«Жайлы мектеп» құрылысының барысымен танысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 

2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын», деген болатын. Ауданымызда салынып жатқан құрылыс нысандарының ішінде Ақкөл және Құрманғазы ауылдарында «Жайлы мектеп» жобасымен екі бірдей білім ұясы бой көтеруде. «AMANAT» партиясы аудандық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Ақынжан Хұсайынов, аудандық мәслихаттың депутаты Болатбек Өтегенов оларды аралап, жасалып жатқан жұмыс барысымен танысты. 

Кадырка ауылында салынып жатқан 60 пәтерлік үйдің төбесін жабу басталып кетіпті. Бір кіреберісінің сылағын соғу, бөлмелерді әрлеу жұмыстары қалған. Жұмыс қызу қарқынмен жүруде. Тапсырыс беруші Атырау облыстық құрылыс басқармасы. Инвестор «НКОК Н.В», мердігер мекеме «Бек и Ко», техникалық бақылаушысы «Батыс эксперт инженеринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Мердігер «Бек и Ко» ЖШС-нің учаске бастығы Жангелді Үмбеталиевтің айтуынша қазіргі күні құрылыс жұмыстарына 45 адам, 2 кран, 1 тиегіш трактор, 1 су тасығыш көлік, 1 самосовал жұмылдырылған. Қажетті материалдар уақытымен жеткізілген. Нысан 70 пайызға біте келген. Әрбір 12 пәтер сайын 1 кіреберіспен (подъезд) қамтылған.

РТС ауылындағы 600 орындық «Жайлы мектептің» үшінші қабаты біткен.  Мұнда бас мердігер «Каспий Құрылыс LTD» ЖШС, тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ. Техникалық қадағалаушы «Лидер» ЖШС. Құрылыс басында жүрген мердігер мекеменің өкілі, өндірістік-техникалық бөлімінің инженері Жасұлан Какимовтің айтуынша қазір 36х18 метрлік үлкен және 18х10 метрлік кіші залының қаңқалары құрылып, қабырғасы қаланғалы жатыр. Жұмыс күшіне зәрулік жоқ. Ақкөл ауылында да салынып жатқан осындай нысанның үшінші қабатының құрылысы кестеден кешеуілдегеннен соң мұндағы жұмысшылар сонда кетіпті. Бір-екі күнде кері оралады. Әзірге үш адам спорт залына монолит құюмен, бесеуі шатырын жабумен айналысуда.

Орталық стадионның сырты бітіп, ішкі жұмыстары жалғасуда. Мердігер мекеме «Град Строй Сервис» ЖШС. Бригадир Сабыржан Түйтаеев бізбен әңгімесінде жүгіру алаңымен қоса алғанда көлемі 105х76 шаршы метр футбол алаңына 30 см қалыңдықта бетон құйылғанын, 25 адам жұмысқа тартылғанын айтты. Газ желісі қосылып, есік-терезелері әкелініп қойылған. Енді стандарттарға сай баскетбол алаңы, биіктікке секіру орыны жасалады. Жұмысшылардың жалақысы уақытымен берілуде. 2 айда 1 апта демалысқа жіберіледі.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT