«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған үгіт-насихат тобы Батыс Қазақстан облысында бірқатар еңбек ұжымымен кездесті. Ақжолдықтар бірінші болып облыстағы ең ірі жиһаз өндірісі «Модисалға» ат басын бұрды.
Алпысқа жуық адамды жұмыспен қамтып, кәсібін дөңгелетіп отырған цех басшысы Әлихан Жұмашев «Ақ жол» атынан бір мандаттық жүйе бойынша қалалық мәслихат депутаттығына ұсынылған. Бүгінде шаруасы өрге домалаған кәсіпорын өнімін тек республика бойынша емес, Оралға көршілес жатқан Ресейдің бес облысына тауар жеткізуді көздеп отыр. Цех жұмысымен танысқан штаб өкілдері жас кәсіпкерге алдағы сайлауда сәттілік тілеп, партияның отандық өндірісшілерді қолдау бағытындағы жұмыстары жалғаса беретінін айтты.
Бұдан соң үгіт-насихат тобы Орал трансформатор зауытына барды. Ауысымында 250-ге жуық адам жұмыс істейтін ірі кәсіпорын – елдегі трансформатор шығаратын бірегей өндіріс орындарының бірі. Алыс-жақын шетелдермен тығыз байланыс орнатқан зауыт өнімін экспортқа шығарады. Кәсіпорын жұмысымен жақын танысып, қызметкерлер сұрағына жауап берген партия төрағасы Азат Перуашев мұндай заманауи, технологиялық зауыттардың ел экономикасына қосатын үлесі зор екенін айтып, мемлекеттен оларға жан-жақты қолдау керектігін атап өтті. Ал партия мүшесі Қазыбек Иса ұлттық мүдде салтанат құрған елде кәсіптің де дамуы заңдылық екенін жеткізді. «Ол үшін сайлауға белсенді қатысып, өз дауысыңды беру керек», деп түйіндеді ойын ұлт жанашыры.
Сонымен қатар республикалық үгіт-насихат тобы Оралдағы ірі «Сити центр» сауда-ойын-сауық орталығына барды. Шаһардың орталығында орналасқан «Сити центр» сауда-ойын-сауық орталығы қазіргі таңда 350 кәсіпкерге сауда орнын беріп, 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Орталық қала тұрғындары мен қонақтарының жиі баратын сүйікті орны десек те болады. Партия жұмысын, саяси бағыт-бағдарын таныстырушы үгіт-насихат тобы орталық жұмысшыларымен кездесті. Сауда саласында жүрген кәсіпкерлерді несие, экономикалық заңдарға өзгерістер енгізу мәселесі алаңдатады. Штаб өкілдері Ақжайық жұртшылығына өз таңдауларын саналы түрде жасап, Әділетті Қазақстанды бірге дамытуға шақырды.