Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қазақ қоғамындағы айрықша рөлге ие ауыл мәселелері де тыс қалмады.
Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін ауыл шаруашылығының мамандары жақсы түсінеді. Негізінен алғанда нарықтық экономикаға сәйкес жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік береді.
Президент Жолдауында орынды атап көрсеткені қарапайым ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланатындығы. Күнделікті өмірден көріп жүргендей ауыр еңбекпен келген табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатқандығын куә болып жүрміз. Жерді еміп өскен ауылдағылар үшін жұмысқа деген жігер мен құлшыныс болса алдағы уақытта субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу туралы тапсырмалар беріледі. Агроөнеркәсіп саласындағы негізгі міндеттер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру міндеттері де алдағы уақыттың еншісінде.
Бүгінгі қоғамда қарапайым азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуы аса маңызды іс. Осыған орай Жолдауда ауыл әкімдерін тікелей сайлауын өткізуге назар аударылды. Ауыл ажары – азаматынан. «Азаматына қарап ауылын таны» дегендей, ауыл әкіміне сол тұрғылықты жұртшылықтың мұң-мұқтажын, елді мекеннің өзекті мәселелерін білетін, өмірлік іс-тәжірибесі бар, білімді де білікті тұлға сайлануы қажет-ақ. Ал ауыл әкімін сайлауда жергілікті жұртшылыққа да зор жауапкершілік жүктелетіндігі сөзсіз. Себебі сайлау барысында ағайын-туғанға тарту, рушылдық сияқты келеңсіз де таяз іс-шаралардан аулақ болған жөн. Ауылым гүлденіп, өркін жайсын деген әрбір тұрғын бұл маңызды саяси шараға аса жауапкершіліпен қарап, атсалысқаны жөн. Бір ғана мысал, менің туған ауылым Бақсай ауылдық округінің әкімі Қайыржан Мәжиұлы Мәжиев басқару жүйесінде іс-тәжірибесі мол, адал еңбегімен танылған, туған жерінің көркейіп дамуына жанын салып жүрген мемлекеттік қызметкер. Осындай аптал азаматтар ауыл әкімдігіне сайланып жатса, нұр үстіне нұр емес пе ағайын! Адал азаматтардың еңбегінің нәтижесінде ауыл әкімінің мемлекет пен қалың жұртшылық алдында құзыреті мен жауапкершілігі арта түседі. Заңды тұрғыдан жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін арттыру да өмір талабы. Ол үшін Президент атап көрсеткендей ауылдық округ бюджетінің мүліктік құқығын кеңейтіп, кірісін арттыру қажет. Егер оның тетігі жолға қойылса, ауыл әкімдері мен тұрғындар тарапынан жергілікті бюджеті бекіту барысында бақылауды күшейту жұмыстары жүргізілсе тиімді болмақ.
Мемлекет басшысы Жолдауда білім беру саласына ерекше тоқталып, бүгінгі жас буын келешекте Отанымыздың іргетасын нығайтушы бірден-бір күш екендігіне назар аударылғанын аңғарамыз. Президент «Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?!», - деп атап өтті. Сондықтан бүгінгі жаһандану заманында ұрпағымыздың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бұру үшін қоғам, ата-ана, мектептің өзара тығыз байланысы ауадай қажет. Жолдаудағы әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз деуі өте орынды деп білеміз. Дана халқымыз «Әкім бол халқыңа жақын бол» деген нақылды тектен-тек айтпағанына көзіміз жетеді. Қоғамның әлеуметтік жіктелуі де Президент назарынан тыс қалмады. Оның дәлелі мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік ара-жікті ұлғайту мүмкіндігі туралы әділ атап өтіліп, оған жол беруге болмайтындығын назарға берді.
Мемлекет әрдайым қарапайым мектептерге қолдау көрсететіндігін, ал бұл қадамның басты мақсаты қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашатындығы қалың жұртшылықтың ойындағы пікірді дөп басқан деп айтуға негіз бар. Себебі біздің небір ұлы тұлғаларымыз сол шағын да қарапайым ауыл мектебі қабырғасынан тәлім-тәрбие, білім алып, асқақ армандарға қол созып, толағай табыстар мен ұлан-ғайыр жетістіктерге қол жеткізгендігі белгілі.
Ұлттың жаңа болмысы қандай болуы керек. Оның жауабы халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру екендігі Жолдауда аталып өтілді. Әрдайымда жаңарған ұлт қана жаңарған елдің жетістігін дүниежүзі халқына таныта алатындығы белгілі. Оның жарқын мысалы Азия жолбарыстары атанған жапондықтар, оңтүстік кореялықтар, сингапурлықтар, малазиялықтар. Алдағы жаңа жағдайдағы басты мақсаттардың бірі жас буынды еңбек етуге бейімдеу жұмысы одан әрі қарқын алуы тиіс. Әрбір жанұя, әрбір ата-ананың басты міндеттерінің бірі – баланы жастайынан еңбекқорлыққа бағыттап, тәрбиелеуді қолға алу. Бүгінгі күні жосықсыз ысырапшылдық, бей-берекетсіз даңғазалық қоғамға да, адамға да абырой әкелмейтіндігін түсінетін кезең.
Жолдаудан түйіндейтініміз замана үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді, табанды еңбекті талап етіп отырғаны анық. Сондықтан жаңа жағдайдағы Қазақстанның жарқын келешегі еліміздің әрбір азаматының қажырлы да табанды еңбегіне байланысты болмақ.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
«Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор