Құқық бұзушы Е.С. 2020 жылғы 16 маусымда 03 сағат 00 минут шамасында зайыбы А.Қ-ның үйіне барып, есікті қатты соғып, айқайлап пәтердің кіре беріс терезесін сындырып, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын іс әрекетін жасаған. Бұл туралы Махамбет аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.
Аудандық сотта Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен азамат Е.С-ға қатысты әкімшілік ісі қаралды.
Сот отырысында «WhatsApp»-желісі арқылы байланысқа шыққан Е.С-ы өзінің әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын мойындап, алдағы уақытта мұндай іс-әрекетке жол бермейтінін, жасаған әрекетіне өкінетінін айтып көрсеткен.
Сот отырысында «WhatsApp»-желісі арқылы байланысқа шыққан жәбірленуші А.Қ. өз айғағында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы қуаттап, Е.С-ның жасаған әрекетін кешірмейтінін айтып, оған заңды шара қолдануды сұраған.
Соттың қаулысымен азамат Е.С-ға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны бойынша кінәлі деп танылып, оған 9 723 теңге әкімшілік айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Сурет:дереккөз