Қымбат Дәрібаева: «Тәуелсіздікпен бірге түлеп келемін»

Мен бабалар аңсаған тәуелсіздіктің таңы арайлап атқан жылы дүниеге келіп, тәуелсіздікпен бірге түлеп келемін. Ерекше кезеңде, бүкіл қазақ даласын қуаныштың күйі тербеп, иісі қазақтың жүрегінде шаттықтың сазы шалқыған кезеңде дүниеге келген маған табиғат ерекше қабілет беріп, санама шабыт сыйлады.

Мен Атырау облысының ең алыс аудандарының бірі- Құрманғазы ауданында 1991 жылы 18 қарашада дүниеге келіп, бала күнімнен анадан дарыған ерекше қабілетпен өнерге құштар болып, сырнай аспабын меңгеруді қаладым. Осы аудан орталығы Ганюшкинода орналасқан Дина Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінен 2003-2007 жылдар аралығында түймелерінен әуен төгілген қазақтың саз  аспабы  –  сырнайды  меңгеріп шықтым. Өнерге деген құрмет мені осы жылы халықтық музыка академиясы, Атырау  музыка  колледжіне  алып  келді. Осы  оқу  орнында  Камилиденов  Ерболат Әнесұлындай ұстаздан сабақ алып, сырнай сырын таныдым. Шашасына  шаң  жұқпаған  талай  таланттар  бас  қосқан  Республикалық облыстық  байқауларға  қатысып, бірнеше жүлделі орындарды иелендім.

Оқу орнындағы оркестр мүшесі бола жүріп, шеберлігімді шыңдадым. Өсу, өрлеу мені шабыттандырды. Сөйтіп, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Музыка және өнер» кафедрасында доцент Әжікен Сатым Зұлқашұлының сыныбына оқуға қабылданып, сырнай аспабын терең меңгердім. Бүгінде Махамбет ауданындағы Зәмзәм Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебінде сырнай сыныбының мұғалімімін. Өнер мектебі жанынан құрылған «Атамұра» оркестрінің құрамында түрлі байқаусайыстарда өнер көрсетіп, абыройлы іс атқарып келемін.

Өткен  жылдардың  ең  керемет сыйы- өнер ордасында жүріп келешек өмірімді аманат етіп тапсырған өнерлі азамат Елемесов Рамил Нұралыұлымен бас қосуым.  Өнерлі отбасымызда бес ұл тәрбиелеп, өнер мен өмірдің ізгіліктерін  үйретуді мақсат еткен бақытты жанмын.

Өркениетті елдің құрдасы ретінде заманның жаңашылдығына ілесе бой түзеп,  ұлттық өнердің жанашыры болып, әлі де үлкен шыңдарды бағындырғым келеді. Мен -  кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарым мен жарқын жоспарларымды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыма марқайып, әрдайым тілеуімді тілейтін қасиетті Отаным ретінде  бағалаймын!  «Тәуелсіздік бәрінен  қымбат!»  деген  бір  ауыз  сөз – менің мәңгілік ҰРАНЫМ!

 

Қымбат  ДӘРІБАЕВА,

З.Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебінің  сырнай сыныбының мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT