Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы Ұры бір түнде – бай, бір күнде – кедей құру, инвестициялар тарту процесін баяула- татын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.
Әлемнiң барлық мемлекеттерi осы бәлеге тап болып, қазiргi заманғы жағдайда сыбайлас жемқорлық мемлекетiшiлiк проблемадан бiртiндеп ғаламдық індетке айналып бара жатыр. Күні бүгін бұл індетті түп-тұқиянымен жеңген бірде-бір мемлекет жоқ.
Заманауи техника мен технологиялардың дамуына қарай сыбайлас жемқорлық та, вирустың мутациялануы сияқты, түрін өзгертіп, қауіптілігін күшейтіп отырғаны жасырын емес. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Әр ел өздерінде қабылданған заңдарға сәйкес өздерінше күресіп жатыр. Мысалы, Қытай мемлекеті ұйымдасқан топ құрып, сыбайластық қылмыс жасаған миллионерді сегіз сыбайласымен бірге тізерлетіп отырғызып, ату жазасына кескенін әлеуметтік желіге салып, жұрттың жүрегін ұшырды. Бұрынғы аталарымыз да: «Аты шулы ұры аштан өлер», «Барымташының басы бодаудан, ұрының басы төлеуден шықпайды», «Ұры байымайды, сараң семірмейді», «Ұры ұрлығын қойса да, ұры аты қалмайды», «Ұры бір түнде – бай, бір күнде – кедей» деп ұрлықтың соңы қайда апаратынын дөп басып, ұрпағын сақтандырып отырған.
Еліміздің бүгінгі күнгі өзекті мәселесі – сыбайлас жемқорлықпен күресу. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады. Адам бойындағы адалдық, парасаттылық, зиялылық арқылы жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыру – қоғамның басты ұстанымы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолмақол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс»,-деп атап көрсетті.
Президенттің сөзін оқи отырып, сонау сексенінші жылдары жұмыстас дәмдес болған, 28 жасында Исатай ауданына қарасты «Чапаев» кеңшарының директоры болып, 30 жасында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, 40 жасында ауыл шаруашылығы министрлігінде комитет төрағасы қызметін атқарған, марқұм Ауман Байдолов ағамыздың бір өсиеті есіме түсіп отырғаны. «Жігіттер қолға алған істі батыл, ешкімнен қорықпай, алаңдамай, жігерленіп, жақсы ойластырып жасау керек. Жұмыс болғасын кемшіліксіз болмайды, одан қорықпаңдар. Адам сол кемшіліктерден сабақ алады. Аталарымыздың өзі «тентектен түзелген таптырмайды» деп батылдықты қолдаған. Қорқақ, жігерсіз, жалтақ адамнан ештеңе шықпайды. Ең бастысы «Жұтқыншаққа» сақ болу керек. Жұтқыншақтан өтіп кеткен арам нәрсені кейін қайтару мүмкін емес, ол «ішті өткізеді». Кейбір азаматтар өз «нәжісіне» ар-намысын, қадір-қасиетін былғап алып, тырнақтап жинаған абырой-беделін бір сәтте жоғалтып жүргендері өкінішті»,-деп сақтандырып отырушы еді.
«Ұрының қатыны өзіне лайық» деп халқымыз бекер айтпаған. Азаматына тоқтау салмай, ұрлықпен келген арам дүниені құнығып пайдаланып отырған әйелдерге бағытталып айтылған. «Сыбырлағанды Құдай естімей ме?» деген сөз бар. Біреу біреуге бергенін кемінде екі адамға айтады. Жасаған ұрлығымды өзімнен басқа ешкім білмейді деуге болмайды. Түбі бәріне де жауап беруге тура келеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, қасымызда жүрген достарымызды, ағайын-туыстарымызды, әріптестерімізді үнемі осы індеттен сақтандырып жүру азаматтық міндетіміз екенін ұмытпайық! Дұшпан күлдіріп, дос жылатып айтады!
Қайыржан МАЖИЕВ,
аудандық мәслихат хатшысы,
«Nur Otan» партиясының аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің төрағасы
Сурет:дереккөз