Тұтынушы заң білсе, құқы да тапталмайды!

Өркениетті елдердегідей емес, біздің қоғамда қарапайым тұтынушы құқын қорғаудың өзі өзекті мәселеге айналып отыр.

Бір ғана 2020 жылдың өзінде отандастарымыздың 60% - ға жуығы сапасыз тауар сатып алу және қызмет көрсетуден жапа шеккен. Бұған жай ғана салғырттық деп қарамау қажет, ең алдымен зайырлы елде өмір сүретіндіктен, заң сатып алушының жағында. Тұтынушы құқын таптап, саудасын жалғастырып тұра берем деген сатушыларға, сапасыз қызмет көрсететін алаяқтарға да елімізде заңмен тосқауыл қойылғанын білген абзал.

Жаңа заңдағы жаңа өзгерістер

2020 жылғы 25 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген түзетулерге қол қойды. Бұл өзгерістердің мақсаты тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы құқықтық қатынастарды жетілдіру, тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу институтының рөлі мен мәртебесін күшейту, сондай-ақ бизнестің тұтынушылар алдындағы материалдық және әлеуметтік жауапкершілігін арттыру болып табылады.

Заңның негізгі міндеті сатушы (дайындаушы, Орындаушы) мен тұтынушы арасындағы жанжалды жоюға жұмсалған уақыт пен ресурстарды азайту болып табылады. Осыған байланысты тұтынушылардың шағымдарын қараудың және сатушылармен (дайындаушылармен, орындаушылармен) дауларды шешудің әртүрлі әдістері заңнамалық түрде енгізілді.

Тұтынушы мен сатушы арасындағы дау көп жағдайда сапасыз қызметтің салдарынан болады. Халықты алдау, сапасыз тауарды түрлі жеңілдік, акциялармен өткізіп жіберу немесе сатып алынған заттың кепілдік мерзімі аяқталмай бұзылуы және оның ақшасын қайтармай тұтынушыны әуре-сарсаңға салу сауда орындарында жиі орын алатын көрініс.  Алайда, заңды белшесінен басып, алдына келген клиенттің аңғалдығын пайдаланып айласын асырып кетем деген әккі сатушыларға  қай нәрсе де заңмен жауапқа тартылатынын ескерту артық емес.

2020 жылғы «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңға өзгерістердің алғашқы пакеті енгізіп, нәтижесінде дауды реттеудің 3 сатылы механизмі пайда болды. Біріншісі – дауды сотқа дейін шешу. Екіншісі – шағымды уәкілетті орган аясында реттеу. Осы ретте әкімдіктерге әкімшілік шараларды қолдану құзыреті берілген болатын және үшінші сатыда шағым сотқа жіберілмек. Алайда даудың басым көпшілігін алғашқы екі сатыда шешуге басымдық берілген. Заңдағы жаңашылдықтың бірі – тұтынушылардың шағымдарын қабылдаудың е-Тutynushy бірыңғай ақпараттық жүйесінің іске қосылғаны және Үкімет жанындағы ведомствоаралық кеңестің құрылуы. Заңда, сондай-ақ, тұтынушы шағымын 10 күн ішінде қарау көзделген.

Нақтылап өтсек, қазақстандық тауарларды шетелдік нарықтарда дамыту және ішкі нарықты сапасыз импорттық тауарлардан қорғаудың тиімділігін арттыру мақсатында 2019 жылғы 17 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі құрылды.  Аталған Жарлықты іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің сол жылғы 10 шілдедегі №497 қаулысымен осы Министрліктің жанынан Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті құрылып, әр облыста арнайы департаменттер жұмыс жасауда. Комитеттің негізгі миссиясы- тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында тұтас және тиімді саясатты қалыптастыру. Бір ғана Атырау облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бойынша  қазіргі таңда 149 арыз келіп түскен.  Оның 74-не түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, 60 арыз қанағаттандырылған, ал 15 арыз департамент құзіретіне жатпағандықтан тиісті органдарға қайта жөнелтілген.  Күні бүгінге дейін тұтынушы тарапқа заңды талаптардың негізінде  50.000.000-ға жуық ақша кері қайтарылған.

Қандай тауар кері алынбайды? 

Жалпы тұтынушыға сатып алынған тауардың ақшасы қашан? қалай кері қайтарылады? деген сұраққа жауап іздесек, барлығы заңда тайға таңба басқандай жазылып тұр. Көп жағдайда тұтынушылар өз құқықтарын білмегендіктен сатушылардың «жеңілдікпен алынған тауар қайтарылмайды, бізде мүлдем возврат жоқ!» деген сөздеріне алданып қалады. 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңының 30 бабының 1 тармағына сәйкес мыналарды:

  1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды;

      2) іш киімді;

      3) шұлық-ұйық бұйымдарын;

      4) жануарлар мен өсімдіктерді;

     5) метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы;

      6) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын қоспағанда, егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

Сенген қойым сен болсаң...

Осы орайда кейбір заңгерлер мен дүкеншілер, базар әкімшілігіндегі мамандар қарапайым халыққа заңды дұрыс түсіндірмей жіберетін фактілер де жоқ емес. Мәселен, жуырда өзім  осындай салғыртыққа куә болдым. Осы облыстағы мен деген бір адвокат мырзадан 30 бапты түсіндіріп беруін өтіндім және жеңілдікпен алынған киім кері қайтарыла ма деп сұрадым. Ол кісі «30 бап бойынша киім кері қайтарылмайды» деп жауап берді. Ал, заңда: «Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, егер тұтынушы осы сатушыдан (дайындаушыдан) сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуге тиіс» деп жазулы тұр. Демек, жоғарыда көрсетілген, аты аталған, түсі түстелген тауарлардан басқа киім-кешек, техника, құрал-жабдық, тіпті жарамдылық мерзімі асқан азық-түлікті де қайтарып, ақшасын талап ете аласыз. Тек бұл жерде сіздің бір ғана 30 бапты білуіңіз жеткіліксіз болуы мүмкін. Неге? Себебі, халық жиі баратын әсіресе базарда, бутиктерде сатушылардың өз заңдары бар. Олар бәрі бірауыздан келіскендей сізге өз құқытарын қорғап, қарсы шығуы мүмкін.  "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының белгілі бір қағидалары мен нормаларын білу мұндай мәселелерді жылдам әрі нәтижелі шешуге көмектеседі. Ең алдымен, сатушының үстінен шағым айтпас бұрын қолыңызда қандай айғақтарыңыздың барына назар аудару керек? Мәселен, ұялы телефон сатып алынды делік, бұл кезде мүмкіндігінше тауардың жарамдылығын тексеру, төлем жасалғандығын растайтын чек, сатып алынған заттың паспорты мен кепілдік талоны сізде болғаны жөн. Егер осы құжаттардың барлығы қолыңызда болып және ұялы телефонның әуел бастан ақауы болғанын дәлелдей алсаңыз, ҚР заңының 30-бабы 2-тармағына сәйкес, «тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы немесе дайындаушы оны дереу ауыстыруға міндетті. Ал тауардың сапасына сараптама жасауды талап ететін қосымша тексеру қажет деп тапса, оны бір мезгілде істеу мүмкін емес. Мұндай әрекеттерге тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн беріледі. Егер бұйым бастапқыда-ақ сапасыз болғандығы анықталса, ол қолданыста болмаған осыған ұқсас жаңа тауарға айырбасталуы керек. Егер талап қойылған кезде сатушыда (дайындаушыда) ауыстыруға қажетті тауар болмаса, ауыстыру талап қойылған күннен бастап он күн ішінде жүргізілуге тиіс. Тауар сапасын қосымша тексерудің (сараптаманың) құнын сатушы (дайындаушы) төлейді. Егер дүкен талапты орындауда Заңда белгіленген мерзімнен асырса, әрбір мерзімін өткізіп алған күн  үшін тауар құнының 1%-ы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға болады.

Жеңілдікпен алсаңыз да қайтарады!

Киім –кешекке де қатысты солай. 14 күнге дейінгі жарамдылық мерзімі өтпеген, тауарлық белгілері мен көрсеткіштері, төлем чегі сақталған жағдайда сауда орынына немесе сатушыға кері тапсыра аласыз. Осы ретте біз тұрғындарға түйткілді сауал болып жүрген жеңілдікпен алынған тауарларды қайтару мәселесіне жіті тоқталғымыз келеді. Атырау облысы Тұтынушылардың құқын қорғау департаментінің басшысы Алем Уалиев мырзаға арнайы хабарласып осы сауалдың заң аясындағы шешімін сұраған едік: «Ең алдымен тұтынушы тауардың не себепті төмен бағамен сатылып жатқанын білгені дұрыс. Жұмыс қабілетіне әсер етпейтін ақау салдарынан сатылған тауар болуы мүмкін. Бұндай жағдайда оның ақауы бар екендігімен келіссеңіз және әрі қарай сатушыдан ақауларды жоюды талап етуге құқығыңыз болмайды. Мысалы, сіз төмендетілген бағамен электр пеш алдыңыз делік. Оның сырты майысып қалған. Сіз оны білдіңіз, бірақ пеште басқа проблемалар бар болса, мысалы ол қызбаса, оны басқаға айырбастауды немесе оның құнын толық қайтаруды талап етуге құқығыңыз бар. Ал егер, сұранысқа ие емес немесе ескі топтаманы жою мақсатындағы сатылым болса, алған затыңыз сізге қандай да болмасын параметр бойынша сай келмесе, сатушының қайтару мүмкін емес деген ескертпесіне қарамастан, қолыңызда кассалық чегіңіз болса, затыңызды дүкенге 14 күннің ішінде қайтаруға толық құқығыңыз бар» деп нақты жауап берді. Депатрамент басшысының айтуынша күнделікті келіп-түскен арыз-шағымдардың расында тауардың фисакальді чегін алмаған жайғдайлар да кездеседі екен. Бірақ, қолыңызда белгілі бір банк қосымшасынан төленген соманың электронды чегі болса немесе кімнің сатқанын және сатып алғандығын растайтын куәгерлердің жауаптары да  жеткілікті. Сондықтан чектің болмауы тауарды айырбастаудан немесе оны қайтарудан бас тартуға себеп болмайды екен.

Сапасыз көлікті сот арқылы салонға тапсырды

Бүгінгі таңда Атырау облысы бойынша департамент жұмысы қарқынды жүріп  жатыр және халықтың да сенімі оянып келеді. Күні бүгінге дейін қарқынды жұмыс жасап отырған аталмыш мекемеге тұтынушы тараптан 149 арыз келіп түскен.  Оның 74-не түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, 60 арыз қанағаттандырылған, ал 15 арыз департамент құзіретіне жатпағандықтан тиісті органдарға қайта жөнелтілген.  Күні бүгінге дейін тұтынушы тарапқа заңды талаптардың негізінде  50.000.000-ға жуық ақша кері қайтарылған. Сол күнделікті арыз-шағымдардың арасынан олар тіпті сапасыз автокөлікті де кері салонға тапсырып, сатып алушыға қомақты ақшасын қайтарып алуға көмектескен. Атырау қаласы тұрғыны өзінің автокөлік салонынан алған темір тұлпары аз уақыттың ішінде 3 мәрте сынып, ақауы шыққанын айтып шағымданады. Аалайда, салон қызметкерлері оған көлікті ауыстырып беруден, ақшасын қайтарудан бас тартады. Сөйтіп, департамент мамандары азаматқа наразылық арызын жазуды ұсынады. 10 күн ішінде аталмыш салонның берген жауабына қанағаттанбай, депатрамент мамандарының кеңесімен сотқа талап арыз жолдайды. Сот отырысында көліктің сапасыз, тиісті емес тауар екені дәлелденіп, зардап шегуші тарапқа 12 млн көлеміндегі көліктің ақшасы қайтарылады.

Заң бәріне ортақ

Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, тұтынушы мен сатушы тараптың арасында жеңіс үнемі біржақты бола бермейді. Себебі, сатушына да сан соқтырып кеткісі кететіндер де аз емес. Мәселен, Соңғы кезде жұма күні жиһаз сатып алып, сенбі-жексенбі күндері қонақ күтіп, дүйсенбі күні жиһазды қайтарып беретіндер пайда болған. Немесе, балалардың киімдерін сатып алып, бір кигізіп, қайтарып жатады, кейде өздері қымбат көйлекті бір кешке киюге алып, қайтара салғысы келетіндер де табылады. Алайда,  ол киімнің киілгенін дәлелдеу қиын емес. Егер сатушы тауардың пайдаланылғанын дәлелдесе, тұтынушыдан барлық шығынды сот арқылы өтеп алады. Сондықтан өз құқымызды қорғау алдында да арымыз таза болуы керек.

«Мемлекет басшысының 2019 жылғы 26 қаңтардағы №229 Жарлығына сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге тыйым салынды.

Осыған байланысты кәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалау барып жүргізілмейді. Алайда заң барлығына ортақ. Көптеген жеке кәсіпкерлер арасында жоспардан тыс тексерулер тағайындалмаса, тұтынушылардың құқықтарын бұза отырып, жазасыз қаламыз және жауапкершілікке тартылмаймыз деген қате түсінік қалыптасқан» дейді департамент басшысы А.Уалиев.

Түйіні:

Заңды білмеу, ешкімді жауапкершіліктен құтқармайды. Егер сіздің тұтынушы ретінде құқыңыз өрескел бұзылып, сатып алған тауарыңыз жарамсыз, сапасына сәйкес емес немесе т.б себептерге байланысты болып  тапсырған жағдайда сатушы ақшаңызды қайтарудан бас тартса мына қағидаларды ескеріңізі:

1. Кез келген сауда орынында фискальды чекті немесе тауарды сатып алғандығыңызды растайтын кез келген басқа құжатты талап етіңіз.
2. Қымбат тұратын заттарды досыңызбен және танысыңызбен бірге жүріп сатып алыңыз, яғни куәгеріңіз болады;3
3. Егер сатушы сіздің заңды талаптарыңызды орындаудан бас тартса, сотқа және құқыққорғау органдарына жүгінетініңізді ескертіңіз, оған көнбесе мекеме әкімшілігіне жүгініңіз.
4. Егер әкімшілік те талабыңызды орындамаса, тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасына өтініш жазасыз немесе бірден сотқа талап-арыз жазасыз. Атырау облысы бойынша 32-10-36, 32-10-54 нөмірлеріне хабарласуға болады немесе  Атырау қаласы, Азаттық даңғылы 31А мекен-жайына бара аласыз.

А.САТАЕВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521