Дөңгелек үстел.
Махамбет аудандық сотында ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдары талқыланды. Оған аудандық прокуратура, полиция бөлімінің тергеу, жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары қатысып, заң төңірегінде ойларын ортаға салды.
Аудандық сот мәжіліс залында өткен дөңгелек үстелді сот төрағасы Б.Қадырғалиев сөз сөйлеп ашты. Сот судьясы С.Амантаев баяндама жасап, Президент қол қойған заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде айтып, әкімшілік істерді жедел қарау, оның ішінде 63 құрам мемлекеттік органдарға берілгенін, 434 бап бойынша 60 мың іс қаралғанын, соңғы енген заңға өзгерістер мен толықтыруларға байланысты семинарлар ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етті.
Мас жүргізушілерге байланысты 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап жаңа заң күшіне енгенін, «Түнгі сот» пилоттық жобасы кешкі сағат 19.00-22.00-ге дейін сот әкімшілік іс қаралып отырғанын, бұл жоба Жылыой ауданында өткен жылдан бері қолданылып келе жатқанын еске салды. Жол-көлік оқиғасына шетел азаматтары ұшыраған жағдайда сол бойда мойындаса, олардан өтініш хат алып қалуға жұмыстануды тапсырды, өйткені, олар елімізде жүре бермейтінін қаперледі. Шетел азаматтарының міндетті түрде ұялы телефондарын алып қалуды, өйткені, смс-хабарлама жібергенімен, егер телефоны қосылмаса, оны оқымайтынын да айтты. Сот төрағасы Б.Мамышұлы мал ұрлығы оның құнына қарап, қылмыс санатына қарай жазасы ауырлайтынын, есірткіге байланысты жаза да қатаңдағанын, сот тергеуімен қорытынды беретінін, сот залында не айтса, соны қабылдайтынын ескертті. Өз жауабын айыпталушы мемлекеттік және орыс тілін білмесе, аудармашыны қатыстыру міндеттелетінін, хаттаманы бояп тастауға мүлдем болмайтынын қаперледі.
Аудармашыны қайдан табамыз?
Сотта тіл мәселесі маңызды рөл атқарады. Жалпы аудармашы жоғары білімді арнаулы маман болғаны жөн. Сот ісіне де аудармашының қатысқаны абзал. Көбінесе учаскелік инспекторлар бұған аса мән бермейтіні қынжылтады. Әкімшілік істер Жоғарғы сотқа дейін кетіп жатыр. Сотта кейбір адамдар тіл білмей, қойған сұрақты түсінбей жатады. Сол кезде аудармашының көмегі ауадай қажет. Соңғы кездері аудармашыға қыруар ақша бөлінуде.
Ауданымызда Өзбекстан азаматтары ұсталып, істі болғанда өзбек тілінің аудармашысы керек болып қалады. Олар қазақ, орыс тілін түсінбей, әбігерге түсіп жатамыз. Бұл мәселені инспекторларға айта-айта жауыр болдық. Әрине, ішінде қазақ тілін білетін шетел азаматтары да табылып қалады. Бұны біздің мемлекеттік тілімізді құрметтегендік деп білемін. Ол маманның арнаулы жоғары білімі болса, тіпті жақсы. Егер аудармашы болмаған жағдайда бір маманды оқытқан дұрыс деп ойлаймын.
«Аудармашыны қайдан табамыз?» деп қол қусырып отыруға болмайды. Дереу әрекетке көшкен жөн. Кейде мектептерден шет тілінің мамандарын сотқа тілмаш болуға шақыртамыз. Бірақ кейде олар ақша төленбесе келмейді. Аудармашылық оңай шаруа емес. Сананы тұрмыс билейтіні секілді қаражат төленбес е, кім келеді? Сондықтан курстарда оқытып, аудармашыны даярлап алу керектігін баса айтқым келеді. Тағы бір айтарым, инспекторлар хаттаманы сауатты, қатесіз толтырса, дұрыс болар еді. Әр хаттама датасы, сағаты сәйкес болуы тиіс. Көбінесе өзгертіп, әртүрлі етіп толтырып жатады. Содан сақ болу керек-деді сот төрағасы Б.Мамышұлы.
Уческелік полиция инспекторы Д.Расулиев жаңа заңның 440 баптың 1-3 бөліктерін сот қарайтынын, ал 4,5 бөліктері жойылып кеткенін ескертіп, қамау мен айыппұл салуды әйелдер мен зейнеткерлерге қолдануға бола ма? деген сауалын тастады. Сот төрағасы қамақ болған жағдайда іс тез қаралатынын, кей баптар жөнінде ҚР Ішкі істер министрі Тұрғынбаевқа хат жазса, артық етпейтінін, ұсталған адамға хаттама толтырып, 24 сағат қана ұстай алатынын, оның жеке куәлігі болмаса, әскери билеті болса да жарайтынын еске салды.
Учаскелік полиция инспекторы С.Жұмабаев көбінесе адамдар жеке құжатсыз ұсталатынын, жолда ұсталған индерлік азаматтардың да құжаты болмағанын, тіпті Көктоғайдың әкімшілік ісін жақын деп Махамбетке беріп жіберген жайттар да болғанын қозғады. Дөңгелек үстелді аудандық сот төрағасы Б.Қадырғалиев қорытындылады.
А.Қуанышқалиева