Жандос АСХАТОВ:«Әскери қызмет – абыройлы міндет»

Әрбір жігіт сарбаз атанып, қолға қару ұстап, Отанды қорғауға жастайынан дағдылануы тиіс. Әскер – соғыс майданы емес, шыңдалу ортасы. Ел басына күн туған шақта туған жерді қорғай білуге баулитын орта. Жігіттік жігері жоқтығынан әскерден қашқандар Отанына адал қызмет ете алмайтыны анық.

Махамбеттік Жандос Асхатов он жеті жасында Е. Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебін аяқтап, Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының курсанты атанады. 2018 жылы тәмамдағаннан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің бұйрығымен Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылы   99116 әскери бөліміне әскери қызметке жіберіледі. Қазіргі таңда ол осы әскери бөлімде №1 Арнайы мақсаттағы барлау ротасының топ сержанты (жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі нұсқаушы) болып қызмет атқаруда. Аға сержант шеніндегі жерлесіміз бөлімдегі бір күндік жұмысын баяндап берді.

- Таңғы сағат 6:00-де жеке құрамды(сарбаздарды) ұйқысынан оятып, таңғы дене шыныктыру  жаттығуы жүргізіледі. Таңғы астан кейін сарбаздарымен саптық дайындық және радиациялық және биологиялық қарудан қорғану сабақтары бойынша жаттығу өткіземін. Одан әрі сабақ кестесіне сай тактикалық атыс  және де басқа да жауынгерлік даярлық сабактарынан теориялық және практикалық сабақтармен жалғасады. Ал кешкілік уақытта спорттық және тәрбиелік бағыттағы ісшараларымызды ұйымдастырамыз, - дейді ол.

Адам алдымен армандай білсе, соған шын құлшынса, мақсаты орындалады. Жандостың айтуынша, ата-анасы ұлының әскери емес, медицина саласының маманы болуын қалаған екен. Бірақ, бала кезгі арман оны діттеген мақсатына жеткізді.

- Жігітке тән сабырлы мінезбен қатар, адами құндылықтарды қалыптастыратын әскери ортада шыңдалу, Отан алдындағы  парызды өтеу - әрбір  азаматтың қасиетті борышы. Бала кезімнен сарбаздарға қызыға қарап, ержеткенде осындай боламын деп армандаушы едім. Темірдей тәртіп, жинақылық, тазалық, өзін-өзі ұстай білу – әскерге тән қасиеттер. Тұрақты айлық, қаржылай көмек, киім-кешек, өзге де қажетті жабдықтар, ол аз десеңіз, баспанамен де қамтып отырған қызметімнің арқасында осындай жеңілдіктерді пайдаланудамын. Жылына бір рет берілетін 45 күндік демалысым бар. Оны отбасымның жанында өткізуге тырысамын. Әскери қызмет өміріме, мінезіме айтарлықтай ықпалын тигізді. Тәртіпке бағынуға, уақытты бағалауға,  жоспарлап жүруді үйренуге, артық сөйлемеуге, сөзге, уәдеге берік болуға үйретті, - дейді Жандос Асхатұлы.

Әскери қызмет – қашанда ерекше құрметке ие. Ел тәуелсіздігін қорғау, халықтың тыныштығы мен мемлекеттің шекарасын күзетуде әскери мамандардың еңбегін ештеңемен салыстыра алмаспыз. Хадисте де ардақты Алла елшісі (с.а.с): «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі – күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі – Отанды қорғап шекара күзеткен көз», деген екен. Міне, осыдан-ақ Отанды қорғаудың маңызын түсінуге болады.

 

Балнұр САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521