Жауапкершілік жүгін сезінемін

Ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан асыл құндылықтарымызды дәріптеп, тарихи дәстүрлерімізді жаңғырту, елдің экономикасы мен ғылымын дамыту жолында аянбай еңбек ету – тәуелсіз тарих кейіпкерлері, бүгінгі жас буынның басты міндеті.

Біз ел егемендігімен бірге есейіп, ержеттік. Тәуелсіз елде өмір сүру, азаттықтың құрдасы болу мен үшін зор мақтаныш. «Елім маған не берді деп емес, мен еліме не бердім?» деген сұрақ әрбіріміздің көкейімізде сайрап тұрғаны ләзім. Өзім Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясында білім алып, ұстаздар артқан сенім жүгіне селкеу түсірмей, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдап шықтым. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін студенттік жылдарым әсем қаламыз Алматыда өтіп, ерекше естеліктермен есте қалды. Бүгінде Жалғансай ауылдық округі әкімі аппаратында жетекші маманмын.

Кез келген қоғам мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметшілерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Осыдан үш жыл бұрын мемлекеттік қызмет саласына бет бұрдым. Жауапкершілігі жоғары қызметімді қашанда абыроймен атқаруға бар күш-жігерімді салып келемін. Мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған сайыстарда бақ сынаудан тартынған емеспін. Жеткен жетістіктерім де аз емес. Мәселен, «Үш тұғырлы тіл» мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық сайыста ІІІ орынды иелендім. Қоғамның даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастар екендігі даусыз. Аудандық Жастар ресурстық орталығы мамандарымен қоян-қолтық араласып, жұмыс жасап келеміз. Өзім де ауданның белсенді жастарының қатарынанмын.

Биыл тұғырлы Тәуелсіздігімізге 27 жыл толмақ. Аталған жылдар ішінде еліміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Тіпті елімізді айтпағанда туған жеріміздің жылдан-жылға көркейіп, гүлденуі көз алдымызда өтуде. Осы өркендеу, өрлеу біздің қазіргі өміріміздің, тұрмысымыздың қазынасына айналды. Бүгінгі еліміз көк желекке бөленді, аспанмен таласқан бәйтеректермен бой түзеп, өрге тартып келеді. Түптеп келгенде мұның бәрі егемендігіміздің жемісі, тәуелсіздігіміздің тартуы.

«Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа», — дейдi Елбасы Н.Ә.Назарбаев бiр сөзiнде. Біз тәуелсіз ел жастары ұлы мұрат жолында жалынды еңбек етуге даярмыз. Білікті де, білімді жастары бар елдің болашақта алар асуы мен шығар биігі көп болары кәміл. Тек Отанымыз тыныш, отбасымыз аман, Тәуелсіздігіміз баянды болғай!

Қапиз ЛҰҚПАНОВ,

Жалғансай ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521