Ең төменгі жалақыны 1,5 есе, бюджет қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 30%-ға өсіру туралы Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруды Мемлекет басшысы қолға алды.
Оның жалақыны көтеру мерзімін ағымдағы жылдың 1 маусымнан бастау туралы тапсырмасының нәтижесінде бүгінде 1,1 миллион азаматтық қызметкердің жалақысы 30 пайызға арттырылды. Олардың қатарында білім беру саласында - балабақша тәрбиешілері, олардың көмекшілері, колледж оқытушылары, мұғалімдер, әдіскерлер, психологтар және басқа да жұмысшылар. Денсаулық сақтау саласында - дәрігерлер, орта және кіші медициналық қызметкерлер, медбикелер, лаборанттар, санитарлар, жұмысшылар, жүргізушілер және басқалары.
Әлеуметтік салада, мәдениет пен спортта, ауыл шаруашылығында және басқа да салаларда - азаматтық қызметшілер, әкімшілік және техникалық қызметкерлер, жұмысшылар, сонымен қатар орта және төмен буындағы облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер бар. Мәселен, аудандық орталық емханаға жұмысқа орналасқанына бір жылға жуықтаған дәрігер-терапевт Арайлым Ысқақованың осыған дейінгі ай сайынғы жалақысы 80 мың теңге болса, 1 маусымнан бастап 110 мың теңгеге көтерілген екен.
- Халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы осындай мәселелер мен міндеттемелердің уақытылы жүзеге асырылғаны қандай жақсы. Елбасы тапсырмасына сәйкес, маусым айынан бастап бюджеттік мекемеде еңбек ететін қызметкерлер жалақысының 30 пайызға көтерілуі тек қана менің емес, барлығымызға ортақ қуаныш болғанын жасырмаймын. Бұл бізге әсіресе, ауылдық елді мекендердегі қызметкерлер үшін үлкен көмек болып отыр. Ел мүддесі үшін еңбек ететін жұмысшылардың жағдайы жақсарса, экономикамыз да дамып, әлемдегі озық елдердің қатарынан көрінеміз деген ойдамын, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Сайын Қожрақовтан білгеніміздей, жыл басынан бері 233 адамның қатысуымен 3 рет бос жұмыс орында-рының жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 38 жұмыссыз азамат жұмыс тапқан. Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 191 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып отыр. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында биыл ауданымызда 275 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Жоспарға сәйкес аталған 275 адамның басым бөлігі бос тұрған және әлеуметтік жұмыс орындарына, ақылы қоғамдық жұмыстарға, кәсіптік білім мен қысқа мерзімді оқуға, үкіметтік және мемлекеттік бағдарламалар аясында қызметке тарты¬лмақ. Жұмыссыздық есебінде тұрған жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын бітірген жас түлектер тәжірибе мен еңбек өтілін жинақтау үшін «Жастар тәжірибесі» жобасымен жұмысқа жіберіледі. Елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында қарқынды жұмыстар атқарылуда. Осы тұста ауылдық елді мекендерде кәсіпкерліктің кең қанат жаюы көңіл қуантады.
Жыл сайын республикалық бюджеттен облысқа «Ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасына 500 млн.теңге, ал «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына 29 млн.теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Бұл кәсіп көзін тауып, алайда, қаржы мәселесінен қиындық көріп жүргендерге таптырмас мүмкіндік емес пе? Мұндай шағын несиелер жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Ауданымызда аталған бағдарлама негізінде кәсібін бастағандар аз емес. Мәселен, биылғы жылы «Ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасы арқылы 12 адам 86,0 млн.теңге несие алды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының қайтарымсыз грантына екі кәсіпкердің жобасы ие болды. Олар Мұхадия Қуангереевтың «Үміт» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаттығу залы және «Ақбаян» ЖК жетекшісі Жадыра Кенжеғұлдың «Вакуумде оралған, тазаланған және пісірілген көкөністердің жартылай фабрикаттарын өндіру» жобалары. Биылғы жылдың өзінде ауданымызда 7 кәсіпкерлік нысан бой көтерді. Оның ішінде 4 дүкен, 1 ауылшаруашылық кешені, 1 цех және 1 көлік жөндеу орталығы бар. Ол аз десеңіз, Алмалыдан «Мекен-Чикен» ет бағытындағы құс фабрикасының, Атырау-Орал тас жолының бойы дәлірек айтсақ, жаңа көпір маңынан жеке кәсіпкер Бақыт Каметовтің жолаушыларға қызмет көрсету ғимараты, Есбол ауылынан жеке кәсіпкер Еркебұлан Кенжеғалиевтың май құю бекетінің құрылыс жұмыстары жүруде. Демек, аталған нысандар іске қосылса, жаңа жұмыс көздері ашылады деген сөз. Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Жексенбай Пазулов «Алмалы құс» ЖШС-не отызға жуық бос орындарға жұмысшы-мамандар қажеттілігі жөнінде жұмыспен қамту орталығына ұсыныс бергенін айтады.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жылдық жоспар бойынша ағымдағы жылдың алғашқы жартылдығында 75 адам оқуын аяқтап бітірді. Оның ішінде 40 адам өз бизнес жоспарларын қорғап шықты, қалған 35 адам өз кәсіптік біліктілігін арттыру мақсатында оқып, сертификаттарын алды. Ауылдық округ бойынша жұмыссыз есебінде тұрған жұмыссыздарды, бизнесін кеңейтуге ынталы кәсіпкерлерді оқыту бағытында аталған жоба әлі де жалғасын табады. Айта кетер жағымды жайт, жастар жылына орай «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-29 жас аралығындағы жастарға «Жас кәсіпкер» жобасын іске қоспақ. Осы жоба арқылы жастар іскерлік бойынша жаңа білім мен дағдыларды меңгереді. Жобаға қатысқан жастар бизнес ашуға алғашқы капитал ретінде грант немесе жеңілдікпен қаржыландыруға мүмкіндік алады. Жоба қатысушыларына шәкіртақы төленетінін де атап өткеніміз жөн, - дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Болат Рахметов.
Б.Сапарова