Махамбеттік Бақдәулет – Михайлов атындағы артиллерия академиясының курсанты

Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі, қайсарлықтың көрінісі емес пе? Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық. Әскер қатарына барып борышын өтеп келгендер өз алдына, өмірін әскери саламен байланыстырып, оқып-білім алып жатқан махамбеттік жастар аз емес. Солардың бірі – Санкт-Петербург қаласының Михайлов атындағы артиллерия академиясының 3 курс курсанты Бақдәулет Атшыбай.

Ол 2002 жылдың шілде айының 3 жұлдызында Махамбет ауылында дүниеге келген. 8 сыныпты бітірген соң Алматы қаласындағы «Арыстан» әскери мамандандырылған лицейіне оқуға түседі. Лицей қабырғасында білім ала жүріп шахматтан түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, мектебінің намысын қорғаған. 11 сыныпты аяқтаған ол ҰБТ-дан жоғары балл жинап,  Ресей Федерациясының Санкт- Петербург қаласындағы Михайлов атындағы артиллерия академиясына оқуға түседі. Қазіргі таңда академияның 3 курс курсанты.  Мамандар адам есімінің тағдырға  әсер ететіні әркімнің сеніміне байланысты екенін айтады. Ал Бақдәулеттің анасы Ажар Қабдолованың айтуынша, ол  өзін қаршадайынан ақ батырға теңеген екен.

- Ұлым кішкентайынан елгезек, алғыр боп өсті.  Д.Төленов атындағы мектеп - гимназиясының табалдырығын алғаш аттаған жылы  даярлық тобының жетекшісі, ұстазы  Анар Жайықова оқушыларына ойын ұйымдастырған. Ойынның шарты балалар  шеңбер жасап тұрып, допты бір-біріне лақтырып, есімдерінің алғашқы әрпіне келетін өздеріне теңеу айту керек  екен. Мысалға, Сандуғаш - сұлу. Асқар - алып дегендей. Сонда Бақдәулет өзін батырға теңеген. Ұстазы шәкіртінің тапқырлығын айтып, бізді бір қуантқан еді. Сол кезде кішкентай әрі нәзік ұлым әскери адам болады деп ойламаппын. Оның осы әскери саланы таңдауына бірденбір себепші болған оның туған бөлесі, менің жиенім Кенжалы Есенаман болатын. Ол да осы Махамбет ауылының тумасы. Д.Төленов мектепгимназиясының түлегі, Бақдәулеттен бір жас үлкендігі бар. Қазір Санкт Петербург қаласында ғарыш академиясында білім алуда. Ол да біздің мақтанышымыз, - дейді анасы.

Қайсыбір ата-ана үшін бауыр еті баласын өзге мемлекетке жіберу оңайға соқпасы анық. Отбасында бастапқыда қарсылық та, қорқыныш та болғанымен, кейін жүрек қалауын жүзеге асырған ұлдарының талабына қуанып, баталарын береді. Қиындығы мен жауапкершілігі зор әскери саланы таңдап, ел қорғаны болуды мақсат еткен ауылдың қара домалақ баласының көршілес, алып мемлекеттің әскери академиясына оқуға түсіп, түлегі атануы  білім мен тәрбие беріп, Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті қалыптастырған мектеп ұжымы мен ауылдастары үшін үлкен абырой, зор мақтаныш.

 

Балнұр МӘЛІКҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT