Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек» деп айтқан сөзі біздерге, яғни учаскелік полицейлерге тың серпін берді.
Учаскелік полиция инспекторларының жұмысының тиімділігін арттыру жылымен тұспа-тұс келген бұл Жолдау махамбетттік тәртіп сақшылары үшін де жағымды жаңалық болды. Осы орайда алдағы уақытта да Махамбет аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары қоғамдық қауіпсіздікті тиімді атқарамыз деп сендіреміз.
Өзім 2010 жылы Шымкент қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжін бітіріп, Махамбет ауданының полиция бөліміне қызметке орналасып, осы салада табан аудармастан еңбек етіп келемін. Қазіргі лауазымға келгеніме де үш жылдан аса уақыт өтті. Атқарған жұмысымызды бағалап, түрлі марапаттарға ие болдым. Атырау облысы полиция департаментінің, аудан, облыс әкімдерінің алғыс хаттарын, сондай-ақ ҚР ІІО-да «Мінсіз қызметі үшін» және ҚР ІІМ-нің «Қазақстан полициясына – 25 жыл» медальдарымен марапатталдым.
Жалпы аудан көлемінде 16 учаскелік полиция инспекторы және оның 7 көмекшісі қоғамдық тәртіпті қадағалауда қалтқысыз қызмет етіп келеді. Олар өздеріне бекітілген аймақтарда қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу мен қылмыстың себептерін анықтауда жұмыс жасайды. Төтенше жағдайға байланысты құрылған мобильдік топ құрамындағы учаскелік полицейлер карантиндік талаптардың сақталуын бақылауда жұмыстар атқарды. Соның нәтижесінде аудан көлемінде біраз заңбұзушылықтар анықталып, шаралары алынды. Қызметтері ескерілген әріптестеріме Конституцияның 25 жылдық мерекесі қарсаңында кезекті шендері табысталып, марапат ұсынылды. Мемлекет тарапынан учаскелік полицейлерді тұрғын үймен қамту бағытында да атқарылған жұмыстар бар. Атап айтқанда, өткен жылы 3 қызметкерге учаскелік полиция пунктімен біріктірілген үй берілген.
Әсемгүл ҚАЛИЕВА,
учаскелік полиция инспекторларының жұмысын
ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторы,
полиция майоры