Президенттің биылғы Жолдауында да жылдағыдай ел үшін өзекті мәселелер қамтылды. Соның бірі агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау қажеттігі айтылды.
Мен саналы ғұмырымды, қажыр-қайратымды ауылды дамытумен байланыстырып келе жатқан адам ретінде, Мемлекет басшысының «ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор, бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз» деген сөзіне толықтай қосыламын.
Сапалы азық-түлік денсаулық кепілі. Табиғи таза өнім ауылдардан шығарылуы тиіс. Президенттің айтып отырғаны да ауылшаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде сата бермей, өңдеп, жейтін азық қылып халыққа ұсыну.
Махамбет ауданында оған мүмкіндік мол. Өйткені мал өсірумен және егін егумен айналысып отырған жеке шаруашылықтар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Оған мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар ең басты себеп. Қазір Үкімет кәсіп қылып несібемді табам деген адамның қолын қағып отырған жоқ. Қаржылай қолдау әсіресе ауыл тұрғындарына орта және шағын бизнесті дамытам дегендерге беріліп келеді. Осындай әр жерде, өзімен-өзі кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа қожалықтарын бір жерге шоғырландырып, яғни кооперативтерге біріктіру керек. Қазір кооператив құрамын және оның жұмысын жүргіземін деп құлшыныс танытқандарға 27 млн.-ға дейін жеңілдікпен несие беріледі. Мұндай кооператив осыған дейін Бақсай ауылдық округінде құрылған болатын. Сол кезде бір жерге шоғырланған, мал өсіріп отырған шаруалар 1 жылдың ішінде 365 сиырды бордақылап сатып пайда көрген еді. Кейін кооперативке бөлінетін субсидия тоқтап қалған соң, әп-әсем басталған жұмыс та орта жолдан тоқтады.
Қазіргі егін егудегі басты технология тамшылатып суару десек бұл біздің ауданымызда жақсы жолға қойылған. Егін егіп отырған шаруа қожалықтарының барлығы дерлік осы технологияны қолданып отыр. Кооперативке дұрыс қолдау көрсетілсе, біріккен шаруалар алдымен қоймасын салып алар еді.
Өнімдерін сол қоймада сақтап, өңдеп, консервілеп немесе тағы басқалай сатылымға шығарған болар еді. Бұл қолдан келмейтін шаруа емес. Кезінде Сарытоғай ауылында алманы өңдейтін зауыт болғанын көнекөз махамбеттіктердің барлығы біледі. Алма мен алмұрттан, тағы басқа жемістерден компот, шырын, тосаптың түр түрін шығарып республиканың түкпір-түкпіріне жеткізгені қазір ертегі секілді естіледі. Алайда бұл ертегі емес. Ондай ауқымды жұмысты қазір де іске асыруға болады.
«Арқа жылы болса арқар ауып несі бар» деп ата-бабаларымыз айтқандай,
ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі ауылдардың өзінде қолға алынса, жастар қалаға барып, үй жалдап, жұмыс іздеп тентіреп жүрмей, ауылда тұрақтап қалар еді. Сонда ғана Президентіміз айтқан алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізе аламыз.
Қайыржан Мәжиев,
Махамбет аудандық мәслихатының төрағасы