Бүгін кешкісін ватсап әлеуметтік желісі арқылы Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл елді мекенінде төбесі жоқ лашықта өмір сүріп жатқан қария туралы әуесқой бейнебаян(видео) тарай бастады.
Бейнебаянда(видео) қарт адам өзінің есімі Әубекеров Аманжол екенін, ағайындары көмектеспеген соң, осындай жағдайда ғұмыр кешіп жатқанын айтады. Осыдан кейін Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Марат Сәрсенғалиевқа хабарласып, мән-жайды сұрап білдік.
-Бейнебаяндағы (видео) адамның есімі Аманжол Әубекеров екені рас. Бұл азамат 1957 жылы туған, бұған дейін Атырау қаласында жұмыс жасаған. Қазір жұмыссыз қалған соң Талдыкөлдегі інісінің үйіне келеді. Бірақ тума-туыстарымен мінезі келіспейді. Өзінің жеке көлігі бар. Бейнебаянда көрсетілген жерге өзіне шағын үй салу үшін орналасқан. Тіпті үй салуға қажетті материалдарын да апарып қойған. Ол адам лашықта тұрып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Өзім барып онымен сөйлесіп, інісінің үйіне апарып орналастырдым. Інісінің айтуынша, оны ешкім үйден қумаған көрінеді. Бұл азамат бұған дейін де маған жер сұрап келген болатын. Ауылдың іргесіндегі екі шаруа қожалығына қарауыл керек. Баспанасын тегін ұсынып тұр, оның үстіне жалақы төлейді. А.Әубекеровке осы жұмысты ұсынған болатынмын. Бірақ ол жалақысы аз деп барудан бас тартты. Аталмыш бейнебаянды түсірген адамды ауылдық округтің учаскелік инспекторы іздестіріп жатыр. Ол адамның мәселенің байыбына барып алмай, жалған ақпарат таратқанына түсіне алмадым, – дейді Бейбарыстың әкімі.
«Жайық-Ақпарат»