Денсаулық «Аяланың» аялы алақаны

Қазақстанға келген алғашқы күндерден бастап елдің әлеуетін ескеріп, әлеуметтік жобаларды жандандыруды қолға алған бірден-бір белді компаниялардың бірі - «Шеврон».

Қайырымдылықжобаларын қаржыландырып қана қоймай, қызметкерлерінің өзі ерікті атанып, көмекке мұқтаждарға қол ұшын созып отыратын осынау ауқымды компанияның «Аяла» қайырымдылық  қорымен ынтымақтастығына биыл 12 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында  Шевронның қаржыландыруымен «Аяла» қоры 80 денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау ұйымдарына 541,2 млн теңге мөлшерінде көмек көрсеткен.

Екі мыңнан астам баланы өлімнен арашалаған

«Аяла» қайырымдылық қоры 2007 жылғы  мамырда құрылған. Қордың басты миссиясы қазақстандықтарды қайырымдылық дәстүріне және мәдениетіне тәрбиелеу болды.  Өзінің он жылдан астам қызмет мерзімінде «Аяла» Қазақстанның 67 қаласындағы 263 мекемеге көмек көрсетті. Жалпы қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға  4 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Бұндай қомақты қаражат «Шеврон» секілді ірі компаниялар мен демеушілердің, сіз бен біз секілді мейірім теңізіне тамшыдай болсын үлес қосамын деген қайырымды жандардың арқасында жиналды.  Олар осы жылдар ішінде еліміздің түкпір-түкпіріндегіперзентханалар, перинаталдық орталықтар, балалар ауруханалары, емханалар мен санаторийлерге, сондай-ақ сәбилер мен балалар үйлеріне, түзету мектеп-интернаттарына және балабақшаларға қажетті құрал-жабдық, киім-кешек, азық-түлікке дейін алып беріп, арнайы түзету кабинеттерін жасақтады. «Аяла»қайырымдылық қоры жұмысының негізгі бағыттары – балалардың денсаулығын сақтау, білім беру және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына көмек беретін қайырымдылық жобаларын іске асыру.  Қордың барлықжобаларының мақсаты бір Қазақстан Республикасында сәби және бала өлімі мен мүгедектігін азайту, балалардың өмірін жақсартатын қоғамдағы жақсы өзгерістерді алып келу.  

«Шевронмен» жүзеге асырып отырған жобаның негізгі мақсаты туабітті ауруға шалдығатын балалардың өмірін аман сақтап қалу, олардың денсаулығын жақсарту, оңалту жұмыстарына ат салысу, қажетті құрылғылар мен білікті мамандарды даярлау болып табылады.  Күні бүгінге дейін «Аяланың» араша түсуімен мамандар 2000-нан астам баланың өмірін аман сақтап қалды. Бір ғана осы жобаның аясында 300-ден астам неанатолог дәрігерлер біліктілігін арттырып, шетелдік мамандардан мастер-кластар мен тренингтерге қатысып, Корей профессорларының 50-ден астам кеңесін тегін тыңдауға мүмкіндік алды, 170 бірлік жабдық ауруханалар мен орталықтарға табысталды. ​  

Өткен 2021 жылдың өзінде қор ірі демеушілер мен халықтан жиналған 480 млн теңгенің 216 млн-ын Қазақстанның 12 перинаталдық орталығына 80 дана жаңа  медицианалық аппараттар алуға жұмсаған. Бұл алдағы 5 жылдықта мыңдаған баланың өмірін аман алып қалуға көмегін тигізетін құрылғылар деп отыр мамандар.        

Мәселен, 2022 жылдың наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласындағы көпсалалы ауруханаға тарту етілген ультрадыбыстық аппаратпен еліміздің 20 маманы онлайн, офлайн режимде тәжірибе дәрісін алып, арнайы сертификаттар иеленді.    

«Шеврон» компаниясымен ынтымақтастық жылдарында  «Аяла» екі негізгі бағытта жұмыс атқарып келді. Бірінші, балалар денсаулығын сақтау саласына көмек, екіншіден мүмкіндігі шектеулі, ерекше балалардың білім алу, даму бағытына  зейін қойылды. Қазіргі таңда компания мен қор нәрестелер өлімі мен балалар мүгедектігінің алдын-алу үшін күш біріктіріп басты назар аударып отыр. Өкінішке орай, біздің елімізде соңғы 5 жылда жаңа туған сәбиден 18-жасқа дейінгі  балалар мүгедектігі 2 есеге көбейіп кетті.  «Аяланың» осы күнге дейінгі тәжірибесі мен зерттеулерін біріктіріп, «Шевронның» қолдауымен бұл қорқынышты цифрларды, кедергілерді  жоюға тырысуда.

Балалар денсаулығы бұл салғырттықты кешірмейтін сала. Сондықтан қор жетекшілері әрдайым өз қайырымдылық жұмыстарын  кезең-кезеңге бөліп, нақты зерттеп барып жүзеге асырады.

Бірінші кезең - бұл бала және ана денсаулығын қорғау департаменті , ҚР-дың Денсаулық сақтау Министрлігі және жергілікті денсаулық сақтау басқармасымен тығыз байланыс орнату. Қай өңірге қандай құрылғылар апару қажеттігі  аталған органдардан статистикалық мәлімет алу арқылы анықталады.

Екінші кезең - ауруханалар мен перинаталдық орталықтарға қажетті жоғарғы сапалы құрылғыларды іздеу. Аппараттар мамандарға қай кезде де жоғарғы деңгейде қызмет көрсету үшін пайдалы болуы керек. Сондықтан олар сатып алынбас бұрын, дәрігерлердің қажеттіліктері жіті тексеріледі.

Үшінші кезең бұл әрине – дәрігерлердің біліктілігін арттыруға, жаңа аппараттармен жұмыс жасауды үйретуге арналған курстарды ұйымдастыру. Медицина саласы күн өткен сайын дамып жатқандықтан мамандардың қажетті дүниені алып қана қоймай толықтай игеруіне көмектесу де қордың негізгі жұмыстарының бірі.

Біліктілікті арттыру курстары кімге арналған?

Жалпы «Аяла» қоры еліміздегі бала дәрігерлерінің біліктілігін арттыру курстарын 2009 жылдан бері өткізіп келеді.  Жыл сайын оффлайн форматта «Шеврон»компаниясының қаржылай қолдауымен  Еуродақтың және ТМД мемлекеттерінің жетекші мамандарымен тегін курстар тұрақты ұйымдастырылып отыр. 10 жыл ішінде 500-ден астам дәрігер осы оқулардың жемісін көруде. 2019 жылы бұл жобаны кеңейту қолға алынады. Негізгі мақсат-тегін курстарға еліміздің ірі қалаларындағы ғана емес кез келген ауыл-аймағында еңбек етіп жүрген мамандарды қатыстыру. Осылайша «Аяла  онлайн-академиясы» платформасы пайда болады.  

Бұл идеяны да жүзеге асыруға қолдау білдірген «Шеврон» компаниясы еді.  Ал қордың ұжымы бұл жобаны әзірлеу үшін елдегі карантинге қарамастан қашықтықтан жұмыс жасап, уақытында тапсырды. Соның нәтижесінде неонатолог-дәрігерлерге Қазақстанның кез келген нүктесінен  қазақ және орыс тіліндегі тегін бейнежазбалар қолжетімді.   Курстарды әлемнің жетекші тәжірибелі неонатолог-дәрігерлері  әзірлеп  балалар реанимациясы, неонаталдық патология және шала туылған нәрестелерді күту бойынша іс-тәжірибелермен бөліседі. Осылайша  платформа жылына жүздеген медицина қызметкерлеріне  қосымша кәсіби білім беруге мүмкіндік тудырып отыр.

Қазіргі уақытта порталда 3 курс орналастырылған:

«Жаңа туылған нәрестелерге өкпенің жасанды вентиляциясы және қарқынды терапиясы», «Неонатологияда амплитудалық электроэнцефалографиялық мониторларды қолдану», «БАЗ-ды минималды инвазивті енгізу».

Ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін тағы 4 курс дайын болады деп жоспарлануда.  Олардың екеуі дәрігерлерге арналған:  «Жедел неонатальды асфиксия және ауыр гипоксиялық ишемиялық энцефалопатия» және «Аурухана инфекциясы. Жаңа тәсілдер». Мейірбикелерге арналған  тағы екеуі: «Реанимация бөліміндегі күтімнің негізгі принциптері» және «Жаңа туған нәрестені күту және реанимация бөліміндегі инфекциялық бақылау» деп аталады.

Бүгінде «Аяла» қоры Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі денсаулық сақтау және білім беру мекемелеріне көмек көрсетеді. Оның ішінде біздің  Атырау облысы да бар. Осы уақытқа дейін қордың бастамасымен облыстық ауруханалардың балалар реанимация бөлімшелері мен облыстық перинаталдық орталыққа медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған. Мектеп-интернаттар мен балалар үйлеріне көмек көрсетілген. Негізінен қор  «Шеврон»  компаниясының қолдауымен Қазақстанның үш қаласында – Нұр-Сұлтан, Алматы және Ерейментауда қарқынды жұмыс жасап отыр.

«Аяланы» біз де қолдаймыз!

Елімізде осындай еңбегі елеулі, жұмысы жемісті қордың, ұжымның барын естіген күннен-ақ Махамбет ауданындағы көмекке мұқтаж балапандар мен ата-аналар, оларға қолдау білдіріп отырған орталықтар ойыма оралды. Солардың бірі №8 Махамбет аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті. 25 адам еңбек ететін үлкен ұжымда күні бүгінде 100 бала тәрбиеленіп отыр. Мұндағы балалардың негізгі диагноздары психологиялық дамудың тежелуі ,сөйлеу дамуының тежелуі, ақыл-ой кемістігі  және психологиялық ауытқулар. Олардың басым бөлігі туабітті осы аурумен алысып жүрсе, енді бірі кейін пайда болған кеселемен күресуде. Түзеу кабинетінің басшысы Гүлбану Төлеуова мемлекеттік мекеме болса да балаларға қажетті құрал-жабдықтар әлі де қажет екенін айтып отыр. Әсіресе, соңғы уақыттары емдеу барысында жақсы нәтиже беріп отырған сенсорлы бөлмені жабдықтауды ойға алып жүр екен. Бір жылда 20 шақты баланың денсаулығын дұрыстауға ықпалдасып, мектеп қатарына қосып отырған орталық мамандарына тәжірибе алмасып,  біліктілікті арттыру курстарынан өту де артық етпес еді.

Ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тағы бір мемлекеттік мекеме «Арнаулы қызметтер көрсету аумақтық орталығы» . Бүгінде  орталық тізімінде 13-тен астам бала бар. Ұжымдағы мамандардың негізгі мақсаты туабітті дертке шалдыққан 1,5 жастан-18 жасқа дейінгі балаларды қоғамға бейімдеу. Қазіргі таңда 2 логопед, 2 әлеуметтік медбике және 1 психологты қосқанда 11 адам еңбек ететін мекеменің дербес орталық ретінде ашылғанына небәрі 3 жыл болған. Мұндағы көмекке мұқтаж балаларға психо-неврологиялық ауытқу, дцп, аутизм, дауна секілді диагноздар қойылған.  Орталық басшысы Гүлнар Нұрқиева орталыққа ЛФК емдеу - сауықтыру құралдары мен логопед мамандардың жабдықтары жетіспейтінін айтып отыр.  Дерті ауыр болса да өмір үшін күресіп, тырымысып жатқан осы орталықтағы балапандар мен мамандарға  да көп қолдау қажет екені сөзсіз. Аталмыш екі орталық басшысы да елімізде осындай ауқымды қордың нәтижелі жұмыс атқарып жатқанына қуанып, болашақта мамандармен байланыс орнатуға ниетті екендерін білдірді.

«Аяла» деген сөздің өзі адам жанына ерекше жылулық, мейірім сыйлайды. Адам өмірде кімді аялайды? Әрине, ата-анасын, сүйген жарын, сүйікті баласын, бауырын, айналадағы өзіне мұқтаж барша тіршілік атаулыны. Аялау ол - қамқорлау, көмектесу, қиын сәтте қолдау, демеу болу. Тек қаржылай ғана емес бір ауыз жылы сөзіңізбен де. Жылдар бойы қоғамдағы мұқтаж балаларға, ата-аналарына аялы алақанын тосып, қамқорлық күшін көрсетіп келе жатырған «Аяла» қорының еңбегі еш өлшеусіз. Ұлт болашағы үшін дені сау ұрпақ өсіп-өнуін қамтамасыз етіп отырған жобаның ауқымы бұдан да кеңейіп, ал көмекке мұқтаж балапандардың саны жыл сайын азаяды деп сенеміз.

А.САТАЕВА

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521