Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына кезекті жолдауында ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласындағы және жерді игеру төңірегіндегі бірнеше мәселеге тоқталып өтті. Әсіресе, «Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды.
Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс.Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын» деп жер мәселесіне қатысты көптің көкейінде жүрген күмәнді сауалға жауап берді. Бір ғана Махамбет ауданы бойынша 2022 жылдың өзінде ауыл шаруашылығы мақсатында алынып, игерілмей жатқан 8 мың гектар жерді қайтарып алдық. Тағы 118 адамның жерді мақсатына сай пайдаланбай отырған фактілерін анықтадық. Қазақтың жері қазақтың байлығы. Алайда, жер мәселесінде заңсыздыққа жол берілмейтінін Президенттің өзі де нақты айтып отыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы заман талабына орай қай сала болмасын цифраландыру маңызды рөль атқаратынын айтты. «Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ.Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр.Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды.Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет»
Ауыл шаурашылығы саласын бүгінгі таңда толықтай цифрлық жүйеге өтпесе де, көптеген жаңа өзгерістермен толығып, дамып жатыр. Соның ішінде тамшылатып суару жүйесі, күн көзінен қуат алатын батарея, жылыжайлардағы заманауи құрылғылар да бар. Қазіргі таңда аудандағы өндірістік жылыжайлар «Жұмағалиева.Н.М», «АйданаАгро» ЖШС жаңа технологиямен жабдықталуда. Атап айтқанда, жасанды желдету, суды автоматты қосу, күннен қорғау, жасанды жарық қосу, тыңайтқыштарды мөлшерімен салып отыру құрылғылары орнатылуда. 4 ірі шаруа қожалықта егінді жаңбырлатып суару әдісіне арналған құрылғылар алынып, мемлекеттен субсидияланып отыр.
Біздің әлі де шет мемлекеттерден, кәсіптің осы саласы жетік дамыған көрші елдерден алатын тәжірибеміз өте көп. Президент баса назар аударған, халықтың азық-түлік көзі, қор саналатын ауыл шаруашылығы саласында жаңа жолдаудан кейін жаңа өзгерістер орын алады деп сенеміз.
О.МЫРЗАБАЕВ,
Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.