәтижесін айқындап тұрғандай.

Форумға Исатай ауданынан қатысқан белсенді жастардың бірі – Гүлжауһар Дәулеткерей. Ол шараның жастарға берген мүмкіндіктерін ерекше атап өтті.
– Auyl Jastary форумына қатысу – мен үшін үлкен тәжірибе болды. Шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Екі күн ішінде бізге ұсынылған мотивациялық кездесулер, практикалық ойындар мен пікірталастар жаңа ой қалыптастыруға, өзімізді дамытуға ерекше әсер етті. Әсіресе әр өңірден келген замандастарыммен танысып, бірге жұмыс істеу маған үлкен шабыт берді. Ауыл жастары да биік мақсаттарға жете алатынын осы форум тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін,-дейді ол.

«Auyl Jastary» форумын ауыл жастары үшін жаңа серпін берген, бағыт-бағдар көрсеткен, кәсіби де тұлғалық тұрғыдан дамуға мүмкіндік жасаған маңызды алаң деуге толық негіз бар. Ол ауылдық өңірлер жастары арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, жаңа идеялардың туындауына жол ашты.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


