Зейнетақы жинақтарына кепілдік бар ма?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) зейнетақы жинақтары бар адам зейнеткерлік жасқа толған кезде оның зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейі ескеріле отырып, шотындағы жинақ ақша осы шотқа енгізілген жарналардың сомасымен салыстырылады.

Егер алушының қордағы жинақтарының инвестициялық табысты қоса есептегендегі жалпы сомасы инфляцияға тең және одан жоғары болса, айырма сомасы төленбейді. Ал егер инфляциядан төмен болса, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін есептейді. Бұл сома біржолғы төлем ретінде республикалық бюджет есебінен алушының банк шотына 10 жұмыс күні ішінде аударылады.

Бұрын зейнетақы жинақтарын қалыптастыру кезеңі бірнеше ондаған жылдарға созылатын. Бір жағы содан болар кейбір салымшылар: «Зейнет жасына дейін әлі талай жыл бар, оған дейін өмір де, экономика да өзгереді, жинаған ақшамыздың жайы қалай болады?»,-деп уайымдайды. Бірақ уайымдауға еш негіз жоқ. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5 бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет зейнеткердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның атына қорға аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары мен мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi. Бұл норма заңға 2003 жылы енгізілген.

Осылайша, мемлекет жеке зейнетақы шотындағы жинақтарды сақтау кепілдігін өз мойнына алды. Бүгінде Қазақстан әлемде зейнетақы жинақтарының сақталуына толық кепілдік беретін жалғыз мемлекет. Мысалы, Германияның зейнетақы жүйесі әлемдегі ең тиімді жүйелердің бірі болып саналады. Соған қарамастан бұл елдің зейнетақы қорлары жинақ ақша бойынша салымшылардың зейнет жасына толуына қарай 2 пайыздан астам мөлшерде ғана табыстылық мөлшерлемесіне кепілдік береді. Чилиде зейнетақы активтерін басқарушылар зейнетақы жинақтарының сақталуына таңдап алынған қор түріне қарай кепілдік береді. Дегенмен, зейнетақы жинақтарының көлемі соңғы 36 ай ішіндегі орташа сараланған 2 пайыздық нақты табыстылық деңгейінен төмен болмайды. Ал Швеция, Австралия, Израиль, Норвегия, Мексика, Эстония елдерінде зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік тіпті берілмейді.

Елімізде зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік механизмі 2009 жылдан бастап белсенді түрде қолданыла бастады. Өйткені, бұл кезеңде қаржы дағдарысының салдарынан зейнетақы активтерінің табыстылығы күрт төмендеп кеткен болатын. Қаржы нарығындағы ахуалдарға қарай зейнетақы жинақтарын инвестициялаудан түсетін табыс бірде жоғары, бірде төмен болуы мүмкін. Осыған байланысты шоттағы жинақтардың сомасы мен осы шотқа нақты енгізілген жарналардың арасында айырмашылық пайда болады. Сондықтан салымшы зейнеткерлік жасқа толғанда оның зейнетақы жинақтарының жалпы табыстылығы есептеледі. Әрине, бұл ретте салымшының жинақтаушы жүйеде болған бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейі ескеріледі. Демек, қаржы нарығы мен инвестициялық табысқа қатысты қандай жағдай орын алмасын, салымшылардың жинақтары сенімді қорғалған. Мемлекеттік кепілдік төлемі салымшыларға олар зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған кезде беріледі.

Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алуға кімдер құқылы?

Олар – зейнет жасына толған азаматтар, I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып, белгіленген жандар, Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және осы өтемақыны алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлері. Бұл ретте мұрагерлер арнайы өтініш және жеке басты куәландыратын құжатпен қатар мұра қалдырушының қайтыс болғаны туралы куәлік пен мұрагерлік құқығы туралы куәлікті тапсырады. Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін есептеу және төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» дирекциясы жүзеге асырады. 2018 жылдың қазан айында зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды оңтайландыру мақсатында композиттік қызмет іске қосылған болатын. Соған сәйкес зейнет жасына толған азаматтар мемлекеттік бюджеттен берілетін зейнетақылар мен қор төлемдерін және мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін бірыңғай өтініш пен қажетті құжаттарды тек бір жерге «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының ХҚКО-на тапсырады. Айырма төлемін алу үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ. Бұрын бұл азаматтар қордан зейнетақы төлемдерін алу үшін қордың өзіне жүгінетін.

Айта кетелік, қорда зейнетақы жинақтары бар I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар және Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін зейнетақы төлеу тәртібі өзгеріссіз қалады. Олар зейнетақы жинақтары есебінен төлемдерін алу үшін қорға жүгінеді. Ал мемлекеттік зейнетақылар мен мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін әрине, олар да бірыңғай өтінішпен Мемлекеттік Корпорацияға барады.

Р.Қадыржанов, БЖЗҚ Махамбет аудандық филиалының басшысы

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT