Ата-бабалар аманат еткен, тәуелсіздіктің тұғырына жеткенімізге, міне, биыл 30 жыл толып отыр. Бір ғана Тәуелсіздік деген сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр. Тәуелсіздік жолы - бабалар жолы, үміт жолы. Кейінгі ұрпаққа аманат болған - болашақ жолы.
Мен, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ганюшкино селосында 1991 жылы 12 сәуірде көпбалалы жанұяда дүниеге келдім. Бабалар аңсаған, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезеңде тәуелсіздікпен бірге өсіп келемін. Бала кездегі арманым, еліме пайдасы тиер мамандық иесі, яғни полиция қызметкері болу еді. Асқақ арманыма ата-анамның қолдауымен қол жеткіздім. 2008-2010 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласының Б.Момышұлы атындағы заң колледжінде білім алдым. 2010 жылдан бастап күні бүгінге дейін Атырау облысы полиция департаменті Махамбет ауданы полиция бөлімінде қызмет атқарып келемін. Өз қызметтік міндетімді атқару барысында антыма адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқықтық тәртібін қорғауға үлес қосып келемін. Еңбек еткен он бір жыл ішінде жеткен жетістіктерім де аз емес. Атап айтқанда, облыс, аудан әкімі, полиция департаменті бастығы атынан және бөлім бастығы атынан бірнеше марапаттарға ие болып, «Ішкі істер органында 10 жыл мінсіз қызмет атқарғаным үшін» ІІІ - дәрежелі медальмен марапатталдым.
Қазір қоғамдағы полиция қызметкері мамандығы тек ер азаматқа тән деген ұғым өзгерді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен өзім секілді көптеген нәзік жандылар сұлулық пен әсемдікті, күш пен батылдықты шебер ұштастыра отырып, ерлермен иық теңестіре полиция қатарында қызмет етуде.
Қызметте өзіме жүктелген күрделі міндеттерді жауапкершілікпен атқара жүріп, 2012 жылы отбасылық өмірге қадам бастым. Махамбет ауылында тұратын Даулетовтар отбасына келін болып, бүгінде бір ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған бақытты анамын. Ата-бабалардың аңсауымен, желтоқсаншы жастардың қайсарлығымен Тәуелсіздік есіктен еніп, жанымызға шаттық сыйлағалы 30 жыл болса, мен де 30 жастамын. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, ынтымағымыз бен бірлігіміз жарасып, сыйластықта өмір сүрсек, еліміздің іргесі сөгілмесі анық. Ендігі мақсат, осы еркіндікті баянды ету – біздің басты парызымыз.
Асемгүл ҚАЛИЕВА , аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Учаскелік полиция инспекторлар тобының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры