Махамбет ауданының Жалғансай ауылдық округінде 1 260 астам азамат тұрады. Ауылдық жерде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда.
Жалғансай ауылдық әкімі аппаратында бірқатар сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер көрсетіледі: «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою», «Жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату», «Сауда-саттық өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу» және де бірқатар әлеуметтік, білім беру саласындағы қызметтер де бар.
Бүгінгі таңда азаматтарға қолайлы ахуал қалыптастыру мақсатында ақпараттық стендтер, мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға арналған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істеуде. Қажет болған жағдайда, жауапты арнайы маман көмек көрсетеді. Соның ішінде «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік қызметтер көрсетуге тоқталып өтсем.
Қызметті пайдалану үшін eGov. kz порталына кіріп, «Жылжымайтын мүлік» – «Жер қатынастары» бөлімінен «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» қызметін таңдау қажет. Әрі қарай өтініш түрін таңдау керек. Бүгінде порталда өтініштің үш түрі бар:
— кезекке қою;
— деректерді өзектендіру;
— кезектен шығару.
Егер сіз жер учаскесін алу үшін кезекке алғаш рет өтініш білдіріп тұрсаңыз, онда өзіңіз жер алуды қалайтын аймақты таңдайсыз. Егер сіз бұдан бұрын жер кезегіне тұрған болсаңыз, бірақ ол туралы ақпарат таппасаңыз, онда «Өзектендіру» өтініш түрін таңдауыңыз қажет.
Кезекке алынғаныңызды растау үшін қолыңызда бар құжатты (талонның скан нұсқасы, өтініштің, жеке куәліктің және т.б. көшірмелері) жүктеу қажет. Сондай-ақ кезек ретін www.map.gov4c.kz/egkn/ сайтында ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, бақылап отыруға болады.
Бұдан бұрын алған жер кезегінен бас тарту үшін «Шығару» өтініш түрін таңдау қажет. Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса немесе елді мекенде ЖТҚ үшін бос жер телімі болмаса жер кезегіне өтініш бере алмайды. Бос учаскелерді беру жөніндегі шешімді әкімдіктер қабылдайды. Учаскелер алаңдардың дайын болуына қарай немесе елді мекеннің бас жоспарына сәйкес бос аумақтар болған жағдайда берілетін болады.
Егер бұрын бір өңірде жер теліміне кезекке тұрған болсаңыз, ал қазір өзге аймақтан жер алуға ниеттенсеңіз, 10 сотыққа кезек реті ертерек келген өңірден жер бір рет қана берілетінін, қалған өтініштердің күші жойылатынын ескеру қажет.
Еске сала кетейін, бұрын қазақстандықтар ЖТҚ үшін жер учаскесін алу кезегіне тұру мақсатында жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге жүгінетін. Олар тек өз аймағының жерлерін таңдай алатын. Кезекте тұрғандардың тізімі де тек әкімдіктерде сақталатын. Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін (10 сотық жер) тегін алуға құқылы.
Ғ.МЫРЗАҒАЛИ,
Жалғансай ауылдық округі әкімі