Сайлау кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының ажырамас бөлігі және демократиялық өзгерістер тұрғысынан біздің қоғамның жүйелі дамуындағы маңызды кезең.
Президент Қ.Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуінде «Парламенттің және жергілікті өкілді органдардың жаңартылған құрамы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформаларды сапалы әрі заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса мән береді» деуі мәселенің маңыздылығын көрсетеді.
Биылғы сайлаудың өзгешеліктерінен жұртшылық та хабардар екендігі анық. Тек олардың бастыларын атасақ, парламенттік оппозиция институтын құру, Парламент тәжірибесінде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізу, алдағы мәслихат сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді.
Президенттің Жолдауында бұл жаңа бастамалар партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер беретіндігі айтылған.
Бұл сайлауға шет мемлекеттердің қызығушылығы аз болмайтын сияқты. Сол үшін де заңда сайлау процесінің ашықтығы қарастырылған. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша аккредиттейді. Шетелдік БАҚ өкілдері егер оның Сыртқы істер министрлігі берген аккедиттенген куәлігі болса, сайлауды байқауды жүзеге асыра алады. Сайлау туралы Конституциялық заң шетелдіу байқаушыларға аудармашының ілесіп жүру мүмкіндігін қарастырады.
Өткен сайлау тәжірибелері көрсеткендей, сірә біздің аудан облыс орталығына жақын болғандықтан болса керек. Түгелге жуық сайлау учаскелерінде шетелдік байқаушылар болды. Ал сайлау қорытындысын шығарар кезде аумақтық сайлау комиссиясында бастан-аяқ қатысты. Бұл жерде көп жылдан бері сайлау комиссиясында қызмет еткендіктен өз пікірімізді білдіре кетсек, біздің елімізде парламенттік оппозиция құратын әлеуеті бар партиялар жоқтың қасы деуге болады. Бұл партиялар өз тірлігінен тек сайлау алдында ғана хабар бере бастайды. Ал Мәжілістегі ең көп болғанда 6-7 депутатымен қандай өзгеріс енгізе алады? деген пікір туындайды. Егер оларда «вето» құқы болса, әңгіме басқа. Ал бізде азаматтық қоғам институттары көп. Өкінішке орай, олар пропорционалды сайлау нүктесіне қатынаса алмайды. Сол сияқты қоғамдық кеңестер әлеуеті де әлі толық пайдаланбай отырған сияқты. Бұл еліміздегі жағдай. Ал мәслихат сайлауында алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді.
Ауданымызда « Nur Otan» партиясынан басқа қандай әлеуетті партия өкілдері бар? Сондықтан өзге заңды тіркелген партиялар өз партиялары атынан өзгелерді ұсынатын болса керек. Мемлекет басшысы үстіміздегі жылғы Жолдауында ауыл әкімдерін де сайлау туралы мәселе айтылды. Ауыл әкімдерін сайлаудан бұрын «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң қабылдануы керек сияқты. Өйткені, бір ауылдық округ құрамында бірнеше ауыл болса, олардың билігінің ара-жігін ажыратып алмаса, жұмыс барысында қиындық туғызуы әбден мүмкін. Сол сияқты аудан, ауыл округтері әкімдері арасындағы өкілеттіктерді де ажыратып алу маңызды.
Бұл жерде қандай жақсы заң қабылданса да «біздің ортамыз оған дайын ба?» деген сұрақ туындайды. 1995-196 жылдары болған бір уақиға есімде қалыпты. Бір ауылдық округке әкім тағайындау керек болды да, үміткерлерді халықтың талқысына салдық. Тұрғындар мәдениет үйіне лық тола жиналды. Белсенді азаматтар бір кандидат ұсынды. Біраздан соң 10-15 адамдық топ та тағы бір азаматты ұсынды. Ол ауылда жақсы атымен танылмаған азамат еді. Ол: «әкім болсаңыз, жұмысты неден бастар едіңіз?» деген сұраққа «мен аудандағы бөлім басшыларын танимын, қаржы сұрап алар едім» деп жауап қайырды. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлауда кандидаттарды аудан әкімі ұсынса деген ой бар.
Келесі бір мәселе-сайланған ауыл әкімдерін өз міндетті қызметтерін атқара алмаған жағдайда жұмыстан босату. Бұл да өте күрделі мәселе. Жалпы қалай болғанда да биыл мерейтойы өткен әл-Фараби бабамыздың: «әкімдер жаны да, тәні де таза, оқығаны көп, ғылым-біліммен айналысатын, заманның зиялы өкілі болу керек» деген сөзі есімізден шықпауы керек деп ойлаймын. Қазақ елі азаматтарының бәріміздің міндетіміз өз еліміздің дамуына, демократиялық жолмен дамуына үлес қосу. Алдағы сайлау алдында осы міндетімізді тағы бір рет ой елегінен өткізсек.
Ұ.Төлегенов,
мемлекеттік қызмет саласының ардагері