Президент биылғы халыққа жолдаған Жолдауында азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырды.
Еңбекақының ең төменгі мөлшері үш жыл ішінде екі есеге көбейді. Мемлекет басшысының айтуынша бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.
Еңбек нарығы ең нәзік тақырыптардың бірі. Мекемемізге жұмыс сұрап келетін адамдар көп. Олардың көпшілігін ең төменгі жалақының жыл сайын өсіп жатқаны қуантады. Жұмыссыздарға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп жатқанына риза болып, екі қолға бір күрек табылғанына ризашылықтарын білдіреді.
Сондай-ақ бұған дейін жалақысы көп жерде жұмыс жасап қалған, ең төменгі жалақыны місе тұтпайтын, жоғары жалақылы жұмыс тауып беруді талап ететін адамдар да ішінара кездесіп қалады. Оларға түсінік жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Жұмыссыздарға барынша жұмыс тауып беруге жұмыстанамыз.
Мысалы жыл басынан бері жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан–1350 адамның 1076-сы әр түрлі белсенді шараларға қатысуда. ТШО ЖШС бойынша оқуға -11адам жіберілсе, 137 адам онлайн оқу оқыды. Бастау бизнес бойынша 120 жұмыссыз оқытылды. 14 адамға мемлекеттік грант беріліп, кәсібін бастауға жағдай жасалды. 53 адам әлеуметтік жұмыс орнына орналасты. Жастар тәжірибесімен 25 жас жұмысқа жіберілді. Алғашқы жұмыс орны жобасымен 4адам, Күміс жас жобасымен 31адам қызметке орналасып қуанышқа кенелді. 322 адам қоғамдық жұмысқа тартылса, тұрақты жұмыспен 359 адам қамтылды. Ауданда бос жұмыс орындарына 1 рет жәрмеңке өткізілді. Оған 92 жұмыссыз адамдар қатынасты. Үш жұмыс беруші мекеме 34 адамды жұмысқа қабылдады. Еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, осындай ауқымды жұмыстарды атқарып жатырмыз.
Елдің экономикасы дамып, алға озуы үшін бәсекеге қабілетті өнім шығарудың маңызы зор. Бұл істі жүзеге асыратын бәсекеге қабілетті, білім мен шеберлікті бойына жиған азаматтар екені анық. Сондықтан да еңбек нарығы мен маман даярлау жүйесі арасында тығыз байланыс болуы тиіс деп ойлаймын. Еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін бекітілетін 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарда негізгі назарды кәсіптік бағдарға аудару қажет. Еңбек ресурстарына оқыту, қайта оқыту және біліктілігін арттыруға айрықша мән берген жөн. Алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыруға барынша күш салатын боламыз.
Ақнұр Нұрғазина,
Махамбет аудандық Мансап орталығының басшысы