Жылдың үздік жастарын таңдаған кім?
Жаңа жыл қарсаңында жыл қорытындысымен ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосқаны үшін бірқатар адамға «жыл үздігі» номинациясы берілген болатын. Көп ұзамай әлеуметтік желіде марапатқа ие болған жастар арасында дау туып, аудан жастарының пікірі екіге қақ айырылды. Бір бөлігі марапат алған жастарды лайықсыз деп таныса, енді бірі оған қарсы пікірлерін білдірді.
Аудандағы атағы дардай, бары да, нары да екі түйір жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшілері мен мүшелері әлеуметтік желіде пікір таластырып, Атырау қаласы мен облысқа қарасты алты аудан жастарының назарын өздеріне аударды. Оның үстіне Instagram әлеуметтік желісінде «zellomahambet» секілді топтар, «Екі қоғамдық жастар ұйымының қайсысы жеңер екен, дауыс берейік» деген сыңайда сауалнама жариялап отқа май құя түсті. Еліміздің болашағы, ауданымыздың бетке ұстарлары деп сенім артып жүрген жастарымызға, айдың күннің аманында бет жыртысып, бүкіл елге аймандай болатындай не болды?
Сонда жылдың үздік жастарын таңдаған кім? Жылына бір ақ рет берілетін марапат төңірегінде әлеуметтік желіде орын алған жаға жыртысудың ақ-қарасын анықтау мақсатымен аудан әкімінің орынбасары Светлана Аманшиеваға хабарластық.
-«Жылдың үздік жас қызметкерлерін анықтау барысында жастардан арнайы комиссия тобы құрылды. Марапатқа ұсынылған жастардың тізімін аудандық бөлім басшыларымен бірге қайта қарап, зерделеуден өткіздік. Сондықтан жыл үздігі атағын алған әрбір жас марапатына лайықты деп есептеймін» - деді ол өз сөзінде.
Біз адамдар өмірде пендешілікке салынып, бір ауыз мақтау сөз құлағымызға тисе болды, масаттанып, ойда-жоқта қандайда бір марапатқа ие бола қалсақ, маңғазданып қалатын әдетіміз бар. Қоғамға адал қызмет етіп, табысты нәтижелерге қолжеткізумен қатар, еселі еңбегімен елге танылған жандарды түрлі дәрежедегі марапатқа ұсыну жақсы үрдіс екені анық. Дегенмен де, жоғарыда айтып өткеніміздей дау-дамай туындамас үшін жыл сайын шын жүйріктерді ғана таңдап, белгілі бір адамдардың жыл сайын марапат алуына жол бермеген жөн секілді.
Б.Сапарова