Жасанды интеллектінің қазақстандық моделі қажет

Мәжілісте «Қазақстан Республикасында жасанды интеллектті дамыту туралы» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті. Парламенттік тыңдау ба­рысында еліміздегі әр­түрлі салада жасанды ин­теллекттіні тиімді енгізу және даму мәселелерін жан-жақты талқылау ұсы­нылды.
Жиынға  Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Ғы­лым және жоғары білім министрі, Жасанды интел­лект және цифрлық даму министрінің міндетін ат­қару­шы, Үкіметтің жауапты қызметкерлері, Ас­та­на қаласының әкімі, министрліктер мен ведом­стволардың басшылары, цифрландыру жөніндегі өңірлік басқармалардың басшылары, халықаралық және қазақстандық сарапшылар, ұйымдар, қауым­дастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. 

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов парламенттік тыңдау Digital Bridge жаһандық технологиялық форумы қар­саңында өтіп жатқанын айта келе, бас­қосудың мақсаты осынау ғаламдық диа­логке үн қосу екенін жеткізді. 

– Жасанды интеллект – әр мәселені егжей-тегжейлі талқылауды, талдауды талап ететін күрделі сала. Сондықтан бүгінгі жиынымызға осы бағытқа жауапты министрлер мен мемлекеттік органдар­дың өкілдерін, отандық және шетелдік сарапшыларды, көшбасшы мамандарды шақырдық. Жасанды интеллект ­са­­­ла­­­сын­дағы Еуропа заңдары автор­лары­ның бірі – Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшысы Генрик фон Шейл мырза да арнайы келіп отыр. Адам құ­қықтарын қорғау мәселесінің де маңызы зор. Сондықтан Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Иванович Рогов та бүгінгі тыңдалымға қатысуда, – деді Палата Спикері. 

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, жа­қында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 80-ші сессиясында да жаһан көшбасшы­ларының көбі бұл жайтты назардан тыс қалдырған жоқ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та осы төңіректе өз ойларын ортаға салып, Қазақстанның болашақ даму бағдарын әлемге паш етті. 

– Мемлекет басшысының соңғы Жол­дауының өзі тұтастай алғанда жасан­ды интеллект тақырыбына арналуы да бекер емес. Президент үш жыл ішінде Қа­зақстанды цифрлық мемлекетке ай­налдыру бойынша ауқымды міндет қой­ды. Осылайша, жасанды интеллект  – мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналып отыр, – деді Ерлан Қошанов.

Жаһандық деңгейде жүріп жатқан технологиялық үрдістің жылдам өзгеріп жатқанын сөз еткен палата Спикері елі­міздің де әлемдік трендтен қалыс қал­мағанын жеткізді. 

– Мемлекет тарапынан цифрлық даму мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін біраз жұмыс атқарылып жатыр. Біріншіден, жасанды интеллект үшін оң­тайлы құқықтық негіз қалануда. Парламент осы сайланымда онлайн-платформалар туралы, ақпараттық қауіпсіздік, ақпарат­тандыру және цифрлық активтер мәселе­лері жөнінде заңдар қабылдады. Оны әзірлегенде осы саланы алғаш болып қолға алған елдердің тәжірибесі ескерілді. Атап айтсақ, «Жасанды интеллект туралы» Еуропаның заңдары мен «Жасанды интел­лект және адам құқықтары, демократия мен құқықтың үстемдігі туралы» Еуропа кеңе­сінің негіздемелік конвенциясы назарға алынды. Екіншіден, қажетті инфрақұрылым құрылуда. Жасанды интеллект технология­ларын кеңінен енгізуге біз ерекше қарқынмен және зор әлеуетпен кірістік. Суперкомпьютер іске қосылып, ұлттық жасанды интеллект платформасы жұмыс істей бастады. Smart Data Ukimet  платфор­масы да қолданысқа еніп, өз жемісін беруде. Электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша Қазақстан қазірдің өзінде 193 елдің ішінде 24- орында тұр. Бұл жоғары позицияға мемлекеттік басқару саласын цифрландыру есебінен қол жеткізілді. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшылары да Қазақстанның электрондық үкіметінің тиімділігіне жоғары баға беріп отыр, – деді ол.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов қазір Қазақстан Орталық Азиядағы ең озық ци­фрлы елге айналғанын атап өтті. Мысалы, британиялық «Оксфорд Инсайтс» компа­ния­сының Елдердің жасанды интеллектіні енгізуге дайындығы рейтингінде Қазақстан 188 мемлекеттің ішінде 76-орынды иеленуі бұған айқын дәлел. Мәжіліс Төрағасы енді кезекте еліміз жаңа әрі жауапты кезеңге қадам басқанын, яғни жасанды интеллектіні барлық салаға жаппай енгізу кезеңі күтіп тұрғанын алға тартты. Оның айтуынша, осы бағыттағы ең өзекті жайттардың қатарында: жасанды интеллектіні қолдану этикасы, оның еңбек нарығына әсері, ЖИ-ды білім беру саласында кеңінен қолдану, киберқауіпсіздік, ЖИ-ді нақты секторларда және су ресурстарын басқаруда қолданысқа енгізу мәселелері бар. 

– Жасанды интеллектіні дамытудың негізгі қыры – халықаралық ынтымақтас­тық. Тек бірлескен жағдайда ғана елдер жаһандық сын-қатерлерге тиімді жауап бере алады. Осыған орай, Мемлекет бас­шысы БҰҰ аясында «Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалогті» құру бастамасын қолдады. Сонымен бірге Қазақстан өз бастамаларын да белсенді түрде ілгерілетуде. Олардың қатарында  Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес пен мемлекет, бизнес және ғылымды біріктіретін AlemAI орталығы бар, – дей келе Ерлан Қошанов бүгінде шетелдік серіктестермен бірлескен жұмыс ерекше маңызды екенін жеткізді.

Оның сөзінше, бұл шаралардың бар­лығы инновацияларды жедел енгізуді қамтамасыз етіп, елдің жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Ең бастысы, олар Мемлекет басшысы қойған үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру секілді ауқымды мақсатқа жетуге көмектеседі.

Мәжіліс Төрағасынан соң сөз алған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы Жаслан Мәдиев жасанды интеллект экожүйесін дамыту бағытында елімізде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, негізгі бағыттар – институционалдық орта қалыптастыру, инфрақұрылымды жетілдіру және адами капиталды дамыту. Бұл ретте ЖИ жөніндегі заң жобасы, Цифрлық кодекс, Ұлттық суперкомпьютерлік орталық, Ұлттық ЖИ платформасы іске қосылып, спутниктік интернет, 5G, деректер орталықтары мен оптикалық желілер кеңейтілуде. Сонымен қатар 1 млн адамды ЖИ дағдыларына үйрету, стартаптарды қолдау, Astana Hub пен халықаралық Alem.ai орталығын құру қолға алынғанын атап өтті. 

– Қазақстандық стартаптардың халықаралық нарыққа шығуын қамтамасыз ету мақсатында Astana Hub-тың жаһандық қатысуын кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінде АҚШ-та, Сауд Арабиясында, Сингапурда, Ұлыбритания­да, Дубайда және Шанхайда алты халық­аралық инновациялық хаб жұмыс істейді. Сонымен қатар көлемі 1 млрд АҚШ долларын құрайтын Qazaqstan Venture Group венчурлік қоры құрылды. 2 қазанда Digital Bridge форумы аясында халықаралық жасанды интеллект орталығы Alem.ai ашылады деп жоспарлануда. Қазір Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп орталықтың ашылуына дайындық жүргізілуде. Alem.ai экономиканың түрлі салаларына отандық жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу мен енгізуге бағытталған таланттарды, зерттеушілерді, кәсіпкерлерді және мемлекеттік қызметкерлерді біріктіретін платформаға айналады, – деді ол.

Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту мәсе­лелеріне тоқталды. Министрдің сөзінше, бүгінде 95 жоғары оқу орны ЖИ пәндерін енгізіп, 30 университетте 38 бағдарлама іске асуда, оқытушылардың жартысынан аста­мы арнайы курстан өтті. AI-Sana бағдар­ламасы арқылы жүздеген мың студент базалық білім алып, Alem.AI орталығында еңбек ететін мамандарды әзірлеу үшін қазірден бастап білім беру мен дайындық жүргізілуде. Сондай-ақ қазақ тіліндегі деректер қоры мен KazLLM үлгісі әзірленіп, тілге бейімделген қосымшалар жасалды. Қазір 62 ғылыми жоба іске асып, жас ғалымдар белсенді қатысуда. Үкімет ЖИ-ды дамыту үшін суперкомпьютерлік инфра­құрылым құрып, халықаралық серіктестікті кеңейтуде. Алдағы міндет – заңнаманы жетілдіру, кадрларды толық қамту және OpenAI-мен білім беруді трансформациялау жобасын іске асыру.

Еуропалық одақтың жасанды интеллект туралы заңын әзірлеушілер қатысушысы Генрик фон Шиль үш негізгі хабармен кел­генін айтып, Еуропалық одақтың жасанды интеллектті заңнамалық реттеудегі тә­жірибесі тақырыбында сөйледі. 

– Менің ойымша, жасанды интеллект алдағы он жылда Қазақстанды қатты өзгер­теді. Сіздердің қазірден бастап ЖИ-ға үлкен мән беріп отырғандарыңыз өте жақ­сы. Мен өзім әлемнің түкпір-түкпіріндегі ЖИ жөніндегі түрлі заңды зерттеп шықтым және сіздердің жұмыстарыңызға қатты таңғалдым. Себебі сіздер Еуропалық одақ тәжірибесінен алуға болатын ең жақсы тұстарды қолдандыңыздар, тәуекелдерді бағалаудан өттіңіздер, нарықтардың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету жолдарын ойластырдыңыздар, сондай-ақ адам құқықтарын қорғауға көңіл бөл­діңіздер, – деп бөлісті сарапшы.

Оның айтуынша, жасанды интеллект – жай ғана технология емес, үлкен өзгеріс әкелетін құбылыс. Ол экономикаға да, қоғамға да, Үкімет пен халық арасындағы қарым-қатынасқа да тікелей әсер етеді. Генрик фон Шиль өз көзқарасын қоры­тынды­лай келе, жасанды интеллекттің бес деңгейден тұратынын, ал нағыз ЖИ серік­тес ретінде қызмет етуі қажет екенін түсін­дірді. Алдағы онжылдықтың күрделі бола­тынын айтып, Үкімет үшін ЖИ-ды енгізу – ең өзекті мәселелердің бірі екенін баса айтты.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасым­бек қалалық ортадағы жасанды интеллект, оның ішінде елордадағы көлік, ТКШ, денсаулық сақтау саласындағы бірқатар маңызды қадамдарды атап өтті. 

– Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында жасанды интеллекттің қар­қынды дамуын ерекше атап өтті. Президент елімізді үш жылдың ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Бүгінде Астана жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша Орталық Азияда көш бастап келеді. Соңғы жылдары елорда да цифрлық шешімдердің бірқатары табысты енгізілді. Қала тұрғындарымен тікелей байланыс орнататын IKomek қыз­меті жыл сайын 2 миллионнан астам өті­ніш­ті өңдейді. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бо­йын­ша 120 қызмет түрін ұсынатын QalaQyzmet сервисі жұмыс істейді (жылына 200 мыңнан астам өтініш қабылдайды). Сондай-ақ жол және қоғамдық қауіпсіздік саласында интеллектуалды «Сергек» плат­формасы құрылды, қоғамдық көлікте төлем және басқару жүйесі толық автоматтан­дырылды, ал Smart Astana мобильді қосым­шасы тұрғындар мен қонақтарға арналған 70-тен астам цифрлық сервисті біріктіріп отыр, – деді.

Сондай-ақ Жеңіс Қасымбектің айтуынша, көлік саласында LRT жүйесін басқарудың ең жоғарғы автоматтандыру деңгейі – GoA-4 стандарты енгізілуде. Бұл жүйе пойыз қозғалысын машинистің қатысуынсыз толық автоматты басқаруға мүмкіндік береді. ТКШ саласында жасанды интеллект модульдері тұрғындардың өті­ніш­терін жедел талдайды. Қоқыс шығару процесі GPS-мониторинг және фото­фиксация арқылы толық бақылауға алын­ды. Денсаулық сақтау саласында 4 мил­лионнан астам рентгенологиялық зерттеуді сақтап, талдауға мүмкіндік беретін жасанды интеллектке негізделген бірыңғай PACS жүйесі енгізілуде. AI-алгоритмдер ісік ауруларын 90%-дан жоғары дәлдікпен анықтай алады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Роговтың айтуынша, бүгінде әлемде жасанды интел­лектті құқықтық реттеу бойынша екі негізгі тәсіл қалыптасқан. Бір топ елдер ҚХР мен АҚШ секілді заңнамалық шектеулер ғы­лыми прогресті және бәсекелік артық­шылықты тежейді деп есептейді. Ал басқа топ елдер, атап айтқанда материктік Еуропа мен Ұлыбритания, керісінше, ЖИ-ды өндіру мен қолдануды мұқият заңнамалық реттеуді қолдайды. И.Роговтың пікірінше, үш мәселені реттеу қажет. Біріншісі – жауапкершілік мәселесі. Яғни, ЖИ-ға құқықтық субъектілік беру мәселесі әлі де ғылыми-фантастика деңгейінде тұр. Екінші мәселе – авторлық құқық. Игорь Рогов ЖИ арқылы жасалған ғылыми еңбектер, картиналар, музыка сияқты өнімдердің кімге тиесілі екені әлі де ашық тұрғанын, тіпті әзірленіп жатқан заң жобасында да бұл сұрақтың шешілмегенін атап өтті. Үшінші мәселе – заңға қайшы, қылмыстық мақ­саттағы ЖИ қолдануға қарсы тұру. Қазірдің өзінде ЖИ-дың дауысты және сыртқы келбетті қолдан жасауда, алаяқтық пен өзге де қылмыстарды жүзеге асыруда жиі пай­даланылатынын, сондықтан оған қарсы құқықтық механизмдерді құрудың бірін­ші кезектегі міндет екенін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық трансформация басшысы Бинұр Жаленовтің айтуынша, соңғы онжылдықта отандық қаржы секторы цифрландыруда айтарлықтай табыстарға жетіп, аймақтық қана емес, жекелеген көрсеткіштер бойынша әлем­дік деңгейдегі флагманға айналды. Қазір жаңа шоттардың 80%-ы 3 минуттан аз уақытта ашылады, экономикалық бел­сенді халықтың 70%-ы мобильді бан­кингті пайдаланады. Қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға жетті.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, Қазақстанды 3 жыл ішінде «толыққанды цифрлық мемлекетке» айналдыру міндеті қойылды. Бұл ретте жасанды интеллект тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде цифрландыру мен экономикалық өсудің негізгі факторына айналып отыр.

Халықаралық институттардың (PwC, ХВҚ, Accenture) бағалауы бойынша, жасанды интеллектіні енгізу 2035 жылға қарай әлемдік экономиканың өсу қарқынын екі есеге арттыруы мүмкін және бүкіл әлем бойынша шамамен 40% жұмыс орындарына әсер етеді.

Осы технологиялық революцияның негізгі бенефициарларының бірі қаржы нарығы болады. McKinsey болжамы бойынша, жасанды интеллектіні енгізудің нәтижесінде әлемдік қаржы нарығының жыл сайынғы кірісі шамамен 340 млрд АҚШ долларына артады, – деді Бинұр Жаленов.

Оның айтуынша, қаржы нарығында ЖИ экожүйесін дамыту үшін ҚРҰБ мен ҚНРДА арнайы «реттеуші құмсалғыш» құруда. Бұл қаржы ұйымдарына ЖИ шешімдерін қауіпсіз жағдайда сынап көруге және жоғары өнімді есептеулерді пайдалануға мүмкін­дік береді. Жоба FCA/NVIDIA тә­жірибесіне негізделіп, тәуекелдерді азай­туға бағытталған.

Алдағы уақытта реттеушілер дербес есептеу инфрақұрылымын құрып, пи­лоттық жобаларға тегін қолжетімділік бе­руді, халықаралық серіктестікті кеңей­туді және қызметкерлердің ЖИ құзы­реттерін арттыруды көздеп отыр. Бұл ша­ра­лар ЖИ енгізу жөніндегі ұлттық тұ­жырымдама мен Жол картасында бе­кітіледі.

Парламент қабырғасында өткен тыңдауда халық қалаулылары жасанды ин­теллектіні елімізде қолданудың бо­лашақ тетіктерін, азаматтардың дерек­терін қорғау жолдарын және тұрақты даму қағидаттарына сай бизнес үшін тепе-теңдікті қалай сақтау керектігін талқыға салды. Барлық ұсыныс пен сын-ескертпелерді депутаттар мен уәкілетті органдар жұмыстарына енгізетін болды.

Ал тыңдау аясында өткен көрме Қа­зақстанның цифрлық бағыттағы әлеуетін айқын көрсетті. Мемлекеттік органдар мен ІТ-компаниялар ұсынған 20-дан астам жоба мемлекеттік қызметтер мен құ­қық қорғау жүйесінен бастап, ме­дицина, білім беру, логистика және құрылыс салаларына дейінгі кең өрісті қамтыды. Көрмеде телемедицина мен ерте диагностикаға арналған шешімдер, студенттер мен ерекше қажеттілігі бар аза­маттарға арналған инклюзивті сер­вистер, интеллектуалды көмекшілер мен инвестицияға арналған платформалар назарға ұсынылды.

Бұл көрме бір нәрсені айқындап берді: Қазақстан бүгінде жасанды интеллектіге сүйенген өз инновациялық өнімдерін дамытып, қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын жаңа цифрлық экожүйені қалыптастырып келеді.

Кәмила ЕРКІН,

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT