Тарих бетінен сызылған тұлға

Махамбет ауданынан шыққан белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, заңгер, ҚР Жоғарғы Сотының тұңғыш төрағасы Әбдірахман Есалыұлы Құскелдиевтің есімі көп уақытқа дейін атаусыз қалды.

Ол кісі сталиндік репрессияның қайнап тұрған қазанына түскен жан. Ә.Құскелдиевті солақай саясат кесірінен тарих бетінен сызылған тұлға деуге болады. Небәрі жасаған саналы 50 жылдық ғұмырының 38 жылын ұлт рухына арналған азамат екені рас.

Әбдірахман Есалыұлы аласапыран заманда қоғам қайраткерлерімен бірлесіп, тізе қоса жұмыс істеді. «Тура биде туған жоқ» дегендей, ешкімнен тайсалмай, турашылдығымен көзге түсіп, айтқан ақиқатына сарғайған құжаттар куә.

Ол кісі өз адал еңбегімен өмір сүріп, ешқашан жалған сөйлемей, біреудің ала жібін аттамай, біреудің затына қылдай қиянат жасамаған жан дейді көзкөргендер. Әбдірахман аға үлкенді-үлкен, кішіні-кіші деп құрметтеп, сыйлап, неде болса, шындықты бетке айтатын әділ жан болған деседі. Сонысы кейбір жандарға ұнамаса керек. Әбдірахман аға қашанда жұмысқа бар ынта-жігерімен кірісіп, ұйымдастырғыш, қайсарлығымен, ізденімпаз, алғырлығымен, мінсіз, үлкен абыроймен еңбек еткен. Ұлағатты ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болды. Енді ол кісінің өмір жолына көз жүгіртсек, артық етпес еді деп ойлаймыз.

Әбдірахман Есалыұлы 1901 жылы Атырау облысының (Батыс Қазақстан облысы, Гурьев ауданына қарасты Редут) Талдыкөл ауылында туған. Ол РСФСР Әділет(Юстиция) Халық Комиссариаты жанындағы жоғары заңгерлік курсты бітірген.

Өз заманының озық ойлы, көзі ашық, көкірегі ояу, зиялы қауым өкілі ретінде 1920-1922 жылдары Самара, Симбирск болыстық комитетінде(волатком) іс жүргізуші, 1922-2-1924 жылдары Ново-Богатинск, «Эмбанефть» кәсіпшілігінде кеңесші, 1924-1926 жылдары Редут болыстығының(волатком) хатшысы, төрағасы болған.

1926 жылдың мамыр, тамызында Редуттегі «Қосшы» одағының төрағасы, 1926 жылдың тамызынан 1927 жылға дейін Гурьев «Қосшы» одағының төрағасы, 1927-1928 жылдары БҚО Гурьев аудандық «Қызыл отауда» халық судьясы қызметтерін атқарған. Одан әрі ол 1928-1930 жылдары Гурьев округтік нотариалдық кеңсесінің нотариусы,

1930-1932 жылдары РСФСР Жоғарғы Соты қазақ бөлімінің мүшесі, 1932-1934 жылдары жоғары заңгерлік курсының тыңдаушысы болған-ды. 1936-1937 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Сотының мүшесі болып, 1937 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында Алматы облыстық сотының төрағасы болғанына сарғайған құжаттар айғақтайды.

Атамыз Әбдірахман Құскелдиев 1937 жылдың желтоқсанынан 1938 жылдың тамызына дейін Қазақ ССР Жоғарғы Сотының төрағасы лауазымын ойдағыдай атқарған. Тек 1938 жылдың тамызында үстінен НКВД «халық жауы» деген жалған қылмыстық іс қозғап, жұмысында отырған жерінен тұтқындап әкеткен. Арада 2 жылдай темір торда жатып, 24 айдан соң атақты 58-ші баппен 1940 жылдың қазанынла үкім шығып, дүние-мүлкі кәмпескеленіп, сонау Сібірге Краснодар өлкесіне жер аударылған. Органдар күш қолдана отырып, қалайда оны «халық жауы» етіп шығаруға тырысты. Ешқашан істемеген істі мойнына іліп жіберген-ді.

Репрессияға ұшырап, жазықсыз жапа шеккен кезінде тұңғыш Жоғарғы Сот төрағасы болған Әбдірахман Есалыұлы Құскелдиевтің тағдыры қайғы-қасіретке толы болған. Жалпы қоғам және мемлекет қайраткерлерінің көбі А.Ю.Горячев басқарған КСРО Жоғарғы Соты әскери алқасының көшпелі сессиясының үкімімен жасанды бұрмаланған іс бойынша түрмеге, ату жазасына кесілген көрінеді.

Алайда Жоғарғы Соттың архив құжаттарынан Ә.Құскелдиев туралы басқа мәліметтер табылмады. Мұрағаттарға сүйенсек, оның отбасында әйелі, аурулы анасынан басқа екі қызы ғана болыпты. Заңгердің ұрпақтарынан кіші қызы Рәпіштен тараған ұрпақтары Сарытоғай ауылында тұрып жатыр. Шүкір, немере-шөберелері де бар.

r

Атақты заңгердің ұрпағы Рәпіш Әбдірахманқызының жазып кеткен естелігіне көз жүгірсек, әкесі Әбдірахманды Жоғарғы Соттың төрағасы болып тұрған жерінен НКВД «халық жауы» деп, 1938 жылдың тамызында тұтқындап әкетіпті. Оны 24 ай бойы қинап, ұрып-соғып, «халық жауы»» екендігін қалайда мойындатуға бар күшін сала жұмыстанған. Әкесін әдейі екі жылдай түрмеде ұстап, 1940 жылдың қазанында 8 жылға бас бостандығынан айырып, бар дүние-мүлкін кәмпескелеп, Сібірге, оның ішінде Краснодар өлкесіне жер аударған көрінеді. Дегенмен, іс қозғалып, тұтқындалғанға дейін Ә.Құскелдиев отбасымен Алматы қаласындағы Госпитальная көшесі, №61-12(Фурманов-Калинин көшелерінің қиылысы) үйде тұрған екен. Бұл үйден әкесі тұтқындалысымен отбасымен қалай қуып шыққанын бүге-шүгесіне дейін қызы Рәпіш өз естелігінде жазып қалдырған. Құзырлы органдар ол итжеккенге айдалып кетісімен жанұясын күштеп, қуып шығып, үйді дүние-мүлкімен қоса шегендеп, жауып тастаған дейді. Содан пұшайман күй кешкен заңгердің әйелі ауру анасын, екі қызын жетектеп, пойызбен Атырауға әзер жеткен екен.

Итжеккенге айдалған Әбдірахман ағамыз лагерьде небір қитұрқы әрекеттерді, азапты ауыр күндерді бастан кешіріп, бүкіл денсаулығын құртып, 8 жылын толық өтеп, әрең дегенде 1948 жылдың тамызында елге оралады. Бірақ ол қуанышы су сепкендей басылып, арада 4 ай өтпей жатып, оны кері 1949 жылдың 12 қарашасында тұтқындап әкеткен дейді. Сөйтіп, есіл ер Әбдірахман аға Сібірге айдауға сол кеткеннен мол кетіп, маңдайына туған елін көру бір жазбапты. Тек отбасы, тума-туысы Ә.Құскелдиевтің 1951 жылы лагерьде жүріп, өмірден озғанын естіпті. Сол кезде құзырлы органдар тума-туысына 2 жылдай Қазақстандағы ең беделді органды басқарған азамат Ә.Құскелдиевтің сүйегін алуға да рұқсат етпеген. Ұзақ уақыт ұрпақтары әкес інің 1993 жылға дейін ақталмағанын, өздері «халық жауының» балалары деп көзтүрткі болғандарын, жоғары оқу орындарына, жұмысқа кіре алмағандарын өкінішпен еске алған-ды.

Еліміз Тәуелсіздік алған соң арада 55 жыл өткен соң тұңғыш сот төрағасы Ә.Құскелдиев Атырау облыстық прокуратурасының шешімімен ғана 1993 жылдың 25 тамызында ғана ақталған. Ол Қазақстан Жоғарғы Сотының 70 жылдығына байланысты шыққан «Зерде»(«Книга Памяти») кітабына өмірдерегімен енген. Ол кісі дос-жаранға адал болған. Ол кездегі еліміздің астанасы болған Алматының бүкіл зиялы қауым өкілдері ол үйден дәм татып, жиі-жиі бас қосқан дейді. Заңгер Ә.Құскелдиев сол кеңес заманында «жүз сом ақшам болғанша, жүз досым болсын» қағидасымен өмір сүрген жан. Алайда, сол тонның ішкі бауындай, жұптары жазылмастай бірге жүрген құрбы-құрдастары, зиялы қауым өкілдері Әбдірахман аға істі болған соң оның отбасына қатыспай, одан сырт айналып кеткен дейді. Олар бұл отбасына көмектесіп, жылы сөздерімен демеуден да қалған. Мүмкін егер оған көмектессем, өзім істі болып кетермін деп қорықты ма кім білсін.

Бір кездері әкесінің Алматы қаласында тұрған пәтерінің, ондағы кәмпескеленген дүние-мүліктің құндарын өтеу жөнінде жоғарғы Сотқа шағымданса да ол жақ бұл тілекті қанағаттандырмаған. Тіпті отбасына сол кездері Алматы қаласында тұрған үйінде қалған дүние-мүлікті кәмпескелеу қағазын да қолдарына бермеген. Рәпіш ананың өзінен кейінгі сіңлісінің де ғұмыры қысқа болыпты. Анасы өмірден өткенше барлық жоғарғы құзырлы органдарға жүгініп, әкесіне қарсы қозғалған ісі туралы, оның Сібірдегі өмірі, тіпті мүрдесінің қайда жерленгенін біле алмай, пұшайман кеткен көрінеді.

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ұлағатты ғұмырымен көпке үлгі болған тұңғыш ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы болған Әбдірахман Есалыұлы Құскелдиев туралы жұртшылықты хабардар етуді парызымыз санадық.

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT