Жемқорлықпен күрес ортақ міндетіміз

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.

Әлем елдерінде сыбайлас жемқорлықты толығымен жойған мемлекет жоқ. Адам бар жерде сыбайлас жемқорлықтың болатыны да белгілі. Бұл мәселе біздің еліміз үшін де өзекті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мәселе әлi де өз деңгейінде толық шешiмiн таппай келеді.

Қазақстан Республикасы ТМД елдерінің ішінде ең алғаш «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдарды қабылдап, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы мемлекеттік орган құрды. Еліміздің бас партиясы «Nur Otan» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Қазақстанда 2007 жылы халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылды. Мұндағы негізгі мақсат – халыққа жайлы әрі сапалы қызмет көрсету. Аталмыш орталық әлемдік стандартқа сәйкес «бір терезе» қағидатының негізінде қызмет көрсетуге көшті.

Тұрмыстық жемқорлықты жоюдың бірден-бір көзі – мемлекеттік қызмет көрсетуді электронды нұсқаға көшіру. Қазіргі уақытта адамдардың мемлекеттік орган қызметкерлерімен тікелей қарым-қатынасын азайту мақсатында «Электрондық үкімет порталы» жұмыс жасап жатыр. Бұл өз кезегінде қағазбастылықты, мемлекеттік органдардағы кабинет жағалап, қол қойдыруларды азайтып, халықтың уақытын тиімді жұмсауға және сыбайлас жемқорлық фактілерінің төмендеуіне өз септігін тигізуде.

Қазақстан Президенті биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шартын атап өткен болатын. Олар: бірінші – азаматтардың құқығын қорғау, екінші - мемлекет пен азаматтық қоғамның әріптестігі, үшінші – қоғамдық бақылауды күшейту, төртінші – бюджеттік саясаттың ашықтығы, бесінші - өңірлерді жемқорлыққа қарсы жұмылдыру, алтыншы – мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру, жетінші - бизнеске қысымды төмендету. Аталған шарттардың негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы басшылардың қарапайым халықпен ашық диалог жүргізу мақсатында мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде «Ашық есік» күндері өткізіліп, ішкі талдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталған жұмыстар халықпен билік өкілдерінің ара-қатынасын жақындатуға және ақпараттардың ашық, қолжетімді болуына жол ашады.

Сонымен қатар мектеп оқушыларына «Адалдық сағаты» өткізіліп жатыр. Бұл шаралардың негізгі мақсаты - өскелең ұрпаққа адалдықты, отансүйгіштікті насихаттау. Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, әлемге танылғанымызға отыз жылдай уақыт өтті. Өткенімізге көз салсақ, мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын айқындады.

Бүкіл әлем елімізді өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен таныды. Еліміз дамудың жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы. Осы жолда әрбір Қазақстан Республикасының азаматы аянбай еңбек етуі тиіс.

Ж.Даулеткалиев,

Ақжайық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT