2019 жылғы 11 қазанда Қазақстан Ұлттық Банкінде Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары О. Смоляковтың қатысуымен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігі деңгейін және сапасын арттыру мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысы өтті.
Құрамына Ұлттық Банктің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және бірқатар екінші деңгейдегі банктердің өкілдері кірген жұмыс тобының негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі адамдарды қаржы жүйесіне ықпалдастыру, олардың қаржылық өнімдерге қолжетімділігін жақсарту және бұл салада нормативтік құқықтық құжаттар әзірлеу болып табылады.
«Инклюзивтік өсудің барынша маңызды аспектілерінің бірі мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоса алғанда, халықтың бүкіл топтары үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігі болып табылады. Қаржылық қызметтерге кеңінен қолжетімділік экономиканың барынша орнықты дамуына қолдау жасайды, оның әлеуметтік бағытын күшейтіп, халықтың қаржылық әл-ауқатын арттырады», - деді Олег Смоляков өзінің кіріспе сөзінде.
Ол қаржы реттеушісінің дамыған қаржы нарығының ажырамас бөлігі болып табылатын қаржылық өнімдер мен қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
Мүмкіндігі шектеулі адамдар, оның ішінде зағип, қозғалысы шектелген және саңырау азаматтар үшін қаржылық қызметтердің жеткіліктілігіне қатысты ахуал туралы өзінің сөйлеген сөзінде К. Иманәлиев атындағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы жөніндегі комиссияның төрағасы В. Алаев айтып берді.
«Түрлі деректер бойынша Қазақстанда 670 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Сонымен қатар түрлі себептермен «мүгедек» мәртебесін ала алмаған белгілі бір адамдар үлесі бар, оларды да қозғалысы шектелген және халықтың осал топтарына жатқызуға болады. Олардың ішінде жұмыс істейтіндері, яғни қаржы ұйымдарының әлеуетті клиенттері – 300 мыңнан астам адам», – деп хабарлады ол. В. Алаевтың айтуынша, халықтың бұл тобы қаржылық қызметтерді алу кезінде төрешілдік және психологиялық сипаттағы қиындықтарға жиі ұшырайды.
«Көптеген қаржы мекемелерінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған қажетті инфрақұрылым жоқ. Мысалы, екінші деңгейдегі банктердің барлық бөлімшелерінде пандустар жоқ, банкоматтардың, ақпараттық стендтердің кейбірі сұранысы ерекше адамдардың пайдалануына қолайлы етіп жасалмаған. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі адамдармен өзара іс-қимыл жасауда банк қызметкерлерімен нұсқаулықтар, тренингтер өткізу қажет, – деп толықтырды ол.
– Қазақстанның ұлттық заңнамасы мен заң аясындағы актілеріне осал топтарды қаржылық инклюзияның жаһандық процестері және БҰҰ мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясының нормалары тұрғысынан маңызды түзетулер енгізуді қажет етеді. Қаржы саласындағы және мүгедектігі бар адамдарды қорғау саласындағы стратегиялық құжаттар да толықтырулар талап етеді, себебі бүгінгі күні оларда қаржылық инклюзия мәселелері қамтылмаған».
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қаржылық қызметтерді алуы үшін банктер бөлімшесінің инфрақұрылымына қойылатын талаптарға қатысты нормативтік құқықтық актілерге талдау жасауды жүзеге асыруды ұсынды.
Екінші деңгейдегі банктердің өкілдері қаржылық қызметтердің барлық тараптарының мүдделері ескерілетін балама шешімдерді әзірлеу бөлігінде ұсынылған бастамаларды қарауға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ банктер мүмкіндігі шектеулі, қаржылық қызметтерді тұтынушылармен жұмыс істеу үшін жүйелі негізде қызметкерлердің ішкі даярлығын жүргізуге ниетті.
Отырыстың қорытындысы бойынша жұмыс тобының қатысушылары іс-қимыл жоспарын әзірледі, онда қаржылық қызметтердің сапасын және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділік деңгейін арттыру жөніндегі нақты шаралар кешені көзделеді.
М.Маденов, Ұлттық Банкі Атырау
филиалының экономикалық талдау
және статистика бөлімінің жетекші
маман-экономисі
Cурет:дереккөз