«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери техникасы жазғы жұмыс кезеңіне дайын

Ақтөбе, Атырау және Ақтау гарнизондарында әскери техникалар мен қару-жарақты жазғы жұмыс кезеңіне әзірлеу үшін маусымдық қызмет көрсету жұмыстары бастады.

Әскери бөлімдерде қажетті жұмысты ұйымдастыру мақсатында нұсқаулық және әдістемелік сабақтар өткізілді, мамандардан құралған топтар жасақталды, жауынгерлік ұрыс техникаларының аумағында қауіпсіздік пен өрттен қорғау ережелерін қатаң сақтау талаптары жеке құрамға жеткізілді.

- Қазір әскери бөлімдерде маусымдық-техникалық қызмет көрсетудің барлық кешендік іс-шаралары өтіп жатыр. Яғни, май мен арнайы сұйықтықтарды ауыстыру, негізгі бөлшектер мен тораптардың, электр және гидравликалық жүйелердің жұмысын тексеру жүргізілуде. Барлық әскери бөлімдер мен бөлімшелер алдын-ала қажетті қосалқы бөлшектермен, құралдармен және жанар-жағармайдың барлық түрлерімен қамтамасыз етілген. Мамыр айының соңына дейін барлық доңғалақты және шынжыр табанды машиналарда техникалық сұйықтықтармен және майлармен алмастырылады, барлық қондырғылар мен электр жүйелері тексеріліп, реттеледі. Сондай-ақ, әр жауынгерлік машиналар паркінің аумақтары қалыпқа келтіріліп, қоймалар мен парктік аумақта ағымдағы жөндеуден өткізіледі», - дейді 41433 әскери бөлімінің материалдық-техникалық қаматамасыз ету жөніндегі орынбасары майор Бағдат Таштаев.

Қару-жарақ пен техниканың түріне байланысты әскери қызметшілер әр штат бірлігінде 50-ге дейін техникалық операцияларды орындауы керек. Маусымдық жұмыс кезінде әскери және арнайы техниканың, сондай-ақ жеке құрам мен қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған көліктердің техникалық жағдайына ерекше назар аударылатын болады.

Қару-жарақ пен әскери техниканы жазғы жұмысқа ауыстырудың соңғы кезеңінде, орындалған жұмыстың сапасы тексерілетін болады. Осы мақсатта әскери бөлімдерде арнайы комиссиялар құрылады.

ҚР ҚМ Атырау гарнизоны бойынша баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT