Тағам өнімдері қауіпсіздігіне, олардың Кеден одағы нарығында орналастырылуына қатысты талаптар «Тағам өнімдері қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде қарастырылған.
Ол Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы №880 шешімімен бекітілген.
Техникалық регламентті қабылдаудағы негізгі мақсат – адамның өмірі мен денсаулығын қорғау, тұтынушыларды алданып қалуға апарып соғатын іс-қимылдардан құлаққағыс ету және қоршаған ортаны қорғау. Бұл техникалық регламенттің техникалық реттеуге жататын нысандары мыналар: тағам өнімдері, тағам өнімдеріне қойылатын талаптардан туындайтын тағам өнімдерін өндіру (дайындау) процестері, оны сақтау, тасымалдау, өткізу, сату және пайдаға асыру процестері. Осы техникалық регламенттің және нақты тағам өніміне қатысты басқа да техникалық регламенттердің талабына сай және сәйкестігі бағаланып (расталып) рәсімделген тағам өнімдері Кеден одағы мүше мемлекеттер нарығында айналу құқығын беретін бірегей белгімен таңбаланады.
Сәйкестендіру, бірегейлендіру мынадай әдістермен жүргізіледі: Өнімнің атауы мен оның пайдаланылуын тұтынушы орамасында келтірілген таңбаланудағы ақпаратпен салыстыру арқылы анықтайды. Сондай-ақ анықтау тағам өнімімен бірге жіберілетін құжаттардағы осы техникалық регламентте және нақты тағам өніміне қатысты басқа да техникалық регламенттерде келтірілген белгілерін салыстыру арқылы жүргізіледі.
Кеден одағы аумағында айналымдағы тағам өнімдері оны өнім өндіруші белгілеген жарамдылық мерзіміне сай пайдаланған жағдайда қауіпсіз болады.
Махамбет аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасымен өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан бойынша орналасқан 20 сауда объектісінен 98 тағам өнім түрі сатып алынып, сараптамаға жолданды. Нәтижесінде 3 тағам микробиологиялық, 5 тағам физикалық-химиялық көрсеткіштері бойынша және 15 тағамның таңбалануы мемлекеттік тілде көрсетілмегені анықталып, 2 жеке кәсіпкерге ҚР ӘқбК 425 баптың 1 бөлігімен айыппұл салынды. 11 жеке кәсіпкерге құқықбұзушылықты жою туралы ұйғарым берілді. 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында 28 тағам түрі сатып алынды, сараптама қорытындысы бойынша 2 тағам физикалық-химиялық, 3 тағам таңбалану көрсеткіштеріне сәйкес келмейтіні анықталып, 2 жеке кәсіпкерге ұсыныс хат жолданды.
Тұтынушыларға айтарымыз, алынған өнімдеріңіздің таңбалануына мұқият қарауларыңызды сұранамыз. Өнімнің шығарылған уақытына, жарамдылық мерзіміне, ЕАС, мемлекеттік тілде болуына, сыртының бүтіндігіне, ГМО жоқ екенін білдіретін белгісіне мән беріңіздер. Қауіпсіз өнімді таңдай біліңіздер!
К.Әжденғалиева,
жетекші маман
Сурет:дереккөз