«Үйде отырып ақша тапқыңыз келе ме?», «Үйде отырған аналарды, зейнеткерлерді, студенттерді ақша табуға шақырамын» Instagram, Facebook, Вконтакте, Youtube интернет желілерінде белең алған желілік маркетингтің мұндай жарнамасы барлығымызға таныс.
Осындай жеңіл жолмен ақша табуды ұсынатын компанияның бірі «Ақжол» компаниясы. Атына заты сай келмейтін желілік компания талай адамды зар жылатып отыр.
Ақжол компаниясының мақсаты не?
«Ақжол» желілік маркетингі - ТОО "Allen Group Gompany" компаниясының ұсынып отырған бонустық программасы.Бұл жүйе 2019 жылдың 15 қаңтарында басталған. ТОО 2011 жылы ресми тіркелген екен.Интернет желісінен компания туралы іздесеңіз, мынадай ақпараттарды аңғаруға болады. Олардың айтуынша, сіз бұл компаниядан минусқа кірмейсіз. Бар болғаны 30000 теңге салып, артыңыздан 2 адамды тіркесеңіз апталық табысыңыз 8000 теңге, ал айына 32000 теңге алып отырасыз. Егер сіз тіркеген екі адам тағы екі адамды тіркесе онда сіздің апталық табысыңыз 12000 теңге, ал айлық табысыңыз 42 000 теңгеге шығады. Әр тіркелуші екі адамнан әкеліп отырса, апталық табысыңыз 16000 және 20000 теңгеге көтеріледі. Сол кезде промоушенды орындап 200 мың және апталық 20 мыңды қосып аласыз. Келесі айдан бастап әр апта сайын 20 мыңнан 1 айда 80 мың теңге алып отырамыз-мыс. Алайда бұл компания екі айға жетпей қарапайым халықты сан соқтырып кетті.
Алик Аленович деген кім?
Данаев Алик Аленович «Ақжол» компаниясының негізін қалаушы, директор. Барлығына бағыт-бағдар беріп отыратын да осы кісі. Бұл кісінің ТОО-на мыналар тиесілі екен.
1. «Зона скидок» деген тұрмыстық техникалық дүкен
2. Астана, Алматы, Талдықорған қалаларындағы «Береке» сауда үйі
3. Теледидардағы tv.shop каналы
4. Жиһаз жасап шығаратын цех
Осы компанияға бас сұққандардың айтуынша, ол зейнеткер. Бұған дейін мемлекеттік қызметте болған. Зейнет жасына келген соң, осы бір бизнесті бастауды жөн көрген. Бастапқыда халықтың іші бауырына кіріп, жоғары табыс табасыңдар деп сендірген. Кейіннен халықтың миллиардтаған қаражатын жымқырған. Енді не ақшасы, не тауары жоқ халық ашуға булығып, күйініп отыр.
Алданғандардың жанайқайы...
Кеше «Ақжол» компаниясына барып, мән-жайды анықтауға тырыстық. Осылайша, Абай - Розыбакиев көшесінде орналасқан «Бизнес орталығына» жол тарттық. Орталықтың сыртынан ішіне дейін толып тұрған ашынған халық, шамамен 200-ден аса адам жиналған. Олар Қазақстанның түкпір-түпкірінен келген. Барлығы алданған. Кімнен көмек сұрайтынын білмей дал. Көпшілік бастықсымақтарымен жолығуға үмітті. Себебі ол неше күннен бері қарасын көрсетпей, халықтан қашып жүр екен. Ал алданған халық компания директорын таңнан кешке дейін күтуге мәжбүр. Иә, кеше құдай сәтін салып бастықтары компанияға келген. Алайда соңынан полиция қызметкерлері де келіп, оны Алмалы АІІБ-ға алып кетіпті.
Халықтың айтуынша, Ақжол компаниясы 1 маусымнан бастап жұмысын тоқтатады. Дегенмен олар полиция қызметкерлерінің 15 маусымға дейін жұмыс істейді деген сөзіне сенбей отыр. Себебі,компания бірнеше күн бұрын жұмысын тоқтатқан, ал 1 маусым ресми түрде жабылады деп отыр. Ал халық өндірілмеген ақшасы мен тауарын қалай, кімнен аларын білмейді. Бұл жерге жиналған көпшіліктің туысқандық қарым-қатынасы бар. Себебі бастапқыда туысқандар бірінен кейін бірі тіркеген. Енді олар артынан ерген туысқандардың бетіне қалай қараймыз деп қамығып отыр. Себебі, тек өзі ғана емес, туысқандары да қарызға кірген. Не ақша, не тауар да жоқ.
Осылайша нақты жауапты алу үшін Алмалы АІІБ-ға баруға тура келді. Олардан Алик Аленовичтің соты қашан болатынын және қандай жаза күтіп тұрғанын анықтап алғымыз келді. Өкінішке қарай, Алик Аленович ешқандай АІІБ-ге түспеген болып шықты. Осылайша оның қалай, қайда кеткені беймәлім болып қалды.
2016 жылы мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков желілік маркетингке қарсы пікір білдірген еді. Алайда бұл пікір жауапсыз қалды. Ал желілік маркетинг бар жерде, алдау, арбау әрқашан орын алатыны белгілі.
Ендеше, желілік маркетинг әлі де жалғасын таба ма? Әлде қарапайым халық алданып жүре бере ме?
Автор: Қаракөз АМАНТАЙ
Дерек көзі: politic.bugin.kz