Жастарды жұмыспен қамтудың жөні бөлек

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Абдукамал Ашимбеков «Кентау трансформатор зауыты» АҚ жұмыскерлерімен, сондай-ақ Түркістан облысы сайлаушыларымен үгіт-насихат кездесуін өткізді.

Кездесу барысында кандидат жиналған қауымға партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын баяндады. Атап айтқанда, партияның сайлауалды бағдарламасында жаңа Еңбек кодексін қабылдау туралы тармақ бар екенін атап өтті. Құжатта еңбек шарттарын жасасу кезінде жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің толық теңдігі қамтамасыз етілетін қағидат бар. Сонымен бірге Абдукамал Ашимбеков өз сөзінде жастарды жұмысқа орналастыру бойынша аталмыш өңірдің артта қалып жатқандығына тоқталды.

«Ел халқының өмір сапасын жақсарту – мем­лекеттің басым бағыттарының бірі. Әлем бойынша статистикалық деректерде жағдайымыз мәз емес. Өмір сапасын арттыруға бірнеше фактор әсер етеді. Жұмыссыздық мәселесімен қатар, жемқорлыққа қатысты мәселелерді түбегейлі шешпейінше, мемлекеттік басқару жүйесін қалыпты жүзеге асыру мүмкін емес. Жемқорлықпен күресті күшейту керек: парақорларға қатысты максималды жаза орнатып, мерзімінен бұрын босату құқығынан айыру қажет. Біздің мемлекетіміз, басқа да көптеген ел сияқты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Жемқорлықты жеңіп, мемлекеттің басқару жүйесін ауыстыру арқылы елдің экономикалық гүлденуіне қол жеткізуге болады», деді кандидат.

Осылайша, партия мүшелері өмір сүру сапасының стандарттарын әзірлеу және енгізу мәселесін Парламентте бастамашылық жасауға ниетті. Кездесуде кандидаттар сайлаушыларды партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Бағдарламада білім беру саласының дамуына ерекше көңіл бөлінгені айтылды. Медицина және білім беру салаларына ІЖӨ-ден жылына ең кемі 5-7%-ды бөлу ұсыныл­ған. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері мұндай шара дәрігерлер мен мұғалімдер еңбекақысының банк қызметкерлері деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік беретіндігін айтты.

«Мұның маңызы зор, себебі аталмыш мамандар адами капиталдың сапасына жауап береді, ал бұл өз кезегінде отандық экономиканы дамыту үшін негізгі талап болып саналады», деді кандидат.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT