Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен кіргізілген автокөліктерді уақытша тіркеуді тапсырды.
"Үкімет бір ай ішінде, біржолғы тәртіпте, 2020 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстан азаматтары ЕАЭО елдерінен әкелген автокөліктерді уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі тиіс. Бұл автокөліктердің тіркеуі 2021 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болады", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ол мұндай автокөліктер техникалық регламент талаптарына сай болуы керектігін айтты. Сондай-ақ, азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік бажды төлеуі тиіс.
Тоқаев бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға құқықтық баға беруді тапсырды.
"2021 жылдың 1 наурызына дейін автокөлік иелері көлікті тұрақты тіркеуге қойып, кедендік баж бен утилизациялық алымды төлеуі тиіс. Немесе көлікті елден шығаруы керек, не болмаса, заңнамамен тыйым салынбаған әдіспен мәселесін шешуі керек", - деді президент.
Мемлекет басшысы келешекте ЕАЭО аясында қол қойылатын барлық келісім Қазақстанның ұлттық мүддесін ескеруі тиіс екенін қадап айтты.
Еске сала кетсек, Қазақстанда жаңа жылдан бастап армян және қырғыз нөмірлерімен жүрген көліктерге қатысты жаңа ереже күшіне енді. Оған сәйкес, көлік иелері тіркеуден өтуі тиіс. Шетелден әкелінген көлікті Қазақстанда 10 жұмыс күні ішінде тіркеу керек.
Дереккөз: Sputniknews.kz