Ұлы Жеңіске жету жолында қару асынып, қан майданға аттанған жауынгерлермен бірге тыл ардагерлері де аянбай тер төкті.
Неміс-фашист басқыншыларына қарсы шайқаста олардың еңбегі де айрықша бағаланып, жоғары дәрежелі марапаттарға ұсынылды. Жыл сайын Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында барлығына дерлік тиісінше құрмет көрсетіліп келеді.
Биыл да аудан әкімі Жәрдемғали Ахметовтің өзі бастап, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Сабиров, аудандық мәслихаттың хатшысы М.Мырзашев, қоғамдық кеңес төрағасы С.Жайлашев, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Әженов және Жастар ресурстық орталығының басшысы Ж.Дүйсембаев пен еріктілер тобы елдегі төтенше жағдайға қарамастан биыл да тыл ардагерлерінің шаңырағына барып, мерекемен құттықтап, естеліктерін тыңдап қайтты. Бүгінде көзі тірі, арамызда отырған аудандағы ардақты ардагерлер Мұхила Қарабалина, Сүндетқали Құсманов, Демеу Әмірғалиев, Мақсот Ізмағамбетов сынды талай тыл еңбеккерлері жасөспірім шағында майданға кеткендердің орнын жоғалтпай жаздың аптап ыстығында, қыстың үскірік аязында қажырлықпен еңбек етіп, Отан үшін тер төкті.
Жеңісті жақындатуға үлес қосқан батыр аналардың бірі – Тәнзила Иманғалиеваның да балалық шағы елдегі ағайынға қара жамылдырған отты жылдарға тап келеді.
- Мен Жаманқала (Яманка) ауданы, Бақсай совхозында 1929 жылдың 18 қазанында өмірге келдім. Отбасында 4 қыз, 4 ұл тәрбиелендік. Әкем Иманғали Бақсай совхозында жылқы бағып, еңбек етті. Кішкентай кезімде әкеміз дүниеден озды. Анам Балшөкен қиын кездерде балаларын тәрбиелеп өсірген жан. Совхоздың малын бағып, сауыншы болып, әртүрлі шаруашылықта қызмет етті. Соғыс зардабын біркісідей тартқан біз ойын баласы болсақ та 12-13 жастан бастап ерте еңбекке араластық. Анама көмектесіп, қой қырқысып, апаларым, інім қой жүнін қанарға салып, нығыздап басып, қанардың аузын байлап, тапсырып отырдық. Қой жүнінен қолғап, шұлық, жекет сияқты жылы киімдерді тоқып, оны майдандағы сарбаздарға салып жіберетінбіз. Ерте тұрып, кеш жаттық. Мен 14-15 жасымда-ақ өзімнен үлкен апаларыммен бірге жүріп, іс тіккен едім. Біз оларға көмектесіп, үлкендермен тең жүрдік. Қазір қарап отырсам, сол уақыттың адамдары ерекше еңбекқор болған екен. Күн-түн демей, уақытпен санаспай тынымсыз еңбек ететін. Отбасымда өзімнен үлкен 2 ағам 1941 жылы соғыс басталған шақта, үлкен ағам Нығметолла Иманғалиев, кіші ағам Қуаныш та Отан қорғауға майданға аттанды. Үлкен ағам Нығметолла соғыстан оралмады. Ал кіші ағам Қуаныш 1945 жылы соғыстан аман-есен елге қайтты. Ол полковник шенін алған, бірнеше медаль, ордендермен марапатталған. Қуаныш ағам 2009 жылы өмірден озды.
«Жолдасым Қамза Дүйсенбаевпен 1955 жылы тұрмыс құрдым. Ол өз уақытында аудандық атқару комитетінде есепші болып қызмет істеді. Өмірден ерте кетті, 44 жасында. Содан кейін бар ауыртпалықты өзім көтеріп, балаларымды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіріп, жеткіздім. Бір тәулікте бірнеше жерде жұмыс істеп жүрдім. Балабақшада, арнаулы мектепте тәрбиеші болдым, одан қала берді қонақ үйдің меңгерушісі қызметін атқардым. Бүгінде бейнетімнің зейнетін көріп отырған жайым бар. Екі ұл, үш қыздан тараған ұрпақтың қызығына бөленудемін. Ақ сүтімді ақтады десем, артық айтқандық емес. Туған күн дегенді ұнатпайтынмын, бірақ былтыр балаларым 90 жасымды жасаған. Бәріне рахмет айтамын. Иә, сұрапыл соғыстың аяқталып, бейбіт өмірдің орнағанына да 75 жыл болып қалды. Тұңғыш Президентіміз, Елбасының сарабдал саясатының арқасында қай елмен де тереземіз тең келді. Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш, аспанымыз ашық, мемлекетіміздің болашағы жарқын болсын!»,-деп тілегін арнады Тәнзила анамыз.
Бүгінде ауданымызда 150-ге жуық тыл ардагері тұрады. Олардың азаппен, қасіретпен, ауыр еңбекпен өткен әр күні еш ұмытылмайды. Солардың қатарында еңбек ардагері, «Күміс алқа» иегері Зибаш Қожантаева да бар. Ол 1928 жылдың 1 қаңтарында Гурьев облысы, Есбол ауданы, Тума ауылсоветінде өмірге келген. Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдары 1942 жылы 4 сыныптық бастауыш мектепті аяқтап, әрі қарай оқуды жалғастыра алмаған. 1943 жылдың сәуірінде Гурьев-Астархань теміржол құрылысын салуға Гурьев қаласына жіберіледі. Онда барған соң жер қазып, дамбы соғып, басқа да түрлі жұмыстар атқарған.
- Жағдай қиын болса да бәріне шыдап бақтық. Содан 1943 жылдың қарашасына дейін теміржол құрылысында жүрдім. Одан әрі 1944-1947 жылдары «Жаңа талап» колхозында көмекші шопан болып, еңбек жолымды жалғастырдым. Әрине, мал бағу оңай шаруа емес, қиындығын да қызығын да көресің ,- дейді Зибаш анамыздың өзі.
1947 жылы Қуаныш Қожантаев деген азаматпен шаңырақ құрып, өмірге 5 ұл, 3 қыз әкеліп, оларды тәрбиелеп өсірген. 1947-1968 жылдары басында Өрлік ауылында, кейін Махамбетте обаға қарсы күрес бөлімшесінің Қаңбақты отрядында санитарка болып қызмет атқарады. 1968 жылы Махамбет ауылына көшіп келіп, 1969-1980 жылға дейін аудандық ауруханада тазалықшы да болып еңбек етеді. 1980 жылы толықтай зейнет демалысына шығады. Ұлы Отан соғысының ардагерінің жары, тыл еңбеккері Зибаш Қожантаева сынды ақжаулықты анамыз аман-есен ортамызда.
Түйін:
Махамбет ауданы еңбекшілерінің майданға берген көмегі, жанқиярлық еңбектері кешегі Ұлы Отан соғысы кезіндегі еліміздің барлық аймағын қамтыған жалпыхалықтық-патриоттық қозғалыстың бір кішкене ғана бөлігі. Бірақ соның өзі зұлым жаудың шебін талқандап, Жеңіс күнін жақындатып, халқымыздың абыройын асқақтатуда зор үлесін қосқаны анық. Қайсыбір қиын-қыстау кездің тауқыметі еш ұмытылған жоқ, ұмытылмайды да. Кешегі кездесуге де аудан еріктілерінің бір үйдің баласындай жиналып, сый-сыяпатын көрсете баруы жас ұрпақтың аға буынға ізеті, тарихқа құрметі, жеңіске тағзымы деп білеміз.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ