Вакцинация – пандемияның кесірінен келіп жатқан зардаптардан, экономиканың әр саласын тіреген тығырықтан шығатын бірден-бір баламасыз жол.
«COVID-19-ға қарсы вакциналаудан кейін бала көтеруге болмайды, өйткені бұл – у», «Масқара, жаппай халықты чиптеу басталды», «Вакцина есірткі сияқты тәуелділік тудырады», «Вакцинадан кейін қайтыс болды». Осы тақілеттес ақпараттардан ғаламторды аша қалсаңыз, көз сүрінеді. Бұрын түсірілген бейнежазбаларды өңдеп, тақырыбын өзгертіп, желіге жүктеу сәнге айналып кетті. Тіпті шетел басылымдарынан қате аударма жасап, түпнұсқадан ауытқып, теріс ақпарат таратушылар да табылуда. Халықтың ойы сан-саққа бөлініп, кімге сенерін білмей, абдырап қалды.
«ҚОЛДАРЫНА ЧИП ТАҒЫП ЖАТЫР»
«Спутник-V» вакцинасының тиімділігі мен қауіпсіздігі клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулермен дәлелденген. Қазақстанда COVID19-ға қарсы вакциналау ерікті түрде жүргізілуде. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі де вакциналаудан бас тартқаны үшін жұмыстан шығару және әкімшілік жазалар қолданылады деген қауесетті жоққа шығарды.
- Қазіргі кезде әзірленген COVID19-ға қарсы вакциналардың ешқайсысы тәуелділік тудырмайды, өйткені, олардың құрамында есірткі заттары жоқ. Қазақстандықтар «Спутник-V» вакцинасының тіркеуден кейінгі сынақтарына қатысудың қарсы көрсетілімдері, оның ішінде жүктілік туралы бейнероликті талқылауда. Кейбіреулерінің пайымдауынша, бұл препаратта «улы химикаттардың» барын және оның бала туу қабілетіне әсерін дәлелдейді. Бұл – фейк,- делінген жалған ақпараттарды әшкерелеген Stopfake.kz сайтында. Егер мессенджерде күмәнді болып көрінген хабарламаны көрсеңіз немесе оның рас-өтірігіне көз жеткізгіңіз келсе Stopfake.kz редакциясына жіберуіңізге болады.
«Гүлшат, қал қалай? Қолдарына чип тағып жатыр. Бәрімізге міндетті түрде осылай чип тағады. Егер 30 қаңтарға дейін халық қарсы шықса заң шығады дейді ғой. Бүкіл халықты чиптеп, робот секілді жүргізбекші. Содан кейін бәрімізге вакцина салады. Вакцинаның ішінде у болады екен. Менің осы жібергенімді барлық таныстарыңа таратып жібер,тез-тез». Бұл - Сиыр жылы бастала сала Whatsapp мессенджерінде кең тараған аудиохабарлама. Бәлкім сізге де келген шығар?! Тіпті хабарлама авторлары осындай шараларға наразылық білдіруге шақырады. Бұған сенген халық вакцина туралы мәліметті нақты ақпарат көздерінен емес, аты-жөні де белгісіз авторлардан келген хабарламалардан іздеп кетті.
- Интернеттен алынған, ешқандай негізі жоқ, нақты ғылыми деректерге сілтемесі жоқ, вакцинопрофилактика саласында медициналық мамандығы жоқ адамдардың айтқан деректерін емес, ең бірінші ғылыми негізделген ақпарат көзін, ғалымдардың жарияланымдарын басшылыққа алу керек. Қазақстан Республикасында бірде-бір вакцинация адамды чиптеумен байланысты емес. Осындай фэйкті жариялайтын вакцинацияға қарсылық білдірушілердің негізсіз мәлімдемесі екені мәлім. Вакцинация жасамас бұрын, әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы, - дейді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіндегілер.
Сондай-ақ ведомство қазақстандықтарды күмәнді дереккөздерден тараған ақпаратқа сенбеуге шақырады және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауаптылық қарастырылғанын еске салады. ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, осындай бұзушылық үшін 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру көзделген.
90 МЫҢ ДОЗА ДАЙЫН ТҰР
Қарағанды фармацевтикалық кешені Қазақстан Республикасының аумағында ресейлік «Спутник-V» вакцинасын тіркеу рәсімін аяқтады. 15 ақпанда Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ДЗСҰО-ның 2021 жылғы 13 ақпандағы қорытындысы негізінде Гам-КОВИД-Вак вакцинасына тіркеу куәлігін берді. Денсаулық сақтау министрлігі сараптама ұйым вакцинаның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі туралы қорытынды берген.
- Вакцинаны тіркеу нәтижесінде коронавирус инфекциясының алдын алу үшін халықты жаппай вакцинациялауға және ұжымдық иммунитет қалыптастыру процесін жеделдетуге мүмкіндік туады, - деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Осылайша Қазақстан коронавирусқа қарсы Ресей вакцинасын қолдануды мақұлдаған 27-ші мемлекет болды. Бүгінгі күні вакцина Ресей, Беларусь, Аргентина, Боливия, Мексика, Бахрейн сияқты елдерде тіркелген. Қарағанды фармацевтикалық кешені ресейлік субстанциядан дайын өнімді өндіруге сақадай сай.
- Ресейдегі «Спутник - V» мен Қарағандыда өндірілетін «Спутник-V» вакцинасының ешқандай айырмашылығы жоқ. Құрамы да, пайдалану әдістемесі де бірдей. Қарағанды фармацевтикалық кешені Ресейдің тікелей инвестициялар қорынан жеткізілетін субстанциядан вакцинаның дайын түрін өндіру технологиясының трансфертін жүзеге асырған. Жабдықтары мен жүргізілетін үрдістері ұқсас, бірдей шикізат пен материалдар пайдаланылады. Ақпан айының соңында еліміздің барлық өңіріне осы Қарағандыда өндірілген «Спутник-V»-дың 90 мыңға жуық дозасын жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар шілде айының басына дейін 2 миллион дозаны Қарағанды фармацевтикалық кешені дайындап беруге уәде етті,- дейді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Айта кету керек, Қарағанды фармацевтика кешені – биотехнологиялық препараттар өндірісіне мамандандырылған Қазақстандағы алғашқы және әзірге жалғыз фармацевтика кәсіпорны. Ол бірегей жабдықпен жабдықталған және халықаралық GMP стандартына сәйкес сертификатталған. Кәсіпорын онкология, гемофилия, гепатит, қант диабеті және өзге де ауыр әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған заманауи жоғары тиімді препараттарды өндіреді.
Вакцинация – пандемияның кесірінен келіп жатқан зардаптардан, экономиканың әр саласын тіреген тығырықтан шығатын бірден-бір баламасыз жол. Вакцинациялау – иммундық деңгей қалыптастырып, инфекцияның таралу жолын кесетін болсақ, онда біз қысқа уақыт ішінде қалыпты өмірге оралуымызға үлкен мүмкіндік. Бұл үшін ең алдымен жалған ақпараттардың таралуын тежеу қажет-ақ.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ