Аудандық сотта «Сот жүйесіндегі технологиялар» тақырыбында ашық есік күні өткізілді.
Оған Е.Ағелеуов, О.Шонаев, Д.Төленов мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушылары, ұстаздары А.Уәп, Ф.Оразбаева, Г.Хасанова, А.Тлепова, С.Купашев қатысты.
Ашық есік күнін ашқан сот төрағасы Б.Кадыргалиев оқушыларға соттың негізгі қызметі, соңғы жылдардағы сот саласында жүргізілген реформалар жөнінде түсіндірді. Сонымен қатар Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде еліміздің сот жүйесінде маңызды өзгерістер орын алғанын, соттарда заманауи технологияларды қолдану іс жүргізуді жеңілдетіп, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етуге, азаматтарға қаражаты мен уақытын үнемдеуге мүмкіндік беріп отырғанын мәлімдеді.
Бұл сот ісін жүргізуді автоматтандырып әрі оңтайландырып, ақпараттық технологияларды дамытып, бюджет қаражатын үнемдейді. Кездесу барысында соттың кеңсе меңгерушісі Г.Сағынова меймандарға сот ғимаратын аралатып, бүгінгі таңда сотта қолданылып жатқан «Сот кабинеті» сервисімен, мобильді «Сот кабинеті» қосымшасымен, сот отырысы залдарында орнатылған АБТ (АВФ) құрылғыларымен, кеңсе жұмысымен, тағы басқа информациялық технологиялармен таныстырды.
Сонымен қатар сот отырысының хатшысы, бас маман К.Туленова көрнекілік ретінде сот өндірісіндегі ақпараттық технологияларды пайдалану, әсіресе, мобильді «сот кабинеті» қосымшасы мен «Төрелік» сервисінің жұмысы туралы бейнероликтерді көрсетіп, таныстырғаны көкейге қонымды болды. «Электрондық сот төрелігін» халық және мүдделі мақсатты топтар арасында одан әрі дамыту, кеңінен тарату мақсатында өткізілген іс-шара жас ұрпақтың бойындағы қазақстандық патриотизмді нығайтып, мемлекеттілік пен тәуелсіздік құндылықтарын күшейтуге, құқықтық мәдениетін жетілдіруге ықпал етеді.
Шара соңында ұстаздары мен оқушылар кездесудің нәтижесінде сот жүйесіне қатысты көптеген маңызды ақпарат алғандарын айтып, алғыстарын жаудырды.
К.Сапарқызы