Құқықтық сауаттылық сыбайластықтан сақтандырады

Сыбайлас жемқорлық – мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына, еліміздің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, халықаралық аренада жағымсыз келбетін қалыптастырып, жүргізіліп жатырған реформаларға кедергі келтіретін құбылыс.

Бүгінгі күні еліміз бұрын болмаған саяси және экономикалық жүйені түбірімен қайта құруда өз тарихында күрделі кезеңді бастан кешуде. Оның куәсі қазіргі уақытта экономикалық қайта құрудың нақтылы нәтижелеріне қол жеткізіліп, іс жүзінде өндірісті реттеудің нарықтық тетігі қалыптасып, тауарлық жетіспеушілік құрдымға кетіп, сыртқы саудадағы оңтайлы тұрақтылық қамтамасыз етілді. Дегенмен, өкінішке орай, осы нарықтық шаруашылықты қалыптастыру өмірге бірқатар жағымсыз құбылыстар мен процестерді ала келді. Олардың бірі – елдің экономикасына үнемі кері әсерін тигізіп отырған сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикалық қызмет. Бізге белгілі экономика саласындағы қылмыстылықтың көптеген себептерінің ішінде сыбайлас жемқорлық та бар. Бұл дерттің жаппай жойылуын жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудан бастауымыз керек. Ендеше, жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына және орындауына көмектесудің алғышарттарының бірінен саналады. Атап айтқанда, ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа карсы сана қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстап, заңға қайшы әрекеттерге жол бермейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әр адамда құқықтық сауаттылығына байланысты әртүрлі болады.

Мемлекеттегі заңнамаларды жақсы білу әр адамның өз іс-әрекетіне деген сенімділігін күшейтеді. Жас ұрпақтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін күшейту маңызды.Оларды сыбайлас жемқор- лыққа қарсы мүлдем төзбеушілікке тәрбиелеуіміз керек. Дамыған елдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру барысында сыбайлас жемқорлықты рухани жағынан қабылдамауға мән беріледі. Қазір сыбайлас жемқор- лықтың барлық түрлерін жою үшін азаматтардың құқықтық санасын арттыру жүргізілуде. Өйткені, олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімінің болмауына байланысты абайсызда сыбайлас жемқорлықтың қатысушылары болып қалады. Бүгінде мемлекеттік органдарда сенім телефондары орнатылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялануда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тағылымдамалар өткізілуде. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға болады. Рұқсаттар мен мемлекеттік қызметтердің алынуын жеңілдету үшін электронды үкімет пен электрондық сандық қолтаңба, «бір терезе» қағидаты енгізілді. 2014 жылы «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» қабылданды. Стратегияның мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету. Мемлекет пен қоғам тығыз қарым-қатынаста болғанда сыбайлас жемқорлыққа төтеп бере аламыз. Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-қадамында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселелері нақты көрсетілген. Мұның барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

С.ЖҰМАҒАЛИЕВ, Ақжайық ауылдық округі әкімі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521